Қ.Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясы 75-сессиясының жалпысаяси дебаттарында сөз сөйледі
Саяси сарапшылар «Жаһандық үкімет» деп ат қойған ұйымның бұл жиынына әдетте жер-жаһаннан делегациялар ағылып, сарапшылар сабылып келіп жататын. Бірақ 75-сессия ерекше форматта өтіп жатыр. Әдеттегідей ат терлетіп келген қонақ саны аз, мүше елдердің басшылары тек онлайн байланыс арқылы баяндама жасауда. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бейнеконференция форматында өтіп жатқан жалпысаяси дебатта сөз алды. Биылғы сессияда коронавируспен күрес, жаһандық экономиканы қалпына келтіру, ядролық қарудан бас тарту және «Жасыл экономиканы» дамыту мәселелері көтерілді. Қазақстан өз ұстанымын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Коронавирус пандемиясынан кейін БҰҰ-ға қарасты түрлі қорлар, агенттіктер дағдарыспен күресті барынша күшейтті. Алайда қазіргі ахуал халықаралық қауымдастықтан бұдан да көп шаруаны талап етіп отыр. Біріншіден, мықты денсаулық сақтау жүйесін құру үшін дамыған елдер мен БҰҰ денсаулық сақтау мекемелерін жаңғыртуға басымдық беру керек. Екіншіден, саясат пен вакцина жасау – екі бөлек дүние. Екеуінің ара-жігін ажыратып алған дұрыс. Үшіншіден, ДДСҰ әлеуетін арттырып, аурудың алдын алу жұмыстарын ширату үшін Халықаралық денсаулық сақтау ережелерін қайта қарау қажеттігі туындауы мүмкін. Сондықтан біз ұйымның жанынан ауруларды бақылау және биоқауіпсіздік жөніндегі аймақтық орталықтар желісін құру идеясын қарастыруды ұсынамыз.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы бүкіл әлемнің алапат толқу алдында тұрғанына ерекше тоқталды. Мұндай өліара кезеңде мемлекеттер арасындағы пікірлер қайшылығы, мүдделер қақтығысы, сауда соғысы мен санкциялары тыйылмаса, жаһандық тұрақтылыққа сызат түсуі оп-оңай. Сондықтан Мемлекет басшысы адамзат үшін маңызды тарихи өзгеріс жасайтын кез келді деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- БҰҰ-ның құрылуынан жүз жыл бұрын дүниеге келген қазақтың ұлы ақыны, философ Абай Құнанбайұлы табысты жаһандық ынтымақтастыққа қатысты «Адамзатқа не керек: сүймек, сезбек, кейімек, қарекет қылмақ, жүгірмек, ақылмен ойлап сөйлемек» деген өзінің формуласын ұсынған болатын. Ақынның бұл ой-пікірін «өзара үйлесімге қол жеткізу үшін адамзатқа сүйіспеншілік, рақымшылық, батыл әрекеттер және байыптылық керек» деп түсінуге болады.
Пандемиядан бөлек, қарусыздану мәселесіне де тоқталып, ядросыз әлем құру қазақ халқының негізгі ұстанымы болып қала беретінін айтты. Және барлық мүше мемлекеттерді ядролық қарудан азат аймақтар туралы шарттарға қосылуға шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бүгінде Қазақстан өз еркімен ядролық арсеналынан бас тартқан және әлемдегі ең ірі атом сынақ полигонын жапқан мемлекет ретінде барша әлемге үлгі болып отыр. Осылайша бейбітшілік мәселесіне аса жауапкершілікпен қарайтын ел екенін танытты. Алайда ядролық қаруды таратпау режимі толық іске аспағандықтан, оның қаупі сейілген жоқ. Осы орайда барлық мүше мемлекет адамзатты ядролық апаттан құтқаруға бағытталған қажет әрі кезек күттірмес барлық шараны қабылдау туралы Қазақстанның ядролық держава саналатын елдерге жолдаған үндеуін қолдайды деп үміттенемін.
Қазақстан үшін экология мәселелері де өзекті. Арал қасіреті, Семей полигонының зардабы, мұздықтардың жылдам еруі және шөлейт жерлердің көбеюі әлемге қауіп төндіріп отыр. Сондықтан Қазақстан 2030 жылға қарай газ қалдықтарын 15% азайтуды көздейді. Бұған қоса алдағы бес жыл ішінде елімізде екі миллиардтан астам ағаш көшеттерін отырғызу жоспарланып отыр. Мемлекет басшысы елдің ішкі саясатына қатысты мәселелерді де қамтыды. Оның ішінде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының іске асырылу барысы, әлемдегі волонтерлердің еңбегін мойындауға, құрметтеуге қатысты ой-пікірін айтты және күш-жігерімізді «Барлығы адам үшін» деген ұстанымға бағыттауға шақырды.