Парламенттің бірлескен отырысында мақұлданған «Президент» және «Халық кеңесі туралы» құжаттарға кеңірек тоқталсақ. Мемлекет басшысы халық бірлігі мен мемлекеттік биліктің, адам құқықтары мен бостандықтарының кепілі болып қала береді. Құрылтайдың келісімімен Вице-Президентті, Премьер-министрді және өзге де басшылар мен сот судьяларын тағайындайды.
Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Президент туралы» Заң жобасының әрбір тармағы нақты түсіндірілді. Заңның негізгі нормалары Мемлекет басшысының бірқатар маңызды ұйым төрағаларын жеке тағайындау құқығын бекітеді. Бұдан бөлек, Вице-Президент институты енгізіліп, оның құқықтық жағдайы айқындалады.
Үнзила Шапақ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Конституциялық Заңының жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Вице-Президентінің құқықтық жағдайын айқындайды. Заң жобасы 8 тараудан және 43 баптан тұрады және қолданыстағы Конституциялық заңмен белгіленген құқықтық реттеудің негізгі қағидаттарының мирастық сабақтастығын сақтап қалды.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Вице-Президент Үкіметпен, мемлекеттік органдармен және Құрылтаймен өзара әрекет етеді. Құрылтай демекші, бүгін бұл туралы заң да қабылданды. Оның құрамында бес жыл мерзімге сайланатын 145 депутат болады. Ең бастысы заң қабылдау ісі анағұрлым тез жүрмек. Сондай-ақ Үкімет мүшелері мен өзге құрылымдардың басшыларын және өкілдерін тағайындауға қатысады.
Марат Башимов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Заңдар тіпті кәсіби деңгейге көтеріледі, жауапкершілік көтеріледі. Сондай нәрселер қазір Құрылтайдың компетенциясына кіргізілген. Содан кейін келісім бергенде, Вице-Президентке келісім берген, Премьер-министрге келісім берген, бүкіл министрлерге консультациялар. Оның бәрі Құрылтайдың күшін күшейтіп бара жатыр.
Парламент мақұлдаған тағы бір маңызды құжат «Қазақстан Халық кеңесі» туралы заң қоғам мен билік арасында «алтын көпір» орнатуға сеп болмақ. «Яғни халық үнін тиісті органдарға жеткізуде рөлі айрықша болады», - дейді депутаттар. Қызметі Қазақстан халық Ассамблеясы, бұған дейін жұмыс істеген құрылтайдан жоғары болатынын айтады. Ал құрамына 18 жасқа толған азаматтар қабылдана алады.
Аманжол Әлтай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Халық кеңесі заң жобасын дайындайды. Халық кеңесіндегі жүйелі, тұрақты жұмыс істейтін хатшылық, халықтан жүйелі түрде келіп отыратын не болмаса «Халық Кеңесі» көтерген мәселелердің барлығын жинақтап, сараптап, таразылап, сол арқылы заң жобаларын дайындауға қатысады. Сөйтіп, тікелей Құрылтайға өзінің дайындаған заң жобаларын ұсынады.
Аталған заңдардың барлығы да екінші оқылымда қабылданды.
Әнуарбек Мырзатайұлы, Самат Сүлейменов