БҰҰ-ның Алматыдағы орталығы несімен маңызды?

  • 20
  • 07.08.2025, 18:34

Бүгінде халықаралық қатынастарға сызат түсіп, дипломатия мен экономика, саясат сынға түсіп жатқан аумалы төкпелі алмағайып заман туып тұр. Алпауыт мемлекеттер әскер мен экономикалық санкция сияқты «көзірлерімен» жүріс жасай алады, ал дамушы елге қайтпек керек деген сұрақ көлденеңдеп тұр. Орта державалар үшін орнықты даму, бейтарап саясатқа арқа сүйеп, бейбітшілікті сақтау – басты міндет. 

Алматыда БҰҰ-ның Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған орнықты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығының ашылуы осы жаһандық сын қатерлер шегіндегі Қазақ елінің ұстанымы мен әлем қауымдастығындағы рөлін айқындайды. Аталған халықаралық институт қандай мәселелерге жауап іздейді және біз үшін несімен маңызды? 

4-тамызда БҰҰ-ның Бас хатшысы Антониу Гутерриш пен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойып, қол алысқан тарихи оқиға болды Алматыда. Тарихи дейтініміз, әлемдік ақпарат айдынында халықаралық сарапшылардың сүйіншілеген мәлімдемелерімен маңдайалды басылымдар бұрқыратып жазып жатқан мақалалар көп. Мәселен, Америкалық дипломат журналында жарияланған сараптамада былай делінген. Қысқаша үзінді келтірсек. 

Тоқаев алғаш рет 2019 жылы БҰҰ-ның орталығын құруды ұсынды. Ол бұл бастаманы Қазақстанның ауқымды даму дипломатиясының бір бөлшегі ретінде қалыптастыру үшін үнемі ұсыныс жасаумен болды. Қазақстан барлық көршілерімен және үнемі өзара шиеленіске барып тұратын Ресей, Қытай, АҚШ, Еуропа одағы сияқты үлкен күштермен де тұрақты әрі прагматикалық қатынастарлы орнықты түрде ұстанып келеді. Қазақстан қандайда бір блокпен біте қайнасудың орнына барлығымен терезесі тең дипломатиялық ептілікті ұстана отырып, өз бастамаларын өткізіп келеді. Бұл басқа жерлерде саяси тұрғыда жүзеге асуы екіталай еді. Жаңа аймақтық орнықты даму ортылығын құру үшін бұндай ұстаным өте құнды. Қазақстанның бейтараптылығы Ауғанстан мен аймақтағы өзге де елдерге көмек көрсету мәселесінде БҰҰ үшін қолжетімді әрі қолайлы орта екені анық.

БҰҰ-ның Бас хатшысының Алматы төрінде жасаған мәлімдемесі америкалық басылымдағы тезистерді қуаттай түсетіндей. 

Антониу Гутерриш, БҰҰ Бас хатшысы:

- Қазақстанға шын жүректен тәнтімін. Мен үшін Қазақстан –даналықтың символы, халықтар арасына дәнекер болып, бейбітшілікке үндейтін ел. Бұл – түрлі этнос пен дін өкілдері бас қосып, ортақ келешекке апаратын жолды бірге іздейтін мекен. Қазақстанның ядролық қарудан бас тартқанын ешқашан ұмытпаймын. Осы шешімнің нәтижесінде Сіздердің елдеріңіз бейбітшілік пен қарусызданудың символына айналды. Бүгінгі таңда бұл өте өзекті. Қазақстан әрдайым парасаттылық танытқан әрі сол биігінде қалады. Өкінішке қарай қазіргі әлемге осындай байыпты ұстаным жетпей тұр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бүгінде Орталық Азия бірлігі бекем және тату көршілік пен ортақ прогресс қағидаттарына бейіл өңір екенін паш етіп келеді. Аймақ елдері саяси және әлеуметтік реформалар жүргізіп, экономиканы әртараптандыру бойынша батыл шаралар қабылдап жатыр. Адам капиталын дамытуға күш салып, анағұрлым инклюзивті институттар құруды қолға алды. Біз халықаралық өзекті мәселелерді шешуге белсенді араласатын мәмілегер ретінде Орталық Азияның әлеуетін ашуға және жаһандық аренада конструктивті әрі келешекті көздеген күн тәртібін дәйекті түрде ілгерілетуге ұмтыламыз. Осы орайда Алматы қаласында БҰҰ өңірлік орталығын ашу уақтылы және стратегиялық тұрғыдан маңызды қадам болып отыр.

Саяси сарапшы Жапсарбай Ілиясұлы Ауғанстан мәселесі бойынша да Қазақстанға таңдау тектен тек түспегенін айтады. Аталған елмен дипломатиялық байланысты үзбей, гуманитарлық көмек, мәдени көмек, ауған жастарын оқыту сияқты ілкімді істердің басында Қазақстан тұрды. Осы тұрғындан алғанда да Орталық Азия өлкесіндегі Арал мен Каспий және су ресурстарының түйткілдерін шешуге әлемдік күштерді тартуға негіз бар деп пайымдайды. Оның сыртында: 

Жапсарбай Қуанышев, Мемлекет тарихы институтының ғылыми қызметкері, саясаттану ғылымдарының докторы:

- Жұмысы осы жерде тұрып жатқан елдер, мемлекеттердің нақты мәселелеріне көңіл аударуға бағытталып отыр және сол арқылы осы аймақты тұрақтандырып, осы аймақты дамытып, аймақтың орнықты дамуына алғышарттар жасап, заман бүлініп тұрған кездегі жағдайды шешуге, бітімгерлік саясатын жүргізуге, мынау сауда-саттық мәселесін көбейтіп, гуманитарлық мәселелерді шешу. 

Айта кету керек, БҰҰ-ның өңірлік өкілдігін Қазақстанда ашу ұсынысын 152 мемлекет қолдады. Қазіргі күні халықаралық ұйым айқындаған, орнықты дамуды қамтамасыз етуі тиіс 17 міндетті орындау үшін БҰҰ-ның 18 агенттігі жұмысын бастады. «Орталықтың ашылуы саясаттан бөлек, елдің дамуына анық ықпал етеді», - дейді сарапшылар. 

Алтынгүл Өтебаева, «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ Орнықты даму мақсаттары хатшылығы директорының орынбасары:

- Әлбетте бұл еліміз үшін елеулі оқиға. Себебі халықаралық беделден бөлек инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру бағытында үлкен инвестициялар тартуға мүмкіндік туады. Адами капиталды дамыту ісі ілгерілейді. Бұл еліміздің орнықты дамудағы позициясы ғана емес, халықаралық амбициямызды белгілейтін мүмкіндік. 

Берік Дүйсенбай, тілші:

- 1939-45 жылдар аралығында жер жаһанды қанға бөктіріп, 70 млн-нан астам адамның тағдырын талқан еткен Екінші дүнижүзілік соғыстың сабағы сол, енді ондай кесапат келмес үшін әлем орнықты дамып, көпшіліктің басы тоқайласатын орталық іргелі ұйым өмірге сұранып тұрды. Ол БҰҰ. Халықаралық институт құрылғалы жаһандық қақтығыстарға жол берілген жоқ, ал орнықты даму арқылы  адамзат қандай прогресске қол жеткізгені айтпаса да түсінікті. Демек БҰҰ-ның қазақша айтқанда – бір бұрышы біздің елде болса, сүйіншіден басқа не айтуға болады?