Мемлекет басшысы қол қойған құжаттар мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртып, билік тармақтарының өкілеттіктерін нақтылауға арналған. Ең басты жаңалықтардың бірі – Вице-Президент институтының енгізілуі және заң шығарушы орган ретінде Құрылтайдың құрылуы. Астанасының мәртебесі бекітіліп, елді мекендердің құрылымдық және басқа да мәселелері реттеледі. Жаңа институт - Халық Кеңесі құрылады.
Президент қол қойған заңдардың алғашқысы – «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» конституциялық құжат. Заңдағы негізгі жаңалық – Вице-Президент институтының құрылуы. Ол Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасап, Президент айқындаған міндеттерді орындайды.
Мұрат Әбенов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Вице-Президент дегенді ұсынды. Бұл дүниежүзінде өз-өзін өте жақсы көрсеткен жоба. Президенттің өзі халықаралық деңгейде жұмыстарын жүргізетін болса, елдің ішіндегі, нақты заңдармен жұмыс істеу немесе нақты пікірін айту ол да Вице-Президентке тиесілі болады деп мен өзім болжам жасай аламын. Оның нақты қандай функция атқаратынын Президент өзі белгілейтін болады.
Екінші маңызды құжат – «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» конституциялық заң. Оның құзыреті де ауқымды. Жаңағы айтқан Вице-Президент, сосын Премьер-Министрді тағайындауға келісім береді. Оған қоса, Конституциялық Сот пен басқа да маңызды мемлекеттік органдар мүшелерін бекітуге қатысады. Құрылтай заң шығарушы билікті жүзеге асыратын ең жоғары өкілді орган болады. Оның құрамына партиялық тізім бойынша сайланатын 145 депутат кіреді. Депутаттардың өкілеттік мерзімі бес жыл.
Мұқаш Ескендіров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Оның төрағасы мемлекеттік тілді меңгерген депутаттар арасынан Президент ұсынады. Ол 8 комитеттен тұрады. Заң кіргеннен бастап барлығы бір қабырғада талқыланады. Менің ойымша, бұл Құрылтайдың жауапкершілігін арттырады. Ертең заңымыз нашар жұмыс істесе, олықылқтар болатын болса, Құрылтай жауап береді. Егерде заңымыз жақсы болса, жақсы сөздің бәрі Құрылтайға болады.
Үшінші заң – «Қазақстан Халық Кеңесі туралы» конституциялық заң. Ол консультативтік орган ретінде құрылады. Құрамына өңірлер, қоғамдық ұйымдар және этномәдени бірлестіктердің өкілдері енеді. Оның басты мақсаты – мемлекет пен қоғам арасындағы ашық диалогты дамыту және азаматтық қоғамның ішкі саясатқа қатысуын кеңейту.
Мағеррам Мағеррамов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Қазақстан Халық Кеңесі – жаңа конституциялық институт. Бұл жоғары өкілді консультативтік-кеңесші орган болады. Оның құрамы басымдық қағидаты бойынша қалыптастырылады. Олар ішкі саясаттың негізгі бағыттары бойынша ұсыныстар әзірлеу құқығына ие. Сонымен қатар Қазақстан Халық Кеңесі заң жобаларына бастамашы болып, оларды қарау үшін Құрылтайға жолдай алады.
Төртінші құжат – «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы» конституциялық заң. Ол бас қаланың құқықтық, экономикалық және ұйымдастырушылық негіздерін айқындайды. Қала әкімдігі, мәслихат және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының өкілеттіктері нақты белгіленген.
Олжас Құспеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Бұл заң аясында Астана өз шекарасында ғана дамып қоймай, маңындағы ауылдары, сыртындағы орманы барлығы бірге дамитын болады. Астананың Бас жоспары бекітілгенде осының барлығы ескеріледі. Қалада көліктің қозғалысын реттейтін орталық пайда болады. Кептеліс мәселесі, жүргіншілердің қауіпсіз жүруі.
Қазақстанда 6 мыңнан астам ауыл бар. Олардың шекараларының өзгеруі, елді мекендердің бір-біріне қосылуы, жабылуы немесе ашылуы тағы басқа сұрақтар жиі кездеседі. Оны реттеуде «Әкімшілік-аумақтық құрылыс туралы» конституциялық заң негізге алынады. Бұл да Президент қол қойған құжаттардың бірі.
Али Бектаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Ең бірінші енгізілген мәселе – қандай өзгеріс болса да, ең бірінші халықтың қатысуымен өтетін жиындар арқылы, солардың келісімімен жүргізілетіндігі нақты енгізіліп отыр. Екіншіден, ауылдық кеңестің, ауыл әкімшіліктерінің рөлі көтеріліп отыр. Солардың ұсынысымен өзгеріс енгізіледі деген мәселе бар.
Осылайша қабылданған бес конституциялық заң жаңа саяси модельдің құқықтық негізін қалыптастырады. Сарапшылардың пікірінше, бұл құжаттар – билік институттарының жауапкершілігін күшейтіп, мемлекеттік басқару жүйесінің ашықтығы мен тиімділігін арттыруға бағытталған маңызды қадам.
Ердәулет Ыбырайұлы, Аманжол Байғазин