Бір миллионға жуық ауыл тұрғынын қолжетімді медициналық көмекпен қамту үшін ұлттық жоба іске асырылып жатыр. Алайда пайда болуы тиіс 655 жаңа нысанның 200-ге жуығы әлі салынбаған. Сондай-ақ аудандық деңгейдегі ауруханаларды тұрғызу ісін жеделдету қажет. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында айтылды. Ал бұдан былай құрылыс саласында бірыңғай ақпараттық жүйе іске қосылатын болады. Ол жұмыс қарқынын бақылауға мүмкіндік бермек.
Қазір «Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы іске асырылып жатыр. Соған сәйкес 655 нысан салу жоспарда. Бүгінге дейін 467-сінің ғана құрылысы аяқталған. 188-і жоспар күйінде. Министрдің айтуынша, елімізде заманауи үлгіде салынған орталық аудандық аурухана саны әлі аздық етеді.
Ақмарал Әлназарова, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
-2025 жылдың соңына дейін 12 көпбейінді орталық аудандық аурухана жаңғыртудан өтіп, пайдалануға беру жоспарланып отыр. Тиісті республикалық бюджет комиссиясының шешімі бар. Осы ауруханалардың жаңадан ашылатын бөлімшелеріне қосымша 98 медицина қызметкерлерін даярлап жатырмыз. 2026 жылдың жылдың соңына дейін қалған 14 нысан жұмыстары аяқталады.
Денсаулық сақтау саласындағы кадр тапшылығын шешудің бір амалы ауылға барып жұмыс істейтін мамандар үшін біржолғы ақшалай төлем беріледі. Оның көлемі 8,5 млн теңгеге жетеді. Бұдан өзге, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында қолдау тағы бар. Ал медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін күшейту үшін жедел жәрдем қызметкерлері бейнежетондармен қамтылмақ. Пилоттық жоба 2025 жылдың соңына дейін Астана мен Алматыда іске қосылады. Кейін мұндай жетондар емханалардағы дәрігерлерге беріледі. Министр айтқан тағы бір жаңалық, ұлттық жобаны іске асыруға заңсыз активтерді қайтару есебінен де қаржы бөлінеді. Қазірдің өзінде арнаулы мемлекеттік қордан 31 млрд теңгеден астам қаражат қаралған. Үкімет басшысы құрылысты созбалаңға салған өңірлерге нақты тапсырма берді.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
-Бүгінгі таңда бес өңірде, атап айтқанда, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарында объектілердің құрылысы толығымен аяқталды. Қалған өңірлерде ұлттық жобаны іске асыруға қатысты белгілі бір тәуекелдер бар. Өңір әкімдері тарапынан дәл осы жобалау және құрылыс жұмыстарына бақылаудың аз болуы, ұлттық жобаны іске асыру мерзімдерінің созылып кетуіне алып келеді. Нысандарды уақытылы тапсыру үшін құрылыс маусымын тиімді пайдалану керек. Ал құрылыс саласында енді цифрлық шешімдер көптеп енгізілетін болады. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі бірыңғай портал құруды қолға алған. Ол құрылыстың бастапқы жобалау, жоспарлау кезеңдерінен салынып біткенше толық бақылау жүргізуге мүмкіндік бермек. Қуандық Қажкенов, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі:
-Қазіргі уақытта жүйе 89 қаланың қалалық жобаларын және инженерлік инфрақұрылымның 92,4% қамтиды. Қала құрылысы қызметінің ашықтығын, қала жобаларын әзірлеу мен іске асырудың сәйкестігін қамтамасыз ету үшін министрлік пен құрылыс объектісінің бірегей нөмірін енгізу бойынша жұмыстар атқарылды. Бұл құрылыс басталғаннан бастап, пайдалануға берлігенге дейін құжаттардың нысаналы мақсатқа сәйкес тексеруге мүмкіндік береді.
Бұдан былай құрылыс жұмыстарын жүргізгенде қала жоспарына нақты сәйкес келуі қатаң бақылауға алынады. Бұдан өзге, болашақ ғимаратты салуда болуы мүмкін деген қателіктерді алдын ала анықтап, жоюға мүмкіндік беретін БИМ технологиясы енгізілмек. Ал сарай, күрке, жазғы ас үй секілді нысандарды бұзу үшін енді рұқсат сұрап, түрлі мекемелерге барудың қажеті жоқ.
Дмитрий Мун, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі:
-Біз мұндай нысандарды бұзу үшін жеке рұқсат талап етпей, оны қарапайым хабарламаға ауыстыруды ұсынамыз. Қазіргі уақытта бұл үшін азаматтар әртүрлі мекемелерге барып жүгінуі керек болса, біз бұл процесті толығымен «Мемлекеттік қала құрылысы кадастры» жүйесі арқылы автоматтандырғымыз келеді. Нәтижесінде қызмет алу қадамдары 87%, ал қажетті құжаттар саны 86% қысқарады.
-Мемлекеттік қала құрылысы кадастрын, үй құрылыс порталын және ақпараттық моделдер банкін енгізе отырып, біз қағаз жүзіндегі құжат айналымынан түпкілікті цифрлық процестерге көшеміз. Бүгінгі таңда инженерлік инфрақұрылымның 90% астамы цифрландырылды. Енді Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша осы жылдың соңына дейін біріңғай ақпараттық жүйе іске қосылады. Олжас Бектенов Қазақстанның бірнеше елді мекенінде нақты шекаралардың бекітілген бас жоспарлармен сәйкес келмейтінін сынға алды. Бұл сәйкессіздіктерді биылғы қыркүйек айына дейін жоюды тапсырды. Жалпы елімізде құрылыс жұмыстарының қарқыны жоғары. Биылғы жылдың бірінші тоқсанында оның көлемі 1 трлн теңгеден асқан.
Әнуарбек Мырзатайұлы, Аманжол Байғазин