Ақтөбе әкімдігі ғимаратындағы өрттің алдын ала себебі белгілі болды

  • 8
  • 08.04.2026, 21:32

Ақтөбе облысы әкімдігі ғимаратының шатырынан шыққан өрттің алдын ала себебі айтылды. «Электр желісінің қысқа тұйықталуынан от тұтанған болуы мүмкін», - дейді төтенше жағдайлар қызметінің мамандары. Қазір қылмыстық іс тіркеліп, арнайы комиссия нақты себебін анықтап жатыр. Ғимараттың техникалық жағдайын бағалау үшін сарапшылар тартылған. Әкімдік қызметкерлері түске дейін онлайын жұмыс істеді. Түстен кейін қалыпты режимге көшеді. Ғимарат соңғы рет 2022 жылы жөнделген. Ал екі жыл бұрын өрт қауіпсіздігі тексеріліп, төтенше жағдай кезіндегі іс-әрекеттерді пысықтайтын оқу-жаттығу жүргізілген.

Айбат Жаңабергенов, облыстық ТЖД бастығының бірінші орынбасары:

-Әкімдік ғимаратының шатыры ағаш жабындылармен жабылған. Болжам бойынша қазір мына өрттің шығу себебі қысқа тұйықталу деп есептеп отырмыз. Токтардан кетуі. Сол себепті мына ток көздерінің, астындағы кабельдердің басқа да жануы себеп болуы мүмкін тез таралуына. Полиция департаментінен, біздің төтенше жағдайлар департаментінен сол барлығын анықтағаннан кейін қосымша біз шығынын және өрттің нақты неден болғанын айтатын боламыз.

Әлібек Байнешов, облыстық Ішкі саясат басқармасының басшысы:

-Алтыншы қабатта ғана су өтіп бүлінген кабинеттер бар. Басқа кабинеттердің барлығы жұмыс орындары таза. Жұмыс жалғастыруға мүмкіндік бар. Енді бұл жерде бір нәрсе онлайнға неге жібердік? Кеше төтенше жағдай болған кезде электр қуаты өшірілді.