Орталықта жасанды интеллект саласындағы ғылыми зерттеулер мен білім беру бағдарламалары жүргізіліп, стартап-бастамалар мен басқа да қолданбалы шешімдердің енгізілуіне жағдай жасалады.
Іске асырылып жатқан жобалар ЖИ технологиясын мемлекеттік секторда, бизнесте және күнделікті өмірде қолдануға мүмкіндік береді.
Жалпы, Орталық Мемлекет басшысының Қазақстанды технологиялық, заманауи және бәсекеге қабілетті елге айналдыруды көздейтін стратегиялық бағдарын орындау мақсатында құрылған.
Президент Орталықты аралау барысында Astana Smart City жобасының іске қосылғанына куә болды.
Бұл – интеллектуалды қала инфрақұрылымының жаңа буынын қалыптастыратын маңызды бастама.
Presight.AI компаниясының бас директоры Томас Прамотедхам қала жүйелері мен деректерді нақты уақыт режимінде біріктіретін бірыңғай АІ-платформаны, сондай-ақ оның шаһарды басқару тиімділігін арттыру барысындағы қолдану мүмкіндіктерін таныстырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар білім беру бастамасын іске қосу рәсіміне қатысты
Президенттің тапсырмасымен 2024 жылы Astana Hub жанынан Tomorrow School жасанды интеллект мектебі құрылған болатын. Енді оның табысты тәжірибесі ел көлемінде таратылмақ.
Мемлекет басшысы телекөпір арқылы 14 өңірдегі Tomorrow School мектептерінің желісін ашты.
Бұл мектепте кәмелет жастан асқан, соның ішінде ақпараттық технология саласына жаңа қадам басқан азаматтар тегін білім алады.
Тағы бір білім беру алаңы – цифрлық және шығармашылық дағдыларды меңгергісі келетін 12-18 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған TUMO Astana креативті технологиялар орталығы
Мұнда генеративті жасанды интеллект, бағдарламалау, ойын ойлап табу, анимация, 3D-модельдеу, роботты техника, киноөнім және цифрлық музыка секілді 11 техникалық және креативті бағыт бойынша білім беріледі.