Дариға Назарбаева: Сапасыз заңдар мемлекеттік биліктің беделін түсіреді
Оның айтуынша, Мәжіліс Үкімет ұсынған заң жобаларына өзгертулер енгізіп, бұл бағытта күрделі жұмыс жүргізеді. Кейде тіпті құжатты қайта жазып шығатын кездері де болады. «Депутаттардың кейбір түзетулері қаржылай шығынды талап етеді, оған Үкіметтің қорытындысы қажет болады. Ал ол қосымша уақыт алады. Үкіметтің қорытындылары шыққанша белгіленген мерзімнен бұзылады», – деді Сенат төрағасы. Сонымен қатар Дариға Назарбаева халықаралық келісімдерді дайындау рәсімдерін өзгертуді, оны әзірлеуге сенаторларды да қатыстыруды ұсынды. Сенат спикері Үкіметтің заң жобаларын, келісу регламентін қайта қарауға назар аударды. Осыған орай Дариға Назарбаева заң жобаларының тұжырымдамаларын талқылаудан бастап заң қабылданғанға дейін мекеме мүдделерін ойламай, ынтымақпен келісіп жұмыс істеуді ұсынды.
Дариға Назарбаева, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Заң жобалары жұмыстарының жоспары жыл сайын бекітіледі. Онда заң жобаларының Парламентке әкелу мерзімдері көрсетіледі. Дегенмен жоспар іс жүзінде сақталмай отыр. Жыл соңына қарай Парламентке заң жобаларын беру мерзімдері үнемі өзгеріп кетеді. Менің ойымша, бұл жоспарлаудың сапасыздығы мен орындау тәртібінің төмендігін көрсетеді. Осыған байланысты заң жобалары жоспарының орындалуын жоспарлау мен бақылауды жақсарту қажеттігіне Үкімет өкілдерінің назарын аударғым келеді.