Мемлекет басшысы: Соңғы 30 жылда Қазақстан БҰҰ жұмысына белсене араласты
Биыл ұйымды құру туралы тарихи шешімнің қабылданғанына 75 жыл. Ауқымды іс-шара биыл коронавирус індетіне байланысты онлайн форматта өтті.
Келелі жиынға бейнебайланыс арқылы қатысқан Приезидент соңғы 30 жылда БҰҰ жарғысын іске асыруға Қазақстанның тигізген үлесіне тоқталды. Соның ішінде Қауіпсіздік Кеңесінде жанжалдарды реттеу, ядролық қаруды таратпау және қарусыздану, терроризмге қарсы күрес, конфессия аралық және ұлтаралық диалог сынды басымдықтарды дәріптеуге атсалысқанын тілге тиек етті.
Бас хатшы Антонио Гутерриштің бастамаларына қолдау білдіріп, бейбіт әрі әділ қоғам құру жолында, бірге жұмыс істеуге дайын екендігін жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Келесі онжылдық 2030 жылға дейінгі тұрақты даму бағдарламасының күн тәртібін іске асыруда шешуші мәнге ие болады әрі сол кезең дағдарысты еңсеретін уақыт. Бұл ауқымды мақсатқа жету күш біріктіру мен жауапкершілікті талап етеді. Біз Бас хатшы Антонио Гутерриштің ұйымдағы жетекшілігіне әрі оның жұмыс тиімділігін арттыруға, ашықтықты қамтамасыз етуге бағытталған қызметіне қолдау білдіреміз.