Демалыс күндері қалада қатты жаңбыр жауып, көшелер мен үйлерді су басып қалды. Қазір коммуналдық қызмет мамандарына дамыл жоқ. «іKomek» қызмет көрсету орталығына тұрғындардан толассыз шағымдар түсіп жатыр. Табиғаттың тосын мінезіне қарсы күрес қалай жүріп жатыр?
Демалыс күндері әлеуметтік желі осындай бейнежазбаларға толып кетті. Петропавлда нөсер жауын болып, көшелерді су басып қалды. Содан бері Данbил Поповқа ұйқы жоқ. Ол үй ішіне кірген суды көшеге ағызып әлекке түсіп жатыр.
Даниил Попов, қала тұрғыны:
- Жаңбыр суы ең алдымен аулаға жайылып, кейін үйдің ішіне кірді. Коммуналдық қызмет мамандарына 3 рет хабарластым. Ешкім келмеді. Қазір сорғы құрылғысын қосып қойдым. Бірақ оның қуаты жетпейді.
Ал Галина Сергееваға көмек бүгін таңертең келді. Төтенше жағдайлар қызметкерлері қуатты қондырғы қойып, жаңбыр суын құдыққа ағызып жатыр. «Енді еден тақтайлары шіріп кететін болды», - дейді ол.
Галина Сергеева, қала тұрғыны:
- Үйім мен ауламды толық су басты. Жарты күн жарық болмады. Жиһаздар бүлінді. Кейбір заттарды жоғарыға көтеріп қойдық. Мамандарға кеше хабаларласқам, бүгін келді әйтеуір.
Қалада сенбі кешке басталған жаңбыр 1,5 тәулік тоқтамай жауды. Қатты нөсерден көшелер, үйлер мен әлеуметтік нысандардың жертөлесі суға толып кетті. «iKomek» қызмет көрсету орталығына 100-ден аса қоңырау шалынған.
Бердімұрат Баймұқан, қалалық ТҮКШ бөлімінің баспасөз хатшысы:
- 20 астам техника су сорғызатын, канал жуатын техникалар шықты. 80-нен астам адам жұмыс істеді. Сондай-ақ 30-дан астам мотопомпа жұмыс істеді. Кеше қала бойынша 15 тұрғын үйде қысқа мерзімге электр энергиясы өшірілді.
Синоптиктердің айтуынша, демалыс күндері жаңбырдың бір айлық мөлшері жауған. «Оған қаладағы нөсерлік кәріз желілері шыдамайды», - дейді мамандар. Сондықтан бұл жағдай тағы да қайталануы мүмкін.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков