Конституциялық комиссия: өлім жазасына түбегейлі тыйым салу ұсынылды

  • 348
  • 29.01.2026, 21:35

Астанада Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиын барысында Ата Заңға енгізілетін негізгі өзгерістер талқыланды. Комиссия мүшелері жекелеген түзетулермен шектелмей, жаңа Конституция қабылдау қажеттігін атап өтті. Комиссия мүшелері өлім жазасына түбегейлі тыйым салуды ұсынып отыр.  

Конституция – елдің басты құжаты. Ал оны жаңарту уақыт талабы. Бүгінге дейін комиссияға осы бағытта екі мыңға жуық ұсыныс келіп түскен. Өзгерістер елдің бас құжат мәтінінің 84 пайызын қамтиды. «Сондықтан қолданыстағы негізгі заңға бөлшектеп түзету енгізбей, жаңа редакция қабылдау қажет»,-дейді жиналғандар.

Дәния Еспаева, ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары:

- Біздің алдымызда тарихи таңдау тұр. Ол мүлдем басқа, сын қатерлерді шешу үшін енгізілген құжатқа өзгерістер енгізуді жалғастыру немесе қазіргі жағдайда, қоғамның талап тілегіне және жаһандық даму стандарттарына нақты жауап беретін жаңа Конституцияны дайындау. Бұл мемлекеттің тұрақты дамуы үшін берік болатын жаңа конституция. Сондықтан біздің міндетіміз батыл шешім қабылдап, азаматтарға еліміздің жаңа негізгі заңын ұсыну. 

Отырыс барысында адам құқықтарын қорғау мәселесіне ерекше назар аударылды. Сот шешімінсіз ұстауға жол бермеу кепілдіктері, құқық қорғау органдарының ұсталған азаматқа сол сәттің өзінде құқықтарын түсіндіру міндеті секілді түйінді сұрақтар қамтылды. Сондай-ақ Комиссия мүшелері Конституцияда өмір сүру құқығының абсолютті сипатын нақты бекіту қажеттігін айтты. Бұл норма өлім жазасына толық тыйым салуды көздейді.

Сергей Пономарев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

-Өмір сүру құқығы – барлық құқықтар мен бостандықтардың негізі. Сондықтан оны Конституцияда абсолютті және ажырамас құқық ретінде бекіту маңызды. Ең бастысы өлім жазасына түбегейлі тыйым салу. Бұл Ата Заңның гуманистік сипатын күшейтіп, Әділетті Қазақстан қағидатына нақты мазмұн береді.

Жаңа Конституция жобасында отбасы мен баланы қорғау күшейтіліп, неке институтын нығайтуға бағытталған нормалар қарастырылған. Сондай-ақ білім беру мен тәрбиенің зайырлы сипатын Конституция деңгейінде бекіту ұсынылды. Комиссия мүшелері барлық өзгерістер қоғамның бүгінгі талабына сай келеді деген сенімде.

Дана Әлиева