Депутаттар саны мен заң қабылдау тәртібі қалай өзгереді? Бұл көптің көкейінде жүрген сұрақтар. Себебі саяси жүйеде ауқымды өзгерістер болады. Конституциялық реформаны депутаттар да белсенді талқылауда.
Парламентті реформалау – күн тәртібіндегі өзекті мәселе. Алдағы уақытта елде бірпалаталы Парламент құру ұсынылып отыр. Жаңа жүйе заңдарды ұзаққа созбай, жедел қабылдауға мүмкіндік береді. Халықаралық тәжірибеде де бұл тиімді тәсіл ретінде дәлелденген.
Сергей Пономарёв, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Бұрын заң жобасы Мәжілісте де, Сенатта да бірнеше рет қаралатын. Енді бар болғаны үш оқылым болады. Заң жобаларын қарау мерзімі екі аймен шектеледі. Осылайша заңдар анағұрлым жедел қабылданады.
Реформа аясында Парламенттегі депутаттар саны 145 мандатқа дейін қысқарады. Олардың барлығы партиялық тізім бойынша 5 жыл мерзімге сайланады. Бұл кәсіби әрі тұрақты Парламент қалыптастыруға бағытталған қадам. Сонымен қатар Мемлекет басшысы президенттік квота мен Қазақстан халқы Ассамблеясының квотасын алып тастауды ұсынды. Ассамблеяның орнына жаңа қоғамдық институт – Халық кеңесі құрылады.
Марат Башимов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Халық кеңесі – халық пен Парламент арасындағы маңызды көпір. Төменнен көтерілген бастамалар осы кеңес арқылы Парламентке жетеді. Бұл ішкі саяси тұрақтылықты, этносаралық және дінаралық келісімді нығайтуға мүмкіндік береді.
Халық кеңесінің құрамына 126 адам енеді. Онда этномәдени бірлестік пен қоғамдық ұйым өкілдері және мәслихат депутаттары болады. Сарапшылардың пікірінше, бұл реформалар елдегі билік жүйесін жаңартып, халықтың саяси белсенділігін арттырмақ.
Дана Әлиева