ШҚО-да өзен суы тасыды
Риддерде «Хайриузовка» өзенінің тасуына не себеп болғанын арнайы комиссия анықтайды.
Естеріңізге салайық, кеше түнде шаһар ішімен өтетін «Хайриузовка» өзені арнасынан асып, маңайындағы 2 үй мен 6 ауланы су басып қалды. Бірден жедел штаб құрылып, баспана мен аулаға жайылған су сорылды. «Енді үйдің іргетасын кептіру керек», - дейді мамандар.
Қала басшысының айтуынша, бұл жағдайға жергілікті су электр станциясының қоймадан шамадан тыс су босатуы себеп болуы мүмкін. Оның үстіне қар мен мұздан кептеліс туындап, соңы осындай жағдайға ұласуы ықтимал.
Дәулет Батырбаев, Риддер қаласының әкімі:
- Бұл дерек бойынша комиссия толыққанды тексеру жүргізеді. Кінәлілер анықталса, заңға сай жауапкершілікке тартылады. Қазір тұрғындарға қауіп жоқ. Олар эвакуациялық пункте барудан бас тартты. Су деңгейі төмендеді. Енді шығын көлемі есептеліп жатыр.