Астана халықаралық форумы несімен маңызды?

  • 198
  • 29.05.2025, 18:52

Алқалы жиынға келген 7 мыңнан астам қатысушы және 600 делегат екі күн бойы түрлі саланың сарапшыларымен бірлесіп, мемлекетаралық ынтымақтастықтың моделін, жаһандық жаңа әріптестік құру тетіктерін талқылайды. Сондықтан осы алаңды пайдаланып, Қазақстанның инвестициялық, экономикалық, басқа да басым бағыттардағы әлеуеті мен мол мүмкіндіктерін меймандарға паш ету маңызды. Салаға жауаптылар мен сарапшылар не дейді? Осы ауқымды шараны өткізуге 4,5 млрд теңге жұмсалғаны рас па?

Бұл сұрақты сыртқы істер вице-министрі Әлібек Қуантыровқа қойдық, ол жоққа шығармады. 4,5 млрд шығын ертең 4,5 млрд доллар болып айналып келеді деді.  

Иә, Қуантыров мырзаның айтқаны айдай келіп жатса, әрине, қуанышты жаңалық болмақ. Қазірдің өзінде IT компаниялардың инвестициялық қызығушылықтары бар екен.
 
Сыртқы істер министрлігі алдағы күндерге бірнеше кездесуді жоспарлап та қойған. Тіпті Қуантыров мырза форум аясында келісімдерге қол қойылып қалуы да ықтимал деп қуантып қойды. Ал Италияның бұрынғы премьер-министрі біздің агросаланы дамытудан зор мүмкіндіктер көретінін айтады.  
 
Маурицио Мартина, БҰҰ Ауыл шаруашылығы және азық-түлік жөніндегі ұйымы бас директорының орынбасары:

-Мен Италияның экс ауыл шаруашығы министрі ретінде Қазақстанның агроөнеркәсіп кешені, азық-түлік қауіпсіздігі бағытындағы көрсеткіштерінен орасан зор әлеует көремін. Басқаны былай қойып, бидай, арпа дақылдары негізінде-ақ жаңа азық-түлік жүйесін жасауға болады. Азық-түлік қауіпсіздігі мәселесінде Қазақстанның шешуші рөлін атап өткім келеді және ол Италия үшін ғана емес Еуропа одағы үшін өте маңызды.  

Жоғарыда форумға келгендердің дені іскерлік әлемінің ірі ойыншылары екенін атап өттік. Біздің елдің оларға деген қазіргі ілтипаты құшағымыз ашық, тек технологиямен келіңдер дегенге саяды. Әсіресе өңдеу, терең өңдеу саласына инвестиция салып, технология әкелетіндер үшін жасалатын жақсы жағдай жаңа Салық Кодексінде көрініс тапты.  
 
Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

 -Енді біздің өңдеу саласына келетін болса немесе сырттан технология әкелетін отырмыз. Келсін, өздерінің технологияларын алып келсін. Осы жерде зауыттарын ашсын, өңдеу саласымен айналыссын, жаңағы біздің логистикалық потенциалымызды пайдалансын. Сол кезде ол өзінің бизнесін дамытуға мүмкіндік алады. Міне негізгі халықаралық форумдарда біз осы тұрақтылық пен мүмкіндікті көрсете білуіміз керек.  

Еліміздің сыртқы сауда айналымына келсек, былтыр 81,6  млрд доллардың өнімін экспортқа шығарсақ, 60 млрд долларға жуық өнімді импорттаған екенбіз. Жиыны 141 млрд доллардан аса сомаға сауда-саттық жасалған. 

Иә, сауда-саттықты ілгерілетудің басты шарты ол көлік инфрақұрылымы мен транзит. Логистикалық игіліктер. Былтыр негізгі инфрақұрылымдық жұмыстар аяқталды. Биылғы меже теміржолдардың жаңа желісін қатарға қосу. Ол еліміз арқылы өтетін транзиттік жүк ағынын көбейтеді.  

Әлібек Қуантыров, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары:

-ТМТМ бойынша, анау орта дәліз бойынша, былтыр 62% өсуі болды. 4,5 млн тоннаға дейін. Ал енді жақын арада ол 2 жылдың ішінде біз 10 млн тоннаға жету керекпіз. Себебі біздің экспортымыз ол да, көбейтіп атыр экономика өсуімен бірге. Әрине бізге басқа да осындай дәліздер және маршруттар керек. Біздің экспортты жасау үшін.  

Жаңа маршруттар демекші, қазақ дипломатиясының жеңісі ретінде – Түрікменстан арқылы Иран айналып Түркияға шығатын бағытты айтуға болады. Бұл мүмкіндікке президенттің Түрікменстанға жасаған сапары кезінде қол жетті.

Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:  

-Қазақстан арқылы Түрікменстанға, Түрікменстаннан Иранға, Ираннан Турцияға шығу мәселесі. Мысалы, біз Түркия Иранға барсақ арнайы рұқсат құжатты аламыз. Сол рұқсат құжатты алуды мүлдем қазір жеңілдетіп тастадық. Ал енді Түрікменстаннан арнайы құжатты алу көп уақытты алады, соны жоюға келістік. Яғни осы 3 елдің арасында рұқсатсыз жүруге мүмкіндік алады. Енді екінші мәселе Жаңаөзеннен бастап Түрікменстанға 156 шақырым жолды жөндеу керек. Оны біз осы алдағы маусым айында бастаймыз. Келесі жылдың шілдесіне дейін толығымен бітіреміз деп жоспарлап отырмыз. 

Экономиканың салаларынан бөлек, жасыл энергетика, цифрлық технологиялар сияқты бірнеше бағытта қазір панельдік пікір алмасулар жүріп жатыр. Жалпы мемлекеттің алдында тұрған міндет -  даму көшінде өңірлік диспропорцияны қысқарту үшін елімізде орта классты орнықтыру десек, бұл форумның берері бар. Сыртқы істер вице-министрінің болжамынша, Астанадағы алқалы басқасу 7-ден 10 млрд долларға дейін инвестицияның келуіне алғышарт туғызуы тиіс.