ШЫҰ саммиті аясында өткен кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиевке Қазақстандағы ауқымды саяси реформалар мен алғашқы бір палаталы Құрылтай сайлауының нәтижесі жөнінде әңгімеледі. Мемлекет басшысы елдің саяси өміріндегі аталған тарихи уақиға жан-жақты жаңғыру жолындағы маңызды кезең саналатынын атап өтті. Президент Құрылтай сайлауының өтуіне байланысты білдірген жылы лебізі, сондай-ақ Әзербайжан өкілдерінің байқаушылар миссиясы құрамындағы белсенділігі үшін Ильхам Әлиевке алғыс айтты.
– Еліміздің тарихында бұл сайлау тұңғыш рет халықаралық ұйымдар тарапынан бірауыздан оң бағаға ие болды. Құрылтай Әзербайжан Парламенті – Милли Мәжіліспен белсенді жұмыс істеуге ниетті. Мен өз тарапымнан осы бағыттағы ынтымақтастықты барынша қолдаймын. Мемлекетаралық қарым-қатынас ойдағыдай дамып келеді. Өзара ықпалдастыққа қатысты негізгі мәселелерді ұдайы назарда ұстаймын. Осы орайдағы байланыстарға көңіл толады. Бұл жетістіктің негізгі қозғаушы күші – мемлекеттер басшыларының ерік-жігері екені сөзсіз, – деді Президент.
Ильхам Әлиев Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалардың ауқымы мен мән-маңызына тоқталды. Әзербайжан Президенті елдеріміз арасындағы жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниетті екенін жеткізді.
– Шын мәнінде, қарым-қатынасымыз табысты ілгерілеп, одақтастық сипатқа ие болды. Күн өткен сайын нақты мазмұнмен толығып келеді. Құрылтай сайлауының табысты өтуі және Қазақстан халқының қолдауы Сіздің реформаларыңыз бен бастамаларыңызды қоғам дұрыс қабылдайтынын көрсетеді, – деді Ильхам Әлиев.
Әңгімелесу кезінде сауда-экономикалық, инвестициялық ықпалдастық мәселелері, сондай-ақ көлік, логистика, энергетика және цифрландыру сияқты түрлі саладағы бірлескен жобалардың жүзеге асырылу барысы қарастырылды.
Кездесу соңында тараптар алдағы халықаралық іс-шаралар кестесін талқылады.