Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауы

Үкімет Президент Жолдауын іске асыру жоспарын мақұлдады

  • 4
  • 03.11.2026, 18:03

Қазақстанда атаулы әлеуметтік қолдау тәсілдері өзгереді. Ең төменгі жалақыны 110 мың теңгеге дейін өсіру жоспарда. Сондай-ақ медициналық-санитарлық көмек қызметі учаскелік мамандарының айлығы да көтерілмек. Ал мұғалімдердің есеп беру жүктемесі азаяды. Бұл туралы Үкімет отырысында айтылды. Жиында Президент Жолдауын жүзеге асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасы мақұлданды.

Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:

- Үкіметте Президент Жолдауын іске асыруға арналған Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасы жан-жақты талқыланды. Құжат елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының 12 бағыты бойынша 96 іс-шараны қамтиды. «Халықтық құрылыс» жалпыхалықтық құрылыс жылын жүзеге асыру, көлік және энергетикалық инфрақұрылымды дамыту, өнеркәсіп пен агроөнеркәсіпті қолдау, цифрлық шешімдер мен ЖИ технологияларын енгізуге бағытталған шаралар кешенін қарастырады.

Құжаттың негізгі бағыттары туралы Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин баяндады.

Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі:

- Негізгі әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру үшін Ұлттық қордан шамамен 6,5 трлн теңге бөлінеді. Жалпыұлттық жоспар аясында сонымен қатар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртуды қаржыландыру, тұрғын үй құрылысын жалғастыру, елді мекендерді ауызсумен және газбен қамтамасыз ету қарастырылған.

Ал инвестициялық саясат қайта қаралады және орта кәсіпкерлікті қолдау күшейеді. Сондай-ақ микро және шағын бизнес субъектілерін тексеруге үш жылдық мораторий енгізу туралы шешім қабылданады. Жекелеген шаралар қатарына мемлекеттік басқару тиімділігін арттыру, халықты әлеуметтік қолдауды күшейту, жалақыны көтеру және педагогтерге түсетін әкімшілік жүктемені азайту кіреді.

Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі:

- Әлеуметтік саясат және адами капиталды дамыту саласында азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған негізгі бастамаларды атап өтейін. Халықтың табысын арттыру үшін ең төменгі айлық жалақы мөлшері 85 мыңнан 110 мың теңгеге дейін өседі. Медициналық-санитарлық алғашқы көмектің учаскелік қызметі мамандарының жалақысы тәжірибесі мен жүктемесіне қарай сараланған қосымша төлемдер есебінен арттырылатын болады.

Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:

- Мұндай қолдау тәсілдері Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасына енгізіліп отыр. Бұдан бөлек, отбасының әл-ауқатын бағалаудың жаңа цифрлық тәсілдерін енгізу, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды ерте анықтау шаралары қарастырылған. Үкімет жоспардың барлық бағыттарын уақытылы және сапалы орындауға ниетті. Жоба дауыс беру нәтижесінде мақұлданды.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасы Жолдаудың негізгі бағыттары мен Мемлекет басшысының бастамалары аясында қойылған міндеттерді сапалы әрі жедел шешуге бағытталып отыр. Үкімет макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, өнеркәсіп пен агроөнеркәсіп кешенін дамыту, көлік және энергетика инфрақұрылымын жаңғырту, әлеуметтік қолдаудың тиімділігін арттыру, сондай-ақ мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру мәселелеріне баса мән беруі керек.

Ал медицина, соның ішінде отандық фармацевтика өндірісін дамытуға мейлінше көңіл бөлінеді. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында жұмыс жүйеленген.

Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:

- Елде медициналық препараттардың 500-ге жуық атауын өндіру жолға қойылмақ. Бұл үшін 800 млн АҚШ долларынан астам қаражатты құрайтын 8 жоба дайын. Нәтижесінде 1 200 жаңа жұмыс орны құрылады.

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлгазарованың айтуынша, елде былтыр фармацевтика нарығының көлемі 1 трлн 285 млрд теңгеге жеткен. Дәріханалар саны 10 мыңнан асты. Оларды отандық препараттармен қамту ісі де жалғасып жатыр.

Айнұр Абдуллина, фармацевт:

- Дәрілік заттардың қолжетімділігіне, олардың қорына тұрақты мониторинг жүргізіледі. Біздің дәріханамызда отандық өндірістегі дәрілер көп. Сұраныс өте жақсы.

Дәрі-дәрмектің бағасы да бақылауда болады. Ішкі нарықта отандық өнімнің артуы оң әсерін тигізуде.

Нұрлыбек Асылбеков, «СК-Фармация» ЖШС басқарма төрағасы:

- Біздегі бағаның бәрі былтырдың өзінде бірнеше дәрінің атауына баға түсірілді. Тек СК «Фармация» бойынша 1 300 дәрінің бағасы қайта қаралып, соның эфекттісі былтырғы жылы біз 85 млрд-тай үнемдедік. Оның ішінде 75 млрд дәрілік заттар бойынша болды.

Ендігі кезекте медициналық бұйымдарды сатып алудың жаңа моделі енгізілмек. Оның нәтижесінде кейбір өнімнің құнын 25-тен 90%-ға төмендету жоспарлануда. 

Әнуарбек Мырзатайұлы, Аманжол Байғазин