Батыс Қазақстан облысында аса ірі көлемде қазына қаржысы қолды болды. Мемлекеттік кәсіпорындардың бірінің бас бухгалтері мекеме есепшотындағы ақшаны заңсыз иемденген. Лудоманияға шалдыққан есепші қаражатты букмекерлік кеңселердің бірінде бәске тіккен. Еркінсігені сонша, ұрланған қаржының қалғанына су жаңа автокөлік сатып алған. Мемлекетке келтірілген залал 118 миллион теңге. Жалпы түрлі лауазымдағы жауапты тұлғалардың құмар ойындарға салынуы өңірде жиі кездеседі. Тек өткен жылы прокуратура органдарының қадағалау актісі негізінде букмекерлік кеңселерді жағалап жүрген мемлекеттік органдардың 16 қызметкері жұмыстан босатылған.+
Қайрат Құлекешев, БҚО прокуратурасының басқарма бастығы:
-Қазір Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 189-бабы, 4-бөлігінің 2-тармағына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Тергеуді арнайы прокурорлар жүргізуде. Сот санкциясымен күдікті тергеу изоляторында қамауда отыр, автокөлікке тыйым салынды.