7 жылда экономика 1,5 есеге, ауыл шаруашылығы екі есе, өнеркәсіп 3 есеге жуық өсті. Шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі артып, орнықты дамуға қол жеткізе алдық. 1 мың шақырымға жуық темір жол салынып, 25 мың шақырым автожол қайта түледі. Бұл мәліметтердің бүгінгі ньюсмейкері еліміздің Премьер-министрі. Олжас Бектеновтың еліміз 7 жылда қол жеткізген нәтижелері туралы мақаласы жарық көрді. Тағы қандай бағытта өсім байқалады?
Сонда премьер сөйледі, сөйлегенде бүй деді. Дәлірек айтсақ жазды. Қазақстан әлемнің аса ірі 50 экономикасының қатарына кірді. Бұл факт. Әрине, оның сыртында қыруар еңбек пен жұмыс жатыр. Ал оның сандардағы көрінісіне тоқтала кетейік. Бектенов мырзадан статистика.
ЖІӨ көлемі 2019 жылы 182 млрд долларға жуық болса, былтырғы жыл қортындысына сәйкес ол 306 млрд долларға жуықтады. Жан басына шаққандағы үлесі 7 жыл бұрын 9,8 мың доллар болса, қазір 15 мың долларға жетіп отыр. 2019 жылы өңдеу өнеркәсібінің көлемі 11,5 трлн тг болса, қазір 30 трл-нан асып кетті. Сол секілді ауыл шаруашылығында да өсім айтарлықтай. 5.2 трнл-нан 10,5 трлн-ға дейін жетіп отыр. 7 жылда бизнесті қолдау артты. 19 жылы 3 трлн-ға жуық болса, қазір 10,5 трл-нға жақындап қалды. Сондай-ақ 7 жыл бұрын негізгі капиталға 12.6 трлн тг инвестиция тартылса, 25-тің қортындысына сәйкес, ол 22,7 трлн-нан асып кетті.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі: - Аталған көрсеткіштердің сыртында жаңадан бой көтерген ондаған ірі зауыт пен мыңдаған жұмыс орны тұр. Қостанай облысында KIA автокөліктерін шығаратын және шойын құю зауыттары іске қосылды, Қарағанды облысында тұрмыстық техника мен автомобиль шиналары, Атырау облысында полипропилен өндірістері жолға қойылды. Алматы облысында вольфрам концентраты шығарыла бастаса, Павлодар облысында теміржол техникасына арналған қосалқы бөлшектер өндірісі, Шымкентте алюминий қаптама өндірісі мен бағалы металдарды қайта өңдеу және басқа да көптеген өндіріс орны жұмысын бастады.
Экономика бұл әсілінде жалаң ұран мен құрған статистика емес. Жеткен межені сақтап қалу – мұрат. Яғни әлемдегі шикізат бағасының құбылуы, геосаяси оқиғалар мен басқа да сыртқы сын қатерлерге төтеп бере алатын тыл қажет. Бұл ретте шағын кәсіпкерлік алдыңғы қатарға шығады. Сол себепті Президент оның экономикадағы үлесін арттыру міндетін қойды.
Фархат Сәрсекеев, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ басқарма төрағасы:
- 2019 жылдан бері 176 мың жобаға қолдау көрсеттік. Жалпы сомасы 11,5 трлн теңгені құрайтын несиелерді жеңілдетіп, өз құралдарымыз арқылы шағын және орта бизнеске қолдау жасадық. Осы шағын және орта бизнестің шығарған ішкі өнімі 7 жылдың ішінде 107 трлн теңгені құрады.
Нұрлан Нұрмағанбетов, Астана қаласы «Атамекен» аймақтық кәсіпкерлер палатасының кеңес мүшесі:
- Мемлекет басшысы көлік-транзиттік бағытты дамыту қажеттілігін үнемі көтеріп келеді. Еліміздің географиялық орналасуы мен көліктік әлеуетін жеке бір басым сала ретінде қарастыруға болады. Шығыс пен Батысты жалғайтын дәліз ретінде қазіргі таңда Транскаспий көлік бағыты дамытылып жатыр. Бұл елімізге транзиттік түсімдермен қатар, үлкен экспорттық мүмкіндіктер әкеледі.
7 жылда елімізде 1 мың шақырымдай жаңа шойын жол салынып, 9,5 мың шақырымы қайта жөндеуден өтті. Қорғас құрлық портын кеңейту нәтижесінде контейнер тасымалы 100 мың тоннаға, Ақтау, Құрық порттарын кеңейту есебінен жүк тасымалы 22 млн тоннаға дейін жетті. Сонымен бірге 25 мың шақырым автожол жөнделіп, Орталық-Оңтүстік, Орталық-Шығыс, Шығыс- Батыс өңіраралық ішкі көлік дәліздері жолға қойылды.
Экономиканың драйверіне айналған іргелі саланың бірі – құрылыс. Тек былтырдың өзінде ғана 20 млн шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілді.
Экономиканың тұрақты өсуі мемлекеттің ең басты әлеуметтік саясатын одан әрі жалғастыруға мүмкіндік беріп отыр.
- 2025 жылы 9,3 трлн теңгеден астам қаражат әлеуметтік бағытқа, көмекке мұқтаж жандарға жұмсалды. Бұл жалпы ел бюджетінің 36 пайыздан астамы. Яғни экономикалық өсім біздің ТМД кеңістігіндегі әлеуметтік мемлекет ретіндегі жетекші рөлімізді орнықты сақтауға мүмкіндік береді.
«Қасым-Жомарт Тоқаев ел тізгінін қолына алған жеті жыл дағдарыстарға жедел әрекет етуден жүйелі дамуға көшу кезеңі болды: экономика анағұрлым әртараптандырылған, инвестициялар орнықты, инфрақұрылым барынша сенімді, әлеуметтік саясат мейлінше тиімді бола түсті», - деп түйіндеді Премьер-министр. Ол мақала соңында Әділетті, қуатты әрі өркендеген Қазақстанды құру үшін Президенттің Конституцияны жетілдіру бастамасын қолдауға шақырды.
Берік Дүйсенбай