Қазақстан Еуразияның көлік айлағына айналуы тиіс – Тоқаев

  • 135
  • 05.01.2026, 18:30

Мемлекет басшысының сөзінше, еліміз үшін көлік-логистика сала­сы­ның әлеуетін арттыру – стратегиялық маңы­зы бар міндет. Теңізге тікелей шы­ғатын жолы болмаса да, Қазақстанның өзіндік артық­шы­лықтары бар.

Дамир Берікұлы, тілші: 

- Қазақстан – Еуразия атты алып құрлықтың кіндігінде, тоғыз жолдың торабында орналасқан ел. Мұны әлбетте тиімді пайдалануымыз керек. Көлік хабына айналудың жолы қайсы? Президент бәрін тәтпіштеп түсіндірді.

Мемлекет басшысы көлік-логистика саласын дамытуда әңгіменің әлқиссасын жақында ғана іске қосылған «Достық–Мойынты» жаңа теміржол ма­гистралінен бастады. Аталған ауқымды жоба Қытай мен Еуропа арасында тасымалданатын жүк көлемін 5 есе арттыруға мүмкіндік бере­ді. Енді  «Мойынты – Қызылжар», «Бақты – Аягөз», «Дарбаза – Мақтаарал» темір­жол желілерін іске қосу жос­па­­рланып отыр. Жалпы 2030 жылға дейін 5 мың шақырым теміржолды са­лып, жаңғырту және 11 мың шақырым те­м­іржолды жөндеу көзделген.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біз ел шекарасынан тыс жерді де қам­ти­тын кең ауқымды көлік жүйесін құ­ра алдық. Қазақстан мұхит жол­дары­нан тысқары тұрса да, Сары теңіз бен Қара теңіздің арасында жүк терми­нал­дарының желісін қалыптастырды. Елі­міз­дің аумағы арқылы өтетін 12 халық­ара­лық көлік дәлізі, атап айтқанда, 5 теміржол, 7 автокөлік дәлізі бар. Қытай мен Еуропа арасында құрлықпен жет­кізілетін жүктің шамамен 85 пайызы осы жолдармен тасымалданады. 

«Бірақ мұның бәрі табысқа оп-оңай қол жеткізе қоямыз деген сөз емес. Себебі сала­да бәсекелестік күшейіп келеді», - деді Президент. Сондықтан инфрақұрылымды мейлінше дамытып, замана көшінен бір елі де қалмау қажет. 

Жәнібек Тайжанов, ҚР Көлік вице-министрі:

- Мемлекет басшысының көлік инфрақұрылымын дамыту және елдің транзиттік әлеуетін күшейту жөніндегі тапсырмалары практикалық кезеңге өтті. 2025 жылдың қорытындысы бойынша теміржол саласы рекордтық нәтижелер көрсетті. Тасымал көлемі шамамен 318 млн тоннаға жетті. 2026 жылы тасымал көлемі 327 млн тонна болады деп күтіледі.

Жауапты министрлік өкілінің сөзінше, теміржол жолдарын жөндеу де мықтап қолға алынған. «2025 жылы 1,5 мың шақырым шойынжол жөнделсе, биыл 1 мың 600 шақырым жолды қалыпқа келтіру жоспарланыпты. Вагондар да жаңартылады», - дейді. Атап айтқанда, 236 локомотив, 1 мың 400-ден астам жүк вагоны және 200-ге жуық заманауи жолаушылар вагоны сатып алынбақ. 

Жәнібек Тайжанов, ҚР Көлік вице-министрі:

- Халықаралық көлік дәліздері де қарқынды дамып келеді. Олар Транскаспий халықаралық көлік бағыты және «Солтүстік – Оңтүстік» бағыты белсенді дамуда. Транскаспий халықаралық көлік бағытының өткізу қабілетін арттыру үшін порт инфрақұрылымын жаңғырту жобалары іске асырылуда. Сауда флоты 4 пароммен толықтырылады. 

Иә, еліміз Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» атты мегажобасын, «Солтүстік – Оң­түстік» дәлізін және Транскаспий кө­лік бағытын, яғни «Орта дәлізді» да­мытуға белсене атсалысып келеді. Президент ендігі жерде «Ресей – Қазақстан – Түрікменстан – Иран» бағы­ты арқылы теңіз айлақтарына шығып, жүк тасымалдаудың болашағы зор деп са­найды. Теміржолды айттық. Енді автокөлік жолдарына ойыссақ. Мемлекет басшысы бұл тұста елорда мен батыс аймақтардың ара­сын­дағы қашықтықты 500 ша­қырымға қысқартатын «Орталық – Ба­тыс» күрежолы құрылысының стра­тегия­лық маңызы өте зор, - деді. Көлік министрлігінің мәліметінше, жалпы 2026 жылы Қазақстанда 11 мың шақырымнан астам жол салынады және жөнделеді деп жоспарланған. 

Мақсат Қалиақпаров, ҚР Көлік вице-министрі:

- 2026 жылы құрылыс пен реконструкциялау бойынша негізгі жобалардың қатарында Ұлытау облысы аумағындағы «Қызылорда – Жезқазған» автожолындағы жұмыстарды жалғастыру, «Орталық – Батыс» жобасын жүзеге асыру, сондай-ақ 232 шақырымды құрайтын «Ақтөбе – Ұлғайсын», 572 шақырымдық «Қарағанды – Жезқазған» және өзге де бағыттар бойынша жобалар бар. Ірі елді мекендерді айналып өтетін жолдарды салу мен реконструкциялауға ерекше назар аударылады. Атап айтқанда, Сарыағаш, Қызылорда, Петропавл және Рудный қалаларының айналма жолдары бойынша жобаларды іске асыру жоспарланып отыр. 

Одан бөлек, вице-министр шекарадағы автокөлік өткізу бекеттері де жөнделіп жатқанын жеткізді. Ал Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Көлік-логистика саласын дамытуда тек инфрақұрылыммен шектелмеу керек», - дейді. Экономиканың барлық дерлік секторы осы іргелі салаға келіп тоғысады. Сондықтан Мемлекет басшысы Үкіметтің ал­дына заманауи инженерлік және сервистік инфрақұрылымы бар көлік-ло­гистика тораптарын салып, оларда тиімді цифрлық экожүйе қалыптастыру міндетін қойып отыр.  

Дамир Берікұлы, Мадияр Қандыбаев