Көпқабатты үйлерді жаңғырту, ескірген лифтілер мәселесі: Коммуналдық саладағы қордаланған мәселелер бүгін Жалпыұлттық социал-демократиялық партия өкілдері ұйымдастырған басқосуда талқыланды. Ақтөбеде өткен шараға пәтер иелері кооперативі және мүлік иелері бірлестігі басшылары қатысты.
Ал Жезқазғанда Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының өкілдері тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласының қызметкерлерімен кездесті. Тараптар тұрғын үйлерді абаттандыру жұмыстарын жетілдіру, халыққа көрсетілетін коммуналдық қызметтердің сапасын арттыру бойынша жұмысшылардың ұсыныстарын тыңдады.
Павлодар облысының Аққулы ауданында өткен жиында Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясынан Құрылтай депутаттығына үміткерлер сайлауалды бағдарламаның негізгі бағыттарын таныстырды. Кездесу барысында тұрғындар кибер алаяқтықтың алдын алу, жайылым жерлердің тапшылығы, ауызсу мәселесі және жастарды ауылда тұрақтандыру сияқты өзекті мәселелерді көтерді.
Роза Жүсіпова, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының филиал төрағасы:
-Ауылдардың айналасында қарапайым адамдардың жекеменшік мал жаятын жайылым жерлері қалмаған, көп аудандарда сондай сұрақ көтеріліп жатыр және су мәселесі, жұмыс орындарының мәселелері, жол мәселелері, жастарды ауылға қалай оралтамыз, қандай жағдай жасаймыз жастар үшін сондай сұрақтар көтеріліп жатыр ауылды жерде.