Конституциялық комиссия жұмысының қорытындысы таныстырылды

  • 462
  • 16.02.2026, 21:36

Дипломатиялық корпус Конституциялық реформа жөніндегі комиссия жұмысының қорытындысымен танысты. Арнайы брифингке Қазақстанда тіркелген мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың 77 өкілдігінің елшілері мен басшылары қатысты. Ата Заң жобасында адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандығы басты құндылық ретінде айқындалған. Меншік құқы, тұрғын үйге қол сұқпау, дербес деректерді қорғау кепілдіктері күшейтіліп, азаматтардың цифрлық ортадағы хақы бекітілді. Мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың заңсыз әрекетіне қатысты мемлекеттің конституциялық жауапкершілігі енгізілді. Бұдан бөлек қоғамда халықаралық шарттық міндеттеме немесе халықаралық құқықтық қағидаттарға қатысты бас тарту мүмкіндігі туралы пікір туған. Алайда оған алаңдау орынсыз, - дейді сыртқы істер министрінің орынбасары.

Арман Исетов, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары:

-Өзгеріс міндеттемелерден бас тартуға емес, олардың қолданылу тәртібіне қатысты болмақ.  Осылайша Конституцияның жаңа редакциясы халықаралық шарттардың ҚР-ның аумағында қолданылу тәртібі заңдармен реттелетінін белгілейді. Бұл қалыпты және кең тараған тәжірибе. Конституция жобасында нақты халықаралық құқық қағидалары мен нормаларын құрметтеу басты принцип ретінде көрсетілген. ҚР оның сақталуына өзінің өзгермейтін адалдығын сақтайды.

Түрлі саладағы 130 адамнан құралған Конституциялық реформа жөніндегі комиссия тікелей 12 отырыс өткізді. Ол 1 миллиондай қаралым жинады. Сондай-ақ тақырыптық мәселе көтеріліп, комиссия мүшелері жария талқылаулар мен кездесулерге қатысты. Конституция жобасын халық назарына ұсыну үшін екі рет жарияланды. Екінші редакция азаматтардан түскен ұсыныстарды ескере отырып, пысықталған жоба болды. Шамамен 12 мың өтініш қабылданып, едәуір бөлігі мәтінді пысықтау барысында ескерілді.

Эльвира Әзімова, ҚР Конституциялық сот төрағасы:

-Конституция жобасындағы жаңашылдықтың бірі бұл - зайырлылық мәселесі. Өздеріңіз білетіндей, бірінші бапта Қазақстанның демократиялық, құқықтық және зайырлы мемлекет екені айқындалған. Зайырлылық қағидасы нақты нормативтік тұрғыда бекіді. Атап айтқанда, дін мемлекеттен бөлінген, ал білім беру жүйесі зайырлы сипатқа ие. Құқықтар, бостандықтар мен міндеттер туралы бөлім бізде бұрыннан көзделген дәстүрлі кепілдіктерді сақтайды. Сондай-ақ олардың мазмұнын күшейте түседі.