Қазақстанда фишингтік SMS таратқан қылмыстық топ ұсталды. Қаржылық мониторинг агенттігі Бас прокуратура және «TELE2» ұялы байланыс операторының киберқауіпсіздік мамандарымен бірлесіп қылмыстық топтың заңсыз әрекетін тоқтатты. Қаскөйлер азаматтардың деректері мен ақшасын ұрлау үшін ұялы байланыс операторларының SMS-бластерін пайдаланған. Ол шамамен 300 метр радиуста сигнал таратып, телефондардың автоматты түрде соған қосылуына және қорғанысы әлсіз желіге ауысуына себеп болған. Нәтижесінде, қолданушылардың телефондарына жалған SMS-хабарламалар түскен. Қамту аясын кеңейту және жасырыну мақсатында жабдық автокөлікке орнатылып, адам көп жиналатын орындарда қолданылған. Жалған хабарламалар Beeline және Halyk Bank атынан жіберілген. Онда жиналған бонустарды айырбастау ұсынылған. Сілтемелерді пайдаланған тұтынушылар фишингтік сайттарға кіріп, тауар таңдағаннан кейін олардан жеке және банк деректерін жазу сұралған. Осылайша, қаскөйлер азаматтардың банктегі қаражатын қолды қылған.
Ернар Тайжан, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі:
- Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде қылмыстық топ схеманы жүзеге асырудың бастапқы кезеңінде анықталып, ұсталды. Қазіргі уақытта төрт күдікті ұсталып, қамауға алынды. Тергеу жалғасуда. Осыған байланысты Қаржылық мониторинг агенттігі азаматтарды цифрлық қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады.