Костенко шахтасында қалған соңғы кенші табылмай жатыр
Костенко шахтасында болған апаттан кейін іздестіріліп жатқан соңғы кенші әлі табылмай жатыр. Қазір барлық құтқару қызметінің күш-жігері оны табуға жұмылдырылған. Мамандар апат болған лаваны түгел торып шықты. Енді көмір таситын конвейерлердің асты қаралып жатыр. Ал ауруханаға жеткізілген науқастардың басым көбінің жағдайы қалыпты.
Еске салсақ, өткен сенбі, түнгі сағат 02:30 шамасында Қарағанды қаласындағы Костенко шахтасында метан газы жарылып, салдарынан 45 кенші қаза тапты. Апат орнында 252 кенші жұмыс істеп жүрген. Бүгінгі күні 24 кенші дәрігерлердің бақылауында.
Бибігүл Төлегенова, денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
- Барлық науқастың гемодинамикасы тұрақты. Жағдайының нашарлауы байқалмады. «Профессор Х.Ж.Мақажанов атындағы көпбейінді ауруханасының» токсикология бөлімінде улы газдан уланған жеңіл және орташа ауырлықтағы 20 пациент бар. Олар дитоксикация мен симптоматикалық ем алуда.