Суперпрезиденттік басқару формасынан бас тартуды одан әрі жалғастыру, вице-президент лауазымы және Президенттің өкілеттіктері мен міндеттерін қамтитын Конституциялық заңның жобасы, Парламент палаталарының бірлескен отырысында, бірінші оқылымда мақұлданды. Сондай-ақ заң шығарушылар «Бірпалаталы Құрылтай» және «Сайлау туралы» Конституциялық заң жобаларын қарап, бірінші оқылымда мақұлдады. Заңнамалық өзгерістер елдің саяси жүйесін түбегейлі өзгертетін тағдыршешті қадамдардың басы болмақ.
8 тарау, 43 бап. Ауқымды құжат. Саяси жүйеге үлкен өзгерістер әкелуі тиіс Президент туралы Конституциялық заңның көлемі бұл. Өзгермейтін бағыт біреу суперпрезиденттік басқару нысанынан алшақтау жалғаса береді. Бірақ Мемлекет басшысының қолы қысқарып қалады деген сөз емес. Ол бас прокурор, Конституциялық сот, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, жоғарғы аудиторлық палата, Орталық сайлау комиссиясы, Ұлттық банк, мемлекеттік күзет қызметі төрағаларын тағайындауға қақылы. 1-тарау Президент мәртебесі, қызметке кірісу тәртібі, өкілеттік мерзімі мен қызметтік шектеулерді қамтиды. Шектеулер жақын туыстарының мемлекеттік қызметте болмауы сияқты талаптарды қамтитын, 2022 жылдан белгілі қағидаттар болса, 4-тарауда Президентке қосымша құзырет беретін де жағдайлар қарастырылған.
Ерлан Сәрсембаев, ҚР Әділет министрі:
-Конституциялық заң, не заң күші бар Жарлықтар шығару мүмкіндігі қарастырылған. Бұл Конституциялық шектеулерді сақтай отырып, мемлекеттік басқарудың жеделдігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Яғни қарапайым тілмен тәпсірлесек, Құрылтай өкілеттігін мерзімінен тоқтатқанда немесе уақытша болмаған жағдайларда Президентке жаңағы мүмкіндік беріледі. Бұл заңның басты жаңалығы вице-президент институтының енгізілуі болып отыр. Бірақ оның жұмысы басқа елдердегідей халықаралық кездесулерде жымиып қойып, келіссөздер өткізумен шектелмейді. Шаруасы шаш етектен болмақ.
Үнзила Шапақ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Вице-президент мемлекеттегі екінші адам ретінде мемлекеттік басқарудың үздіксіздігі мен бүкіл саяси жүйенің тұрақтылығын сақтау өкілеттіктеріне ие болады. Вице-президент тепе-теңдік құралы болып қана қоймай, ең алдымен мемлекеттік саясатты іске асырудың үздіксіздігін қамтамасыз етіп, басқарушылық жүйені өзіне алатынын атап өткен жөн деп санаймын.
Саяси жүйені түбегейлі өзгертетін маңызды құжат – Құрылтай туралы Конституциялық заң. Болашақ Парламент бір палатадан, 145 депутаттан қалыптасады. Депутаттар пропорционалдық негізде яғни партиялық тізім арқылы 5 жылға сайланады. Құрылтай не істейді деген сұраққа келсек.
Ғалиасқар Сарыбаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
-Заң шығару қызметін жүзеге асыру, республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есепті бекіту, сондай-ақ атқарушы билікке бақылау жүргізудің өзге де тетіктері қарастырылған. Депутаттардың тәуелсіздігін қамтамасыз ету мен олардың қоғам алдындағы жауапкершілігі арасындағы теңгерімі сақталған.
Құрылтай сондай-ақ мемлекеттік органдарды қалыптастыруға қатыса алады және Парламенттік бақылауды іске асырады. Құжатта оның Үкіметпен өзара іс-қимыл жасау тәртібі де көзделген. Бірақ, сұрақ.
Нұрсұлтан Байтілесов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Біз жаңа ғана қарастырған Президент туралы Конституциялық заң жобасында Премьер-министрдің Президент алдында тұрақты түрде есеп беру тәртібі нақты көрсетілген. Яғни Премьер-министрдің Құрылтайдың алдында баяндау тәртібі ашық қалып отыр.
Айдос Сарым, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Құрылтай сайланған кезде алғашқы оның шақырылымы, ең алдымен қабылдайтын құжаты регламент болмақ. Соның ішінде барлық тетіктері, барлық тәртібі көрсетілетін болады. Жалпы заңның өзі көрсетіп отырғандай Парламенттің қоғамдағы рөлі, оның фракцияларының рөлі еселеп артып келе жатыр. Сол себепті болашақта Премьер-министр де, оның орынбасарлары да Парламентке жиі келетін болады деп есептейміз. Заңның ішінде тек қана бір ғана мәселені көрсетуге болатын сияқты, ол кемінде жылына бір рет дегендей бапты көрсетсек, қалғаны болашақта жұмыс тәртібінде анықтала жатар.
Әкімдердің сайлауында да тың өзгеріс. Кандидаттар бірдей дауыс жинаса, аумақтық сайлау комиссия бір айдан соң қайта дауыс беруді өткізеді. Үміткерлер сайлау қорынан тыс қаражатты үгіт насихатқа пайдалана алмайды. Айтпақшы сайлау комиссияларының өздеріне жауапкершілік қатаңдайды. Бұра тартушылыққа жол беріп, 6 ай ішінде қайталанса өкілеттігі тоқтатылады. Бұл нормалар сайлау туралы Конституциялық заңның қағидаттары.
Осылайша бүгін мәжілісмендер мен сенаторлар саяси бағытты айқындап, оған құқықтық негіз қалайтын 3 бірдей Конституциялық заңды мақұлдады. Өзгерістер 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Сессия соңына дейін әлі бірнеше осындай ірі құжаттармен жұмыс күтіп тұрғанын ескерсек, депутаттық корпустың жұмысы 24/7 деген бағаға сұранып тұр.
Берік Дүйсенбай, Айдос Меделбеков