Қ.Тоқаев: Волонтерлік қызмет еңбек кітапшасына міндетті түрде жазылуы керек
Яғни, қайырымдылық жұмыспен айналысу арқылы еңбек өтіліңізді еселей аласыз. Бүгін қайырымдылық және волонтерлік ұйымдардың өкілдерімен кездескен Қасым-Жомарт Тоқаев осындай жаңалықты жеткізді. «Бұл волонтерлердің еңбегіне деген құрметтің белгісі», – деді.
Құптарлық бастама екен. Өйткені халқымыз өзгенің басына түскен жағдайға ешқашан бей-жай қарамаған. Қазіргі волонтерларды осы игі үрдісті жалғастырушылар деуге болады. Арыстағы апат, Мақтаралдағы сел, қазіргі пандемия жағдайындағы еріктілердің еңбегі осының дәлелі. Биылғы волонтер жылындағы олардың бірқатарының еңбегі еленіп, кеуделеріне «Халық алғысы» медалін тақты.
Волонтерлар биылғы жылдың шымылдығын «Біргеміз» деген ұранмен ашып еді. Кез келген істі еңсеруге дайынбыз деген. Атаулы жыл сын-сағатпен тұспа-тұс келді. Жаһандық пандемия жалаң ұранды көтермейді. Сондықтан бұл еріктілердің нағыз сыналар шағы еді. Олар уәдесінде тұрды. Жүрекпен жасаған қайырымдылық істері жүрекке жетті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Олар күндіз-түні дәрігерлермен және тәртіп сақшыларымен бірлесіп, індетпен күресті. Қайырымды жандар ортақ іске жан-жақты қолдау білдірді. Елбасының бастамасымен құрылған «Біз біргеміз» қорының жұмысын ерекше атап өткім келеді. Бұл игі бастамаға мыңнан астам азамат қаржылай үлес қосты.
«Біз біргеміз» акциясы 10 мыңнан астам еріктінің басын біріктірді. Қорға қалталы азаматтардан 28 миллиард теңге жиналды. Бұл қаржыға алдыңғы шепте жүрген 2000 мыңдай дәрігерге материалдық көмек көрсетілді. Тұрмысы төмендерге тағы 50 мың теңгеден таратылды. Төтенше жағдай тұсында мыңдаған волонтер өз еркімен осы істің басы-қасында жүрді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Қазір ел аумағында қайырымдылық шараларына атсалысатын азаматтардың саны артып келеді. Сондықтан олардың волонтерлік жұмысы еңбек кітапшасына міндетті түрде жазылу керек деген шешім қабылдадық. Бұдан бөлек, волонтерлікпен айналысқан жастарға университетке, колледжге түсу кезінде бірқатар басымдық беріледі. Бұл жақсы нәтиже деп есептеймін.
Бүгінде ірі бизнес өкілдері қайырымдылық жасайтын болса, олардың табыс салығына – 3 пайыз, ал шағын және орта бизнестің салығына 4 пайыз жеңілдік беріледі. Бірақ біздің кәсіпкерлер бұл жеңілдікті жеткілікті пайдаланбай жүр. Өйткені қайырымдылыққа қаржы аударамын дейтін азаматтардың жұмысын үйлестіретін жүйе жоқ. Сондықтан Президент: «Осы шаруаны оңтайландыру», – керек деді. Бірақ түскен ақшаның жұмсалуы ашық жүргізілуі керек.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Қайырымдылық қорларына қаржының түсуі және оның әрі қарай жұмсалуы ашық түрде жүргізілуі керек. Мұндай істе көлеңкелі әрекетке жол жоқ. Қазір қайырымдылық жасайтын азаматтар мен көмек алушылардың реестрін құру бастамасы іске асырылып жатыр. Бұл міндетті орындауға барынша мүмкіндік жасаған жөн. Қайырымдылық жобалары арқылы өтетін барлық қаржының жұмсалуына ақпараттық және қоғамдық бақылауды қамтамасыз ету қажет.
Қазақстан қазір волонтерлік пен қайырымдылықты дамытуда халықаралық үрдістерге ілесіп келеді. Пандемия кезіндегі біздің волонтерлардың ерен еңбегі «озықпын» дейтін елдердің өзімен теңесе алады. Мұны Президент күні кеше БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясында да зор мақтанышпен айтты. Тіпті Волонтерлердің халықаралық күнін жариялауды ұсынды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Қайырымдылық жасау мәдениетін дамытып, волонтерлардың қызметін қолдау үшін ең алдымен қолайлы орта қалыптастыру керек деген үлкен мақсат қойдық. Негізі волонтерлік қызмет биылғы атаулы жылмен шектеліп қалмақ емес. Ол міндетті түрде келесі жылы да жалғасатын болады. Жалпы волонтер болу бұл – ардың, жүректің ісі.
Наргизам Махмудова 15 жылдан бері волонтерлықпен айналысады. Пандемия кезінде емізулі баласын үйіне тастап елге қолғабыс етті. Мұнысын жанкештілік деуге болады. Бұлардың тобы 23 мың отбасыға азық-түлік пен медициналық керек-жарағын апарып берді. 2 миллион дана бетперде таратты. 300 отбасыны тұрақты түрде ыстық тамақпен қамтамасыз етіп тұрды. Тіпті блок бекеттер мен банктерде, Халыққа қызмет көрсету орталықтарында кезекшілікке түсті. От пен судың ортасындағы еріктілердің еңбегін бір кісідей біледі. Бүгін солардың өтініш-тілегін жеткізді.
Наргизам Махмудова, волонтер
– Волонтерлық ресурстық орталықтарды әрбір аймақта ашсақ деген ұсыныс білдіргім келіп тұр. Және де корпоративті волонтерлықты мемлекеттік деңгейде жолға қою керек деп есептеймін. Қазіргі таңда алдыңғы сапта дәрігерлермен, құқық қызметкерлерімен бірге волонтерлар тұрғандықтан оларға медициналық сақтандыруды заңды түрде шешуді сізден сұраймын.
Волонтерлардың тағы бір бастамашыл тобы: «Көмекке мұқтаж жандарға арналған платформа құрсақ», – дейді. Бұл арнайы сайт немесе «Телеграмканал» болуы мүмкін. Бұл жерде кімге нақты қандай көмек керек екендігі туралы ақпарат жинақталады.
Асхат Садырбай, «Team Qazaqstan» жастар қозғалысының көшбасшысы:
– Биыл волонтерлық шаралар шынында да көп болды. Ел олардың көмегіне мұқтаж болды. Себебі үйден ешкім шыға алмайды, ешқайда бара алмайды. Үйдің есігіне дейін азық-түлік жеткізуде, басқа да мәселелерде көптеген волонтерлық ұйымдар жақсы қызмет етті.
Константин Авершин, «Мен алматылықпын» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі:
– Біздің волонтерлық қызметтегі тәжірибеміз өте жоғары. Арыстағы апаттан соңғы Масанчидегі қақтығыстан кейінгі жағдайды тұрақтандыру, оңтүстіктегі селдің зардабын жою, тіпті ұшақ апаттары кезіндегі ахуалды реттеуге де біздің штабтың волонтерлары зор үлес қосты. Тіпті Үндістанға барып, ерікті ретінде еңбек етіп келгеніміз бар. Сондықтан пандемия кезіндегі көмекке мықты дайындықпен келдік деп айта аламын.
Ақы дәметпей, қайтарымын күтпей қолұшын созу кез келгеннің қолынан келетін шаруа емес. Президент айтқандай, бұл жүрегі кең жандардың ғана қолынан келетін шаруа. Бүгін сол топқа Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі құрмет көрсетті. Кездесу соңында бірқатар азамат пандемия кезіндегі қажырлы еңбегі үшін «Халық Алғысы» медалімен марапатталды.
Волонтерлік бұл – бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып әрекет ету. Бұл қасиет қазаққа жат емес. Қанымызда бар. Ендігі міндет – қанға сіңген осы қасиеттен ажырап қалмау.
Авторы: Шынар Асанқызы