Премьер-министр шетелдік инвесторлармен кездесті

  • 398
  • 29.01.2026, 21:30

Үкімет барлық салада инвесторлармен сындарлы диалог орнатуға әзір. Президент жанындағы шетелдік инвесторлар кеңесінің аралық отырысын өткізген Премьер-министр Олжас Бектенов осылай деді. Жиында инвесторларды қолдау және жасанды интеллектінің көмегімен жаңа буынның жоғары технологиялық өндірістерін қалыптастыру мәселелері қаралды. Қойылған міндеттерге қол жеткізу үшін институционалдық құрылым қалыптастырылды. Құны 1 млрд доллардан асатын Playrix, Mytona және NetCracker сияқты ірі компаниялар отандық нарыққа кірді. Отырыста инвестициялық саясатты жүзеге асыру, энергетика, экология және мұнай-газ саласы, фармацевтика өнеркәсібін дамыту және өзге де мәселелер бойынша бірлескен жұмыс топтарының баяндамалары тыңдалды. Сондай-ақ Үкімет басшысы шетелдік компаниялардың басшыларымен кездесу өткізді.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі: 

-Біз шетелдік әріптестердің еліміздің инвестициялық ахуалын нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалаймыз. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Үкімет белсенді инвестициялық саясатты енгізу бойынша жұмыс жүргізуде. Еліміздің жаңа инвестициялық циклін іске қосу аясында инвестициялық саясаттың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы өзектендірілді. Мемлекет басшысы атап өткендей, жасанды интеллекттіні дамыту және Қазақстанды үш жыл ішінде толыққанды цифрлық елге айналдыру – негізгі ұлттық басымдықтардың бірі.