Қазақстан-Қырғызстан қатынастары тереңдей түспек

  • 63
  • 21.08.2025, 18:34

Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы арасындағы одақтастық қатынастарды тереңдету және кеңейту жөніндегі келісім іс жүзінде асып келеді. Ол сауда-экономикалық байланыстардан бөлек, екіжақты ынтымақтастықтың барлық бағыттарынан көрініс табуда. Қырғыз елі Қазақстан үшін несімен маңызды және одақтастық қатынастар не үшін керек? 

Қазақстан мен Қырғызстан. «Ауылымыз аралас, қойымыз қоралас» деген бағзыдан келе жатқан сөз қазір де қос қоңсы елдер үшін өзекті. Басты себеп – географиялық жақындық. 

Мәселен, Алатау баурайындағы Алматыға ең жақын қала Талдықорған 261 шақырым болса, Ала-Тоо бөктеріндегі Қырғыз елінің астанасы Бішкек одан жақынырақ. 240 шақырым. Қазақстанның Алматы және Жамбыл облыстары көрші елдегі Ыстық көл, Шу, Талас облыстарымен шектеседі.

Қазақстан мен Қырғызстанның тату көршілік, бауырластық байланыстары 150 құжатпен қатталып, бекіген. Ең маңыздыларына келсек, ол: 1997 жылғы «Мәңгілік достық» туралы, 2003 жылғы «Одақтастық қатынастар» туралы келісімдер болса, былтыр «Одақтастық қатынастарды тереңдету және кеңейту» туралы құжатқа қол қойылды. Бұл дегеніміз: 

Әйгерім Бақтиярова, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ғылыми қызметкері:

- Қазақстан мен Қырғызстанның арасында қарым-қатынастар дамып келе жатыр. Оның ішінде инвестициялар, экономикалық мәселелер, саяси, әлеуметтік ахуалдар бар. Су мәселелерін дипломатиялық тұрғыда реттеу мәселелері бар. Алдымызда тұрған мәселелерді жүйелеу, оларға тереңірек қарау, оларды достық негізде шеше білу – осы біздің одақтастық әріптестігімізге негізделді деп айтсақ болады.

Екі ел арасындағы алыс-беріске келсек, былтыр ол 1,7 млрд АҚШ долларына жетті. Оның 1,2 млр-ды Қазақстанның экспорты болса, 456 млн доллардың өнімдерін көршілерден импорттаған екенбіз. Биыл 5 айда сауда айналымы 822 млн АҚШ долларын еңсерді. Оның 644 млн-ы біздің экспорттық үлес болса, 178 млн доллар Қырғызстаннан келген импорт. 

Одақтастық қатынастар әсілінде алыс-беріспен шектелмейді. Үкіметаралық, парламентаралық, Сыртқы істер министрлері деңгейіндегі байланыстармен қатар мәдени-гуманитарлық, көлік, ауыл шаруашылығы сияқты сан саланы қамтиды. Трансшекаралық суларды ортақ пайдалану мәселесінде су дипломатиясы, су-энергетикалық байланыстар, өз алдына бір төбе. 

Әйгерім Бақтиярова, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ғылыми қызметкері:

- 2022 жылдан кейін жалпы Орталық Азия мемлекеттерінің арасында кооперация дейді ғой, осы тұрғыда қарым-қатынастар нығая түсті. Соның бірден бір көріністерінің  бірі ретінде су мәселесі бойынша жобалар іске асып жатқан. Одан бөлек, көлік инвестиция және экономика, саясат бойынша бірқатар мәселелерді реттеу үшін көп тарапты негізде біраз жобалар іске асып жатыр. 

«Қамбар ата-1» су электр стансасын бірігіп салу келісімі былтыр Вена қаласында жасалды. Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан күш біріктіреді. Бұл үш елге де су мен қуат көзін рационалды пайдалануға мүмкіндік береді. Сол секілді цифрландыру, жасанды интеллект технологияларын енгізу мәселелері де ортақ күш-жігерді қажет ететінін айтады сарапшы. Үлкен ғаламдық күштер мүддесі тоғысатын аймақта тағы бір ортақ міндет бар. Soft power –яғни жұмсақ күштердің ықпалы. Орталық Азияны осы тұрғыда зерттеген сарапшылар өңірге өзіне өзі сенімді, пісіп жетілген мемлекеттер ретінде баға берген екен. 

Әйгерім Бақтиярова, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ғылыми қызметкері:

- Ол американдық жұмсақ күш болсын, қытайлық жұмсақ күш болсын, ресейлік жұмсақ күш болсын, біз онымен санасуымыз керек деген тұжырымдама ойға келген болатын. Мен осы ойды толыққанды қолдаймын. Сол себепті ғалым ретінде қырғыз бауырларымызбен мәдениет саласында, оқу саласында, білім саласында, ғылым саласында біздің қарым-қатынасымыз тереңдей берсе деген ниет бар. 

Ауыл шаруашылығы – алыс-берістегі бесінші маңызды бағыт. Қазақ елі көршілерге майлы дақылдар экспортын ұлғайтуға ниетті. Сондай-ақ өндірістік кооператив аясын кеңейту үшін екі жыл бұрын Қарасу, Ақ-Тілек шекаралық өткізу бекеттерінде өндірістік сауда-логистикалық кешеннің жұмысын бірлесіп реттеу үшін үкіметаралық келісім жасалды. Көлік, туризм, білім беру салаларымен қатар гуманитарлық байланыстар да берік. Тек былтырдың өзінде су тасқынына байланысты көршілер 450 тонна көмегін жеткізсе, біздің ел Бішкектегі жылу электр орталығындағы апатқа байланысты 2 мың тонна дизель отынын жөнелтті.

Берік Дүйсенбай, тілші:

- Мемлекет басшысы Бішкекке соңғы рет 2022 жылы мамыр айында ресми сапармен келді. Қырғыз лидерімен бірге екіжақты қарым-қатынастарды жаңа стратегиялық серіктестік деңгейіне шығарамыз деп мәлімдеген еді сол кезде. Содан бері қос Президенттің жұбы жазылмайтын болған. Мәселен, Садыр Жапаров биыл бір айдың ішінде Астанаға екі рет жұмыс сапарымен келіп кетсе, былтыр 4 рет ат басын бұрыпты. Қасым-Жомарт Тоқаев та 24-ші жылы жұмыс сапарымен екі рет Ала-Тооның баурайын бетке алған. Бұл қазақ-қырғыз ынтымағының Мемлекет басшылары деңгейінде де берік екендігін білдірсе керек. 

Берік Дүйсенбай, Айдос Меделбеков