Парламент депутаттары каникулға кетті. Енді олар ел аймақтарын аралап, сайлаушылармен кездеседі. Ал палаталардың бірлескен отырысында қабылданған заңдардың маңыздылығы мен алдағы уақытта ескерілуі тиіс жұмыстар айтылды. Бірқатар мемлекеттік органдар ісіне қатысты сын да баяндалды.
Бүгін Парламент депутаттары бірлескен отырысқа қатысып, жыл бойы атқарылған жұмысты қорытындылады. Енді олар ел өңірлеріне шығып, халықпен жүздеседі.
Жиынға қос палата депутаттарынан өзге Үкімет мүшелері, Орталық сайлау комиссиясы және өзге де органдардың өкілдері қатысты. Сегінші сайланған Парламенттің үшінші сессиясын ресми түрде жабу туралы жария еткен Мәжіліс төрағасы атқарылған маңызды жұмыстарды атап өтті. Белгілі болғандай палаталар қарауында 158 заң жобасы болып, оның 89-ы қабылданған.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
-Сессия барысында біз әлеуметтік саясат пен азаматтарымыздың мүддесі мызғымас басымдық екенін айқын көрсеттік. Ол ең алдымен еліміздің негізгі қаржы құжатында үш жылдық бюджетте көрініс тапты. Атап айтқанда, оның шығыс бөлігінің шамамен 40% әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталды. Білім беру, денсаулық сақтау салалары мен әлеуметтік төлемдерге баса мән берілді. Сонымен қатар халықты сапалы сумен қамтамасыз етуге, ауылды қолдауға қосымша қаражат бөлінді.
Сессия барысында атқарылған жұмыс аз емес. Оның аясында 3 бірлескен отырыс және Сенат пен Мәжілістің жалпы 39 жиыны өткен. Ал қабылданған заңдардың ішінде ұзақ уақыт қаралып, талқыға түскен Бюджет, Су және Салық кодекстері бар. Тек соңғы аталған құжатты қарау барысында мамандар мен түрлі сала өкілдерінен талқыға қатысқандар саны 300-ге жеткен.
Жақып Асанов, ҚР Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары:
-Расында да маңызды заңдар қабылданды. Қайсысы десеңіздер, ең алдымен мысалы Салық кодексі. Салық кодексі ең алдымен, әділ, түсінікті салық жүйесін құрды. Көп табысы бар адамдар, көп салық төлейтін болды. Салық кодексінің мақсаты көлеңкелі экономикамен күресу
Ғалиасқар Сарыбаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
-Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қажетті заңдардың бәрін қабылдадық. Соның ішінде өзім бастамашы болған заңдар да бар. Барлық заңдардың әлеуеті бірдей халық үшін керек. Сонымен қатар нормативтік-құқықтық актілер де қабылданды. Осының бәрі еліміз үшін, халқымыз үшін, елдің әлеуметтік-экономикасын арттыру үшін жұмыс жасайтын заңдар.
Отырыс барысында қол жеткен жетістіктерден өзге, кемшіліктер де айтылмай қалмады. Мәжіліс спикері Үкіметпен іс-әрекет кезінде қайталанатын мәселелерге де тоқталды.
-Депутаттық сауалдарға берілетін жауаптар мәселесін де арнайы айта кеткім келеді. Осы сессия барысында мемлекеттік органдарға 625 сауал жолданды. Әр сауалдың артында халықты толғандыратын мәселе тұратыны белгілі. Алайда оларға берілген жауаптардың мазмұны мен сапасына көңіл тола бермейді. Тағы да жаңа сұрақтар туындатады. Бұл жағдай кейде депутаттарды мемлекеттік органға қайта жүгінуге мәжбүр етеді. Біз Үкіметпен бірге осы мәселелерді жүйелі шешуіміз керек.
Жиында Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында талқыға түсіп, қабылданған заңдар болашақта да зор маңызға ие болатыны аталып өтті. Депутат Аманжол Әлтай ауыл шаруашылығы үшін тың жобалар қолға алынғанын айтады. Ал саланы ел экономикасының драйверіне айналдыру үшін келесі сессияда да қаралатын мәселе аз болмайды дейді.
Аманжол Әлтай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Импортқа тәуелділіктен құтылу үшін біз ауыл шаруашылығы өнімдерін тек қана шикізат түрінде ғана емес, оны тереңдетіп өңдеу мәселесін жан-жақты қолға алуымыз керек. Бұны біз өзімізге тікелей жұмыс істейтін құзырлы министрлік өкілдерімен жүйелі жұмыс жасап жатырмыз. Теріні экспортқа шығару үшін баж салығын алып тастадық. Енді шетелге шығару үшін қосымша құн салығы жоқ. Жүнге субсидия беруді ауыл шаруашылығы министрлігі қазір қолға алып жатыр.
Осымен Парламенттің үшінші сессия жұмысы аяқталды. Енді депутаттар ел ішіндегі сайлаушылармен кездеседі. Жергілікті жердегі мәслихат жұмыстарымен танысуды жоспарлап отырғандары да бар. Ал келесі сессия жұмысы әдеттегіше қыркүйекте жалғаспақ.
Әнуарбек Мырзатайұлы, Айдос Меделбеков