Қазақстан цифрлық державаға айналуы тиіс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, жаңа технологиялар дәуірінде бәсекеге қабілетті өркениетті ел болып қалудың бірден-бір жолы – цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту.
Жаһанда технологиялық алпауыттар арасында бәсеке бәсі күшейген. АҚШ пен Қытай жасанды интеллектіні ұлттық басымдық деңгейіне көтерді. Қазақстан да бұл үдерістен шет қалмай, экономиканың және қоғамдық өмірдің барлық саласына енгізуге бет бұрды. Бұл ретте Astana Hub инновациялық кластерінің маңызы зор. Себебі ол 2 мыңнан аса компанияның басын қосады. Былтыр олардың IT-қызметтерінің экспорты бір миллиард долларға жуықтады. Сарапшылар мұны үлкен әлеуеттің белгісі деп бағалайды.
Мейіржан Әуелханұлы, ЖИ сарапшысы:
- Higgsfield AI жасанды интеллект жүйесі осы стартаптардың ішінде единорог болып, бір ғана стартаптың өзі 1 миллиард АҚШ доллары капитализацияға ие болды. Бұл деген сөз – біздегі бір ғана стартап жоба сондай қуаттылыққа ие болса, бізде кішігірім ондаған стартап бар Астана хабтың аясында, мына Алматыдағы, сонымен басқа жеке өз алдына танылып жатқан талантты қыз-жігіттер көп.
Сарапшылардың сөзінше, цифрлық держава болудың үш негізгі тірегі бар. Олар – заманауи инфрақұрылым, институционалдық басқару және кадр даярлау. Бұл бағытта елімізде нақты қадамдар жасалды. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылып, суперкомпьютерлер іске қосылды. «Жасанды интеллект туралы» заң қабылданды. Ендігі басты мақсат – адам капиталын жинау. Сондықтан білім беру жүйесі де жаңа талаптарға бейімделуде. Жуырда Жасанды интеллект мамандандырылған зерттеу университеті ашылады.
Ғиззат Байтұрсынов, ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Цифрлық активтер және серпінді технологиялар комитетінің төрағасы:
- 2025 жылы мемлекет жекелеген бастамалардан кадр даярлаудың ауқымды әрі жүйелі моделіне көшті. Сондықтан білім беру бағдарламаларын дамытуға, әсіресе мектеп оқушылары, студенттер, мемлекеттік қызметшілер, IT-мамандар және бизнес өкілдерін сала бойынша оқытуға басымдық берілді. Тек бір жыл ішінде 500 мыңнан астам азамат білім алып, AI экономикасы үшін ауқымды кадрлық базаны қалыптастыруға мүмкіндік берді.
Бұл бағыттағы жұмыстар Қазақстанды тұтынушы ел емес, өз технологиясын жасап, әлемге экспорттай алатын елге айналдырмақ. Себебі дәл осы білікті кадрлар, цифрлық державаның негізін қалайды.
Автор: Дана Әлиева.