Былтыр Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары кибералаяқтарға 1 миллиард 400 миллион теңге аударған. Шығын көлемі өткен жылмен салыстырғанда 1,5 есеге артқан. Қылмыскерлер әдеттегідей өздерін денсаулық сақтау саласының қызметкері, байланыс операторы, коммуналдық мекеме және пошта өкілі ретінде таныстырып қоңырау шалады. Полиция департаменті хабарлағандай, қазір 120 қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталды. Оның аясында 526 миллион теңге өтелді. Жуырда сот интернет-алаяқтарына көмектескен алты адамға үкім шығарды. Олар 5 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.
Милена Балацкая, облыстық ПД басқармасының аға жедел уәкілі:
-2025 жылдың қорытындысы бойынша азаматтардан полицияға 900-ден астам хабарлама түсті. Онда тұрғындар өздеріне алаяқтар қоңырау шалғанын жеткізіп, сақтық танытты. Бұл тұрақты түрде жүргізіліп жатқан профилактикалық жұмыстардың нәтижесі. Яғни халықтың қаржылық сауаттылығы артып келеді.