Президенттің халықаралық сапарлары ел дамуына қалай әсер етті?

  • 9
  • 30.12.2025, 18:30

Өтіп бара жатқан жылда Мемлекет басшысы 23 рет шет мемлекетке, 9 мәрте еліміздің өңірлеріне сапарлаған екен. Арысы Америка Құрама Штаттары, Жапония, берісі бауырлас көрші мемлекеттер мен ел ішіндегі сапарларды қоса алғанда жиыны 170 мың шақырымдай жол жүрген «Қасым-Жомарт Тоқаевтың дамылсыз жұмысынан нәтиже болды ма?» – деген сұраққа жауап іздесек.  

Өтіп бара жатқан жылда Мемлекет басшысының ішкі және сыртқы саяси бағытағы қызметі қауырт әрі жемісті өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев биыл еліміздің 9 өңіріне жұмыс сапарымен барып, 50-ден астам өндірістік, ғылыми, әлеуметтік-мәдени нысанды аралап көрді. Одан бөлек, 16 облыс пен республикалық маңызы бар қала әкімдерінің есептерін тыңдап, жалпы әлеуметтік-экономикалық жағдайды қатаң бақылауда ұстады. Нәтижесінде: 

Ел тарихында тұңғыш рет ішкі жалпы өнім көлемі 6 пайыздан астам өсім көрсетіп, 300 миллиард долларды еңсерді. Ол жан басына шаққанда 15 мың доллардан келеді. Елімізде жалпы құны 1478,1 миллиард теңгені құрайтын 185 жоба пайдалануға берілді. Ол 22,8 мыңнан астам адамға тұрақты жұмыс орын.

Мемлекет басшысы биыл 23 рет шет мемлекеттерге сапар жасады. Оның 16-сы  жұмыс сапары, 5-еуі ресми сапар және 2-уі мемлекеттік сапар. Сондай-ақ елімізге 30 рет шет Мемлекет басшылары сапармен келді.

Жылан жылы кіре сала Қазақстанның нөмір бірінші борты Парсы шығанағын бетке алды.
БАӘ елімізге қаражат құюшы 10 ірі инвестордың қатарынан. 4 млрд доллар мен 500-дей компаниядағы араб капиталы осыны айғақтайды. Соңғы уақыттағы жүзеге асырылған жобалардың бірі ретінде ірі Жел электр стансасы мен Құрық портындағы астық тиейтін терминалды атап өтуге болады  

Арабтар Смарт Астана жобасы мен цифрлық даму бағытында қазақ елімен тізе қосуға, сондай-ақ алыс-берісті млрд долларға жеткізуге мүдделі. Оның маңызын Абу Дабидің тақ мұрагері шейх Халед бен Мұхаммед бен Заид Әл-Нахаянның Астанаға сапарлауынан аңдаймыз.  

Қазақстан Уран өндірісіндегі жаһандағы жетекші державаның бірі. Президенттің тағы сол Парсы шығанағы аймағына жасаған сәтті сапарының нәтижесі сол, уран кен орнын игеру мәртебесін Иордания мемлекеті бізге сеніп тапсырды.  

Қасым-Жомарт Тоқаев араға айдан аса уақыт салып, аттың басын қайтадан Америкаға бұрды.
Ақ үйде Қазақ басшысы мен Орталық Азиялық әріптестерін Дональд Трамп қабылдады. Екі жақты келіссөздер барысында 17 млрд доллардың коммерциялық келісімдері жасалды. Және Трамп әкімшілігінің мұрындық болуымен С5+1 форматында АҚШ Орталық Азия саммиті өтті. 

Құрама штаттарының Қазақстан мен Орталық Азия өлкесіне қызығушылығы жоғары. Америкалық инвесторлар Қарағанды облысындағы 410 мың тоннадан аса қоры бар, вольрам кен орнын игеруге қол ұшын және қаражатын беруге келісті. Бұл жобаға мұхиттың арғы жағынан 1 млрд доллар қаражат тартылатын болды.  

Қараша айында Мәскеу көшелерінде қазақ Президентінің сапары құрметіне, Жоғарғы мәртебелі президент деген баннерлер толып кетті.
Мемлекеттік сапар. Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президентімен 2,5 сағат оңаша отырып шай ішіп, біраз шаруаның басын қайырды. Ең маңыздысы екіжақты тауар айналымды 30 млрд долларға жеткізу деп жазып жатты әлемдік ақпарат құралдары.

Осы айда Қазақстанның нөмір бірінші борты қиырдағы күншығыс елін бетке алды.
Қазақстанның басшысы келіп қалды деп Жапония импораторының өзі дастархан жайды. Ал елдің премьер-министрі Санаэ Такаичи ханыммен жүргізілген келіссөздер нәтижесінде тараптар сирек металлдарды игеру, машина жасау мен ядролық медицина салаларында күш біріктіруге уағдаласып, 4 млрд долларға жуық сомаға мәміле жасады. Сондай-ақ Токиода Жапония Орталық Азия саммиті өтті. 

Қазақ еліне жасалған маңызды сапарлардың да бірқатарына тоқтала кетсек. Мамырдың соңын ала Еуропаның ең көрікті саясаткерлерінің бірі Италия премьер-министрі Джорджиа Мелони Астанаға ат шалдырды. Италия Қазақстанның 3-ші ірі серіктесі. Қазақ мұнайының басым бөлігін осы ел сатып алып отыр.  
 
Маусым айында Болгария Президенті Румен Радев келді Қазақстанға. Болгария Балқан түбегіндегі шағын мемлекет болғанымен, Еуропаға шығатын қақпа тұрғысынан алғанда біз үшін стратегиялық маңызы зор.   

Соңғы жылдары көршіміз Қытаймен ынтымақтастық артты. Тәуелсіздік алғалы бері шығыстағы қоңсы елмен арадағы алыс беріс 100 еседен астам өсіп, былтыр 40 млрд долларға жетті. Төраға Си Цзиньпиннің астанаға жасаған ресми сапары кезінде Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ халқы қытайдан ешуақытта жаманшылық көрмегенін және көрмейтінін қадап айтты.  
 

Арамызды Каспий ғана бөліп тұр демесіңіз, Әзербайжан елінің Қазақстанмен, Орталық Азия өлкесімен бауырластық, стратегиялық және экономикалық байланыстары биыл айрықша тереңдеді.
Транскаспий көлік дәлізінің бойында қазақ еліне тілектес әрі ниеттес бауырлас мемлекеттің тұрғаны іздегенге сұраған. Қазан айында Ильхам Әлиев мемлекеттік сапармен келіп, кеме жасау, көлік логистика, қазақ мұнайын Кавказ арқылы экспорттау бағытында маңызды келісімдер жасалды.  

Қазақстанның астығын еселеп алып отырған Иран мемлекеті біздің өлкемен ықпалдастықты тереңдетуге мүдделі.
Біз үшін парсы елі Үнді мұхитымен Үндістанның нарығына шығатын үлкен қақпа. Айдың басында Масуд Пезешкиан Астанаға келіп, маңызды келіссөздер жасалды.  

Президент шет мемлекеттердің үкімет басшылары, лауазымды тұлғалары, халықаралық құрылымдар жетекшілері, іскерлік топ өкілдері және сарапшылармен 186 кездесу өткізді. Ол үшін ішкі және сыртқы сапарларды қосқанда 170 мыңдай шақырым жол жүрді. Жиыны
252 сағат уақытын ұшақта өткізді. Нәтижесінде 70 млд доллардың коммерциялық-инвестициялық келісімдері жасалды. Бұл дипломатиялық майдандағы дамылсыз жұмыстардың жемісті әрі жеңісті нәтижелерін айғақтаса керек.

Берік Дүйсенбай, Айдос Меделбеков