ҚР Президентінің халықаралық агенттік құру идеясына әлемдік сарапшылар пікір білдіруде
1 млн 400 мың адам бақилық болыпты. Сарапшылардың пайымдауынша осыған дейін бірде-бір радиоактивті немесе химиялық апат коронавирус пандемиясы секілді экономикалық әрі әлеуметтік тоқырауға әкелген емес. Осы ретте Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-сессиясында айтқан бастамасы тіпті өзекті бола түседі. Қазақстан Президентінің Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құру идеясына әлемдік сарапшылар пікір білдіріп жатыр.
Эмманюэль Дюпюи Еуропадағы ежелгі ғылыми ордалардың бірі «Қауіпсіздік мәселелерін зерттеу институтын» басқарады. Оның айтуынша адамзат күні бүгінге дейін биологиялық қауіпсіздік мәселесіне бас қатырып келген жоқ. Және оны үлкен қателік деп есептейді. БҰҰ-ның жиынында Қазақстан Президентінің Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құру идеясын дер кезінде көтерілген бастама деп бағалайды.
Эмманюэль Дюпюи, IPSE институтының президенті:
- Менің ойымша, Қазақстан Президенті дер кезінде ұсыныс жасады. Оны Қазақстан Сирия мәселесі бойынша өткен Астана процесінің медиаторы ретінде Иран, Түркия, Ресей, Башар Асад режимінің жақтастары халықаралық қоғамдастық атынан БҰҰ өкілдері мен әскери күштерді шақыру арқылы ілгерілете алады. Себебі сол кездегі келіссөздердің басым бөлігі Сирия аумағында қолданылған химиялық қару төңірегінде болған еді.
Қазақстан Президентінің бастамасын баспасөзінде ең көп талқылаған елдердің бірі – Оңтүстік Корея. Олардың мұндай қызығушылығы түсінікті де. Оңтүстік Корея Қытаймен шекаралас жатыр. Осы елдің Қазақстандағы бұрынғы елшісі Ким Дэ Сик Қазақстан Президентінің бұл ұстанымын өзге елдер де қуаттай түссе, адамзат денсаулығы үшін алаңдауға енді негіз болмайды деп сенеді.
Ким Дэ Сик, Оңтүстік Кореяның Қазақстандағы бұрынғы елшісі:
- Қазақстанда екі негізгі актив бар. Бірі – ресурстардың көптігі және бүкіл әлемде жаппай қырып-жою қаруына қарсы күрестегі көшбасшылық. Бұл активтер соңғы 30 жылда ел дамуының негізі бола білді және болашақта да солай болып қала береді. Осыған байланысты корей халқы, соның ішінде мен де ядролық қарусыз әлем құру және коронавирусты жою үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатқан Президент Тоқаевты құрметтейді. Екі ел осы салалардағы ынтымақтастықты жалғастырады деп үміттенемін.
Әлемдік сарапшылардың айтуынша, бірде-бір радиоактивті немесе химиялық апат коронавирус пандемиясы секілді экономикалық әрі әлеуметтік тоқырауға әкелген емес. Пандемияны ауыздықтай алатын екпе жасау ғаламдық ауқымдағы бизнес пен бәсекеге айналып барады. Қазақстан Президенті сол жаһандық жиында вакцина әзірлеу мәселесін саясиландыруға болмайтынын да ескерткен.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазіргі ахуал халықаралық қауымдастықтан бұдан да көп шаруаны талап етіп отыр. Біріншіден, мықты денсаулық сақтау жүйесін құру үшін дамыған елдер мен БҰҰ денсаулық сақтау мекемелерін жаңғыртуға басымдық беру керек. Екіншіден, саясат пен вакцина жасау – екі бөлек дүние. Екеуінің ара-жігін ажыратып алған дұрыс. Үшіншіден, ДДСҰ әлеуетін арттырып, аурудың алдын алу жұмыстарын ширату үшін халықаралық денсаулық сақтау ережелерін қайта қарау қажеттігі туындауы мүмкін. Сондықтан біз ұйымның жанынан ауруларды бақылау және биоқауіпсіздік жөніндегі аймақтық орталықтар желісін құру идеясын қарастыруды ұсынамыз.
Қазақстандық ғалымдар да қарап отырған жоқ. Ұлттық биотехнология орталығында вирусқа қарсы отандық вакцина әзірлеу жұмысы қызу жүріп жатыр. Орталық директоры Ерлан Раманқұловтың пікірінше отандық биоқауіпсіздік мәселесін де күн тәртібіне шығарған жөн.
Ерлан Раманқұлов, Ұлттық биотехнологиялар орталығының бас директоры:
- Бұл биологиялық қару емес пе? Көбін қызықтырған осы сұрақ болды. Бірақ бұл індеттің табиғи ортада пайда болғаны белгілі болып отыр. Біз Қазақстандағы алғашқы коронавирусқа ПТР тестті әзірледік. Жыл соңына дейін оны шығара бастаймыз. Еліміздегі пациенттер арасында таралатын вирустардың өздеріне кең мониторингін жүргізіп келеміз.
Біз тарихтан сайын даланы жалмап, жапырып өткен шешек, оба, сүзек секілді жұқпалы кеселдердің алысқа да, жақынға да ортақ қасірет болғанын жақсы білеміз. Күллі дүние дертіне дауа таппай жатқан коронавирус та шеттен келген індет. Демек, жаһандану сәтінде адам баласының көрер игілігі де, тартар тауқыметі де ортақ. Сондықтан денсаулықты қорғау, биоқауіпсіздікті қамтамасыз ету адамзаттың жұмыла көтеретін жүгіне, көп болып бірге шешетін міндетіне айналуы тиіс. Қазақстандық ұстаным – осы.
Авторы: Гүлжан Марқабаева