Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Король ІІ Абдалланы Астанада қарсы алуды өзіне зор мәртебе санайтынын жеткізді.
– Ұлы Мәртебелі, Өзіңіз бен жұбайыңыз патшайым Ранияны бүкіл әлем дана, аса білімдар және парасатты тұлғалар ретінде мойындайды. Бүгінгі заманда Сіз бен жұбайыңыз секілді көшбасшылар кемде-кем, – деді Мемлекет басшысы.
Президент Корольге Қазақстан мен Иордания арасындағы серіктестікті дамытуға ұдайы қолдау көрсетіп келе жатқанына алғыс айтты. Сондай-ақ іскерлік орта өкілдеріне бизнес-форум жұмысына қатысқандары үшін ризашылығын білдірді.
– Король ІІ Абдалланың ресми сапары аясында өтіп жатқан бұл форум біздің перспективті серіктестігіміздің жаңа кезеңіне жол ашады. Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Иордания үкіметаралық комиссиясы екіжақты қарым-қатынасты кеңейтудің маңызды институционалдық негізін қалайтыны сөзсіз. Бүгін Ұлы Мәртебелі Король Абдалламен мазмұнды келіссөз жүргіздік. Әңгімелесу барысында алдағы жылдары өзара тиімді ықпалдастықты нығайтуға шешім қабылдадық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан өңірдегі экономикасы ең ірі ел болып қала береді.
– Экономикамыз биылғы жеті айда 6,3 пайызға ұлғайып, сенімді түрде өсіп келеді. Оған өнеркәсіп, сауда және көлік салаларындағы жоғары көрсеткіштер мүмкіндік берді. Біз ауқымды саяси және экономикалық реформалар жүргізу арқылы осы қарқынды сақтап қалуға ниеттіміз. Сондықтан серіктестігіміз көптеген сектордың өркендеуіне септігін тигізетініне сенімдіміз, – деді Президент.
Мемлекет басшысы қазір Қазақстан арқылы он екі халықаралық көлік дәлізі өтетініне, яғни бес темір жол және жеті автокөлік жолы еліміздің Еуразиядағы стратегиялық логистикалық хаб ретіндегі позициясын бекіте түсетініне тоқталды.
– Біз ірі халықаралық бағыттарды, соның ішінде Орта дәліз бен Солтүстік – Оңтүстік бағдарын белсенді түрде дамытып жатырмыз. Ақтау және Құрық порттары Каспий теңізі арқылы жүк тасымалдауда негізгі рөл атқарады. Былтыр Құрық портында астық терминалын іске қостық. Ол жылына 1 миллион тоннаға дейін жүк өткізе алады. Бұдан бөлек, Ақтауда өткізу қабілеті жылына 240 мың контейнерді құрайтын хаб салдық. Осы орайда Акаба портының стратегиялық әлеуетін бірлесе пайдалануға дайынбыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент елімізде атом энергетикасы ұлттық экономиканың стратегиялық тұрғыдан маңызды әрі тұрақты қуат көзі ретінде қарастырылатынын жеткізді.
– Қазақстан – жетекші уран өндірушілердің бірі. Елімізге әлемдік нарықтың 40 пайызға жуық үлесі тиесілі. Иорданиядағы уран жобалары бойынша «Қазатомөнеркәсіп» және JUMCO арасындағы келісім экономикалық ынтымақтастықты тереңдетуде маңызды оқиға саналады, – деді Президент.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Иорданияның агробизнес саласындағы әлеуеті мол екеніне назар аударды.
– Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының мүшелері ретінде бізді елдеріміз бен барша мұсылман әлеміне арналған ортақ мақсат біріктіреді. Бұл орнықты әрі әділ азық-түлік экожүйесін қалыптастыруды көздейді. Қазақстан әлемде егістік алқабы бойынша алтыншы орын алады, сондай-ақ дүниежүзілік ірі астық экспорттаушылардың ондығына енеді. Жыл сайын сегіз миллион тоннадан аса бидай мен екі миллион тоннаға жуық ұнды жаһандық нарыққа жеткіземіз. Еліміз Иорданияны жоғары сапалы, органикалық, халал және экологиялық тұрғыдан таза ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз ете алады. Біз Aljazeera Agricultural иорданиялық компаниясының елімізде құс фабрикасын салу жөніндегі бастамасын құптаймыз. Бұл жоба екі ел арасындағы ауыл шаруашылығы саласы бойынша ынтымақтастықты нығайтуға жасалған нақты қадам болмақ, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент медицина саласындағы ықпалдастықтың маңызын атады. Оның айтуынша, Иордания әлемдегі жетекші медициналық орталықтардың бірі және жоғары деңгейде дамыған фармацевтикалық өнеркәсіпке ие.
– Иордания әлемнің 85 еліне фармацевтикалық өнімдерін экспорттайды. Сондықтан бұл қазақ-иордан экономикалық серіктестігінің негізгі секторының бірі. Қазақстан да өзінің әлеуетін дамытып, дәрі-дәрмек өндірісі мен медициналық құрал-жабдық шығаруда айтарлықтай табысқа жетті. Осы орайда QazBioPharm компаниясының DADvet иордан компаниясымен бірге Таяу Шығыс елдері мен біздің өңірімізге өзара вакцина экспорттауға бағытталған жоспарын қолдаймыз, – деді Мемлекет басшысы.
Жиында цифрландыру саласына баса мән берілді. Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің Еуразиядағы жетекші озық технологиялар орталығы болуға ұмтылатынын атап өтті.
– Қазақстан өңірде алғаш рет Ұлттық банктің цифрлық валютасын, яғни, цифрлық теңгені енгізді. Біз елімізді ЖИ-ге бағдарланған мемлекетке айналдыру үшін Халықаралық жасанды интеллект орталығын құрдық. Инкубация мен акселерация бағдарламалары арқылы Орталықты стартаптармен интеграциялаудың нақты жоспары жасалды. Бұдан бөлек, таяуда Үкіметтің, ғылым мен бизнестің стратегиялық қажеттіліктеріне арналған қуатты Суперкомпьютер кластері іске қосылды. Сонымен қатар біз цифрлық егемендігімізді қамтамасыз ету үшін Үлкен тілдік модельді (LLM) белсенді түрде дамытып жатырмыз. Бұл бастамалар әлемдік жасанды интеллект кеңістігіндегі Қазақстанның технологиялық өркендеуін жеделдетіп, позициясын нығайтады. Осы ретте Astana Hub пен King Hussein Business Park арасында серіктестік орнату ғылыми-зерттеу, тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар, стартаптар, техникалық білім мен басқа да көптеген салада ынтымақтастықты дамытуға септігін тигізеді, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев иорданиялық кәсіпкерлерді «Астана» халықаралық қаржы орталығымен серіктестіктің тың мүмкіндіктерін қарастыруға шақырды. Мемлекет басшысы АХҚО Нью-Йорк, Лондон, Дубай және Сингапурдың озық тәжірибесіне негізделген инвестиция мен инновация тартудың бірегей орталығына айналғанын айтты.
– Біздің Орталық салықтық, визалық және еңбек саясатындағы жеңілдіктер арқылы инвестиция тартуға қажетті барлық жағдайды жасайды. АХҚО әр инвесторға жекелей қолдау көрсетіп, британ құқығына негізделген сот жүйесін, сондай-ақ ислам қаржы өнімдерінің кең спектрін ұсынады. Бүгінде Орталықта әлемнің 85 елінен 4200-ден астам компания тіркелген. Иордания компанияларын да АХҚО-ның белсенді қатысушысы болуға шақырамыз, – деді Президент.
Мемлекет басшысының пікірінше, форумда қол жеткізілген байланыстар өзара инвестиция, инновация және орнықты даму салаларын ілгерілетуге мүмкіндік береді.
– Ұлы Мәртебелі Корольдің Қазақстанға жасаған сапарына тағы да шынайы ризашылығымды білдіремін. Бұл – біз үшін зор құрмет. Аталған сапар – тығыз серіктестігіміз бен риясыз достығымыздың көрінісі. Кеше маған Өзіңізді досым, тіпті, бауырым деп атауға келісім бердіңіз. Бұл мен үшін үлкен мәртебе әрі артықшылық. Қымбатты бауырым, Сіздің арқаңызда Иордания бізге етене жақын елге айналды. Халықтарымыз мәңгіге дос, бауырлас әрі сенімді серіктес болып қалатынына нық сенімдімін, – деді Мемлекет басшысы.
Иордания Королі ІІ Абдалла бизнес-форум жұмысына қатысушыларға ризашылығын жеткізді. Ол бүгінгі пікір алмасулар экономикалық ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге мүмкіндік беретінін айтты.
– Бұл форум Сіздердің компанияларыңыз бен мекемелеріңіз үшін бірлескен кәсіпорындар құруға және экономиканың орнықты өсуіне инвестиция тартуға арналған бағыттарды зерделеуге жол ашады деп ойлаймын. Біздің Үкімет пен Сауда-өнеркәсіп палатасы бүгінгі диалогты нақты жүзеге асыру үшін жұмыс істейді. Орайлы сәтті пайдалана отырып, қазақстандық серіктестерімізді Иорданияға шақырамын. Сол арқылы біздің ұсыныстарымызбен таныса аласыздар. Өз кезегінде иорданиялық компаниялар қарқынды дамып келе жатқан Қазақстан нарығына инвестиция салуға ниетті. Осы форумда айтылған бастамалардың нақты жобаларға айналып, ұзақ мерзімді серіктестікке ұласуына бірлесе атсалысайық, – деді Король ІІ Абдалла.