Биыл 400-ден астам адам интернет алаяқтық үшін жауапқа тартылды

  • 14
  • 08.04.2026, 21:35

Еліміздің құқыққорғау органдары интернет алаяқтыққа қарсы күресті күшейтті. Тек биыл 400-ден астам адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Ел тұрғындарының сеніміне кіріп, қалтасын қағуды ойлайтын қаскөйлерді өзге мемлекеттердің аумағынан ұстау ісі де қолға алынды. Бұл туралы алаяқтарға қарсы күрес тақырыбына арналған форум барысында айтылды. Қаржы жымқыруды көздейтіндермен енді банк, финтех және кибер қауіпсіздік саласының мамандары да бірлесе әрекет етеді.

Форум интернет арқылы әрекет ететін алаяқтармен күрес жүргізетін бірнеше министрлік пен салалық мекеме өкілдерінің басын босты. Әрқайсының тәжірибесі мол. Ал статистикалық деректерге сүйенсек, тек өткен жылы 6 мыңнан астам қылмыс ашылып, 1750 адам жауапкершілікке тартылған. Биылғы жылдың алғашқы тоқсанында да заңсыздықтар тіркелді. 

Әлібек Оразалы, ҚР ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары:

-Биылғы жылы 3 айда 447 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Бұл дегеніміз біз қазіргі таңда алаяқтармен күресу барысында, жан-жақты тек қана ішкі істер министрлігі емес, бұл жерде атап өткім келеді басқа да өкілетті мемлекеттік органдар бар, IT саласындағы әріптестеріміз, банк өкілдерінің қызметкерлері. Барлығымыз бірлесіп күресіп жатырмыз. Нәтижелері бар. 

Қазақстандықтардың қалтасын қаққан алаяқтар жуырда Украина аумағында ұсталған. 80-нен астам адам қолға түсіп, 8-і қамауға алыныпты. Бұл халықаралық ынтымақтастықтың нәтижесі. Ал телефон соғып, жеке деректерді сұрайтындардан сақ болуды ескерту ел ішінде қарқын алған. Белсенді жүргізіліп жатқан «Қарызсыз қоғам» жобасының бір тармағы куберқылмыспен күресуге арналған. Мамандар осы бағыттағы жұмыс енді күшейетінін айтады.   

Данияр Ақмолдаев, Жетісу облыстық мәслихатының депутаты:

- Биылғы жылғы жалпыхалықтық референдумда қабылданған Конституцияның негізгі бөлімдерінде цифрландыру деген бөлім бар. Бұл бірінші қалқан болып есептелінеді. Біз халыққа осыны жеткізіп, ертеңгі күні біздің жеке дереккөздерімізді заңмен шектейтін болсақ, біз ешкімнен қорықтайтынымызды, адам бойында үрейдің болмайтындығын айтып жатырмыз.

Ғаламтор желісі арқылы әрекет ететін алаяқтармен күрестің нәтижесі де жоқ емес. Биылғы бірінші тоқсанда тіркелген бес мыңнан аса дерек өткен жылдың сәйкес кезеңінен салыстырғанда 6,5 пайызға аз.  

Бейбіт Біржанов, ҚР ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма бастығы:

- Бұл кешенді жұмыс қорытындысы деп толықтай пайымдауға негіз береді. Яғни технологиялық тұрғыдан заңнамаға өзгерістер енгізу арқылы және алдын алу шаралары нәтижелері деп толықтай пайымдауға негіз береді. Бұл дегенеміз технологиялық тұрғысынан байланыс операторларымен бірлесіп, Қазақстан Республикасының аумағында шетел мемлекеттерден  фрот алаяқтық қоңырауларды бұғаттауға жұмыс жүргізілуде. Яғни антифрод жүйесінің іске қосылуынан бастап бүгінгі таңға 100 млн астам қоңыраулар бұғатталды.

Бүгінде елде интернет алаяқтыққа қарсы бағытталған заң күшіне енген. Оның аясында енді өз есепшотын дропперлікке пайдаланған адам қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Аманжол Байғазин