Хабар телеарнасы

Жауапкершілік жүгі жеңіл болмайды - Берік Уәли

Ірі инфрақұрылым жобалары, цифрландыру және жасанды интеллект, ядролық энергетиканы дамыту, агроөнеркәсіп кешенін нығайту және инвестиция тарту. Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында атқарушы биліктің міндеті мен негізгі бағдарын осы салалардың төңірегінде тізіп, белгілеп берді. Халықтың сұранысы негізінде қойылған үлкен міндеттің жауапкершілігі де жоғары. Бұл туралы «Айқын» газетіне берген сұхбатында Президенттің кеңесшісі - баспасөз хатшысы Берік Уәли мәлімдеп, Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасының маңызына тоқталды. 

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы саясат­та­ғы ұтқырлықты әлеуметтік-экономикалық да­му­дағы нақты қадамдармен үйлестіруді жөн са­найды. Яғни ре­­­формалар қағаз бен сөз жүзінде қалмай, елдің әл-ау­қатынан көрініс табуға тиіс. Ол үшін:

Берік Уәли, ҚР Президентінің кеңесшісі - баспасөз хатшысы:

-Ел экономикасын әртараптан­дыру – өте маңызды бағыт. Соның ішінде осыған дейін оң өсім тіркеліп келе жатқан өңдеу өнеркәсібіне барынша жағдай жасалып жатқанына тоқталды. Ерекше назар ау­даратын дүние, ірі өнеркәсіп жобаларының іске асырылуы баяу жүріп жатқанын сынға алды. Оны елден шы­ғар­ылған заңсыз активтерді қазынаға қайтару ісімен қатар жүргізу қажеттігін айтты. Үкіметке орта буындағы кәсіпорын­дар шоғырын қалыптастыру туралы тап­сырма берді. Агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін арттыру бағытындағы маңызды бастамалар бар. Екін­ші деңгейлі банктердің экономиканы қаржы­ландыруы тұрғысынан нақты міндеттер жүктеді. Игерілуі күрделі кен орындарын эконо­ми­калық ай­налымға қосу туралы ойымен бөлісті.

Аталған міндеттерді айту бөлек, оны іске асыру нақты қадамдармен айшықталады. Инвестиция керек. Президент кеңесшісі атап өткендей былтыр Қасым-Жомарт Тоқаев 20-дан астам елге сапармен барды. Мемлекет басшыларымен, бизнес өкілдерімен кездесіп, қаражат тартуға бастамашы болды. Себебі инвестицияға сұранып тұрған жаңа бағыттар бар.

Берік Уәли, ҚР Президентінің кеңесшісі - баспасөз хатшысы:

-Қазір әлемде сирек кездесетін металдарды өндіру мен өңдеуге артып келе жатқан сұранысты тиімді пайдалану керек. Осы мақсатта еліміздің әлеуетін дұрыс іске асырған жөн. Мәселен, Үкімет басшысы елімізде аталған бағытта 17 кен орны ашылғанын айтты. Оның ішінде литийдің орны ерекше. Міне, осы салаға инвестиция тартылса, озық технологиялар келсе, шетелдік және отандық инвестор­ларға бірдей жағдай жасалса, еліміздегі инвестициялық климатты айтарлықтай жақсарта түсетіні анық. Қазір бұл тарапта геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу үшін инвесторларға үлкен мүмкіндік беріліп отыр. Яғни олар өз шығындары есебінен әрі барлау жүргізеді, әрі жер қой­нау­ын пайдалану құқығына ие болады. Осы ретте елімізде Жер қойнауын пайда­лану бойынша реформа жүргізіліп, оның заң­намалық платформасы әзірленіп жа­тыр.

Берік Уәли атап өткендей, Президент инфрақұрылымдық даму, энергетика жүйесі және көлік транзиттік бағыттарға да баса мән беріп отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Мойынты – Қызылжар» бағытында жаңа теміржол құрылысын бастауды тапсырамын. Сондай-ақ Қызылжар бекетінен Ақтау портына дейінгі күре жолдың қозғалысы аса көп учаскелерін жаңғырту керек. «Алтынкөл – Жетіген» теміржолын да кеңейту қажет. Бұл Қытай мен Орталық Азия арасындағы көлік дәлізінің әлеуетін едәуір арттырады.

Бұдан бөлек Президент атом электр стансасының құрылысына айрықша тоқталды. Әңгіме станса салып алып, болдым, толдым деу емес, ядролық класстер құруда. Атом саласының ұзақ мерзімді жоспарын құруды тапсырды. Бұл энергетикалық тәуелсіздіктің стратегиялық қамы. Сондай-ақ цифрландыру, жасанды интеллектіні енгізу міндеттері заман талабы. Сонымен қатар әлеуметтік міндеттер де назардан тыс қалмайды. Өткен жылы ауыл аймақтарда алғашқы дәрігерлік көмек көрсететін 460 жаңа нысан салынса биыл тағы 200-і қолданысқа беріледі. Одан бөлек 32 аурухана жөнделеді. Жемқорлардың желкесінене шығарылған ақшаларға Жайлы мектеп жобасы іске асып, биыл ол аяқталмақ. Президент елге лақап ат берушілерге неге шүйлікті? Бұл мәселенің төркінін Берік Уәли былай деп түсіндірді.

Берік Уәли, ҚР Президентінің кеңесшісі - баспасөз хатшысы:

-Еліміздің жақсы атын ел азаматтары шығарады. «Заң мен тәртіп» қағидаты да осыған негізделген. Біз өзіміздің құ­қығы­мызды қалай қорғасақ, мемлекетіміз­дің де беделін солай сыйлауға әрі қорғауға тиіспіз. Сонда ғана еліміздің еңсесі кө­тер­­іледі. Сол үшін бір-бірімізді бекер жәбірлемей, ортақ игі іске жұмылып, мем­­лекетшілдік сананы орнықтыра бер­геніміз жөн. Қадыр Мырза Әлінің «Тәу­ел­сіздікті сәт сайын қорғау керек» деген қанатты сөзі бар. Мемлекеттің ар-намысы әр азаматының ұяты мен ожданына ай­на­луы керек.

Жалпы жұмыс көп. Үлкен міндет үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Сол үшін де Мемлекет басшысы стра­те­гиялық бағыттарды белгілеп, желдің қай жақтан соғатынын, оған қарсы амал­дарды санамалап айтып берді. Ендігісі бел шешіп кірісу. Іске сәт.

Авторы: Берік Дүйсенбай