Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Қытай Халық Республикасына барды. Сапар барысында Президент 16-17 шілде күндері World Artificial Intelligence Conference (WAIC 2026) жиынына қатысады. Дүниежүзілік конференцияда тараптар жасанды интеллектіні басқару мәселелерін ортаға салмақ. Екіжақты келіссөздер жүргізіліп, бірнеше құжат алмасады деп күтілуе. Ол қандай құжаттар? Қытай елімен қай бағытта келісімдер жасалмақ?
Еліміз алдағы жылдары нейрожеліні барлық салаға жаппай енгізуді көздеп отыр. Арнайы заң қабылданып, Жасанды интеллект және цифрлы даму министрлігі де құрылды. Толығымен цифрлы мемлекетке айналуды мақсат еткен Қазақстанның озық технология саласында зор табысқа жеткен Қытай елімен жасанды интеллект саласында тізе қосуы мол мүмкіндік.
Біз қазір Қытайдағы ірі қала Шанхайдың орталығында тұрмыз. Бұл көне мен жаңа, шығыс пен батыс, Еуропа мен Азия үйлесім тапқан шаһар. Мамандар осынау қалада өтетін конференция дәстүрлі ІТ мен замануи нейрожеліні үйлестіре отырып, түрлі салаға түрен салуға сеп болады деп отыр. Бұл ретте Қытай АҚШ-пен бәсекелесетін әлемдегі екінші ірі орталық. Ел 2027 жылға қарай ЖИ индустриясында жаһандық көшбасшы болуды мақсат етіп, осы салаға триллиондаған юань инвестиция құюда. Қытайлық ЖИ бүгінде ауыл шаруашылығынан бастап, медицинаға дейін кеңінен қолданылады.
Қазбек Майгелдинов, саясаттанушы:
- Бұл жерде 2 мәселеге назар аударумыз керек. Технологиялық трансферт мәселесі. Оның әрине, алғашқы қадамдары жасалып жатыр. Мәселен, Лубиян шеберханалары Қазақстанның бірнеше ЖОО аясында ашылып жатыр. Өзіміздің жергілікті кадрларымызды кәсібилігін арттыруға назар аудару керек сияқты. Екінші мәселе – ішкі технологиялық әлеуетімізді күшейту. Мысалы, Алатау city жобасын көріп отырмыз, ол жерге Қытай инвестициясы, Оңтүстік Корея, АҚШ, Еуропа елдерінің инвестициясы құйылайын деп жатыр. Тура осындай мәселені технологиялық трансфертте де қарастырумыз керек.
2019 жылы шымылдығын түрген конференцияға Илон Маск, Джек Ма сынды ІТ саласының алпауыттары қатысқан. Сол жылдардан бері бұл іс-шара технология саласындағы ынтымақтастық пен тәжірибе алмасудың таптырмас алаңына айналды.
Қайрат Айтбай, сыртқы экономикалық қызмет және инвестициялар субъектісі кәсіпкерлері қауымдастығының төрағасы:
- Мемлекет басшысының бұл сапарынан жүйелі түрде жасалып жатқан жұмыстың одан бір жоғары дәрежеге көтерілуін күтіп отырмыз. Цифрлық дамуда Е-резидент дейді. Президенттің жарлығы шықты. Ол деген сөз Резидент емес адамдар счет аша алады. Ақшаларын әкеле алады. Миллиардтаған оборот жүріп жатыр. Соны осы біздің МФЦ құрылуына Президенттің жаңа инвесторларды тартудың көзін ашып, е-резидент платформасына қол қойғаны бұл көп елді таңғалдырды. Қазақстанға келмей-ақ өз қаржыларын жіберіп, өзінен жұмыс істей беретін болады. Бұл биылғы жылдың жаңалығы деп айтуға болады.
Қазақстан мен Қытай 1992 жылдан бері дипломатиялық қатынас орнатып келеді. Осынау жылдар ішінде еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР төрағасы Си Цзиньпин 9 рет кездескен. Кездесулер нәтижесіз болған емес. Бүгінде Қытай Қазақстанға инвестиция тартудан 4-ші орын алады. Бұл да 2023 жылы күшіне енген Қазақстан мен Қытай арасындағы визасыз режимнің әсері болса керек. Себебі әйгілі Нанджин-лу көшесінен өзіміздің қаракөздерімізді де кездестіріп қалдық. Ал жергілікті жұрт Қазақстан жайлы білгенімен бөліскісі келді.
Иә, қытайлықтардың жиі айтатын сөзі – Куо-лей. Бұл жолы да алпауыт ел Қазақ елін бері кел деп ынтымақтастың жаңа деңгейіне шақырып отыр. Олай болса, ертеңгі келіссөздер болашаққа бастар соны жол болмақ.
Құралай Жұмахан, Айдос Меделбеков, Досхан Қораз