Енді аса қымбат мүлік иелеріне «сән-салтанат салығы» салынады

  • 30
  • 23.06.2025, 18:30

Бұдан былай аса қымбат мүлік иелеріне «сән-салтанат салығы» салынады. Ол атап айтар болсақ, қымбат көлік, зәулім сарайлар үшін қолданылады. Бүгін Сенатта жаңа Салық кодексінің жобасы талқыланды. Құжатта салық түрлері мен есептілікті қысқартуға басымдық беріліпті. Бұл барлық салаға оң әсер ете қоя ма? Депутаттар неге алаңдаулы? 

«Сән-салтанат» салығын енгізу бұған дейін ұсыныс ретінде ғана айтылатын. Бүгін оның қандай заттарға салынатыны, тіпті құны да белгілі болды. Мәселен, жеңіл автомобильдер 75 ұшақ пен яхталар 100 млн теңгеден асатын болса, 10% мөлшерінде акциз алынады. Қымбат жер телімі мен баспана үшін де салынатын салық көлемі осындай шамада. Бұдан бөлек кей төлемдер біріктірілетін болыпты.    

Сұлтанбек Мәкежанов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Акциздік саясаттағы өзгерістер: алкоголь мен темекіге акциздер мөлшерлемесін кезең-кезеңімен ұлғайту, энергетикалық сусындарға акциздер мөлшерлемесін енгізу ұсынылады. Үш төлем бір төлемге біріктіріледі: орман және өсімдік ресурстарын, жануарлар дүниесін және жер үсті көздерінің су ресурстарын пайдаланғаны үшін төлем табиғи ресурстарды пайдаланғаны үшін төлемге біріктіріледі. Осылайша, он төлем жетіге дейін қысқарады. Бұдан басқа, 6 алым, 5 мемлекеттік баж алып тасталады.

Білім, медицина сияқты әлеуметтік сала үшін салықты кезең-кезеңімен арттыру көзделген. Ал ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін мөлшерлеме 3% деңгейінде қалады. Салықтық бақылау толықтай цифрландырылады. 

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы: 

- Кодекстің мақсаты – салық жүйесінің әділ, тиімді және жаңа экономикалық даму талаптарына сай болуын қамтамасыз ету. Осыған орай құжатта экономиканың түрлі саласында дифференциалды салық мөлшерлемесі қарастырылып отыр. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы өндірушілеріне, әлеуметтік және қоғамдық маңызы бар жекелеген салаларда жеңілдетілген мөлшерлеме белгіленді.

Экономиканың тұрақты өсуі салық саясатының тиімділігіне тікелей байланысты. Сондықтан да тек Парламенттің өзінде бұл құжат жарты жылға жуық талқыланды. Депутаттар тарапынан бүгін жаңа ұсыныстар да айтылды. 

Закиржан Кузиев,  ҚР Парламенті Сенатының депутаты:  

-Қазақстандағы тұтыну шығындарының 50% астамын азық-түлік тауарлары құрайды. Алайда ең қажетті тауарлар санатында бұл ескерілмеген. Менің айтып тұрғаным макарон өнімдері, жұмыртқа, өсімдік майы, шай және тағы басқа өнім өндірушілерге салық қандай болады? Екіншіден, ветеринариялық препараттар мен қызметтер үшін жеңілдіктер алынып тасталса, адамдардың оны пайдалануы қолжетімсіз болып кетпей ме? Дәрі-дәрмекті дұрыс қолдана алмаса қауіпті аурулар артып кетуі мүмкін. 

Сенаторлардың айтуынша, жас кәсіпкерлерге салықтық жеңілдіктер қарастырылмаған. Сондай-ақ қант зауыттары үшін жаңа тәуекелдер туындауы мүмкін. Себебі қант шикізатының импортына қосылған құн салығын енгізу көзделуде. 

Нұрлан Бекенов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:   

-Салықтың есептілік сандық жүйеге көшеді деп жатсыздар. Бұл жерде де белгілі сұрақтар туындайды. Біз әсіресе ауылдық жерлерде техникалық және инфрақұрылымдық проблемалардың бар екенін ұмытпауымыз керек. Сосын барлық адамдардың жүйені қолдануы қалай іске асады? 

Салық кодексінің жобасына қатысты сұрақ әлі де көп. Талқылау нәтижесінде құжатқа 30-дан астам ұсыныс енгізіліп, Мәжіліске қайтарылды. 

Ердәулет Ыбырайұлы, Айдос Меделбеков