Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің IV отырысына қатысты
Ұлттық сенім кеңесінің 4 отырысында Президент Үкіметке осындай тапсырма жүктеді.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде саяси реформалар жалғасатынын тағы да қадап айтты.
Ауыл әкімдерін сайлау, Парламентке және жергілікті өкілетті органдарға әйелдер мен жастарды тарту тетіктерін жетілдірудің маңызды екеніне тоқталды. Бірақ саяси трансформация асығыстық пен әсіре науқаншылдықты көтермейді. «Сондықтан тек байыппен іске асыру керек», – деді Президент.
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрылғанына бір жылдан астам уақыт өтті. Бұл – төртінші кездесу. Әрине, кез келген мәселені көзбе-көз, бетпе-бет отырып талқылаған дұрыс, бірақ пандемияның өз тәртібі бар. «Кеңесте келісілген мәселелер жүзеге асып жатыр», – деді Президенттің көмекшісі Ерлан Қарин. Бір ғана мысал, саяси реформалар жөніндегі топтың ұсынысымен 7 Заң қабылданған. Президенттің де айтпағы осы кеңес бұл «жабық клуб» емес.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі қоғам өкілдері мен сарапшылардың жабық клубы емес. Бұл ұдайы жаңарып отыратын ашық диалог алаңы. Мұнда түрлі ұстаным мен көзқарас тұрғысынан сан алуан пікірлер айтылады. Ротацияның негізгі мақсаты да осы. Ұлттық кеңесте бәтуаға келу қағидатымен өткір мәселелерге деген сындарлы көзқарас орныққан.
Бүгін саяси реформалар жөніндегі топ тағы бірнеше ұсынысты айтты. Соның бірі – ауыл әкімдерін сайлау. Топ мүшелері ауыл әкімдерін жасырын дауыс беру арқылы сайлауды ұсынады.
Максим Споткай, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі:
– Кез келген азаматтың сайлану құқығын шектемеу керек. Ауыл әкіміне үміткерлерге қойылатын талап та жеңілдеу болса дейміз. Ол үшін үміткердің 25 жасқа толуы, тиісті елдімекен аумағында соңғы үш жылда тұрақты тұруы, жоғары немесе орта арнаулы білімінің болуы шарт. Халқымызда «Әкім бол, халқыңа жақын бол» деген өсиет бар.
Қазақстанда 2 мыңнан астам ауылдық округ бар. Қазір олардың әкімдерін жергілікті органдар таңдайды. Президент бұл жайында Жолдауында айтқан, бірақ саяси трансформацияда байыптылық қажет.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті
– Ауыл әкімдерін сайлау ары қарай дамуы керек. Алайда оны жүзеге асырамыз деп асығыстық, науқаншылдық танытпау керек. Қазақстанның саяси транформациясы бір сәттік, популистік акция емес. Бұл реформа мағынасы жағынан стратегиялық сипатқа ие.
Ұлттық кеңес шеңберінде қаралып жатқан тағы бір мәселе – ішкі көші-қон. Оңтүстіктегі ағайынды солтүстікке көшіру туралы арнайы бағдарламаның жүзеге асып жатқанына 4 жыл. Осы уақыт ішінде 4 мыңға жуық отбасы солтүстікке көшкен. Бүгін Президент оларға берілетін жәрдемақы көлемін екі есеге ұлғайтуды тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Жақында мен жұмыс сапарымен Солтүстік Қазақстан облысында болдым. Бұл өңір демографиялық өсімі ең баяу аймақтың бірі болғанымен, қоныс аударушыларды тарту жағынан жақсы нәтиже көрсетіп отыр. Аймақта көшіп келушілерге арналған жаңа тұрғын үйлер салынуда, сонымен қатар коммуналдық-инфрақұрылым дамып, әртүрлі әлеуметтік нысандар бой көтеруде. Мигранттарды ынталандыратын қосымша шара ретінде оларға берілетін жәрдемақының мөлшерін екі есеге, яғни 35 АЕК 70-ке дейін көбейткен жөн деп санаймын. Үкіметке бір айдың ішінде осы мәселені зерттеп, тиісті шешім қабылдауды тапсырамын.
Кеңестің тағы бір мүшесі Ләззат Қожахмет ауылдағы ағайынның үнін жеткізді. Ауыл тұрғындары 6 процентпен берілетін несиенің шарттарын жеңілдетуді сұрайды. Бұдан бөлек, ауыл балаларына қалалық білімді қолжетімді еткен дұрыс.
Ләззат Қожахмет, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі:
– Жыл сайын 21 мыңға жуық мектеп түлегі жоғары оқу орнына түсе алмайды екен. Оның басым бөлігі ауылдан шыққандар, яғни ауылдағы білім мен қаладағы білім тең емес. Бірақ университетке түсетін кезде ауыл мен қала оқушысына талап бірдей қойылады. Осыған байланысты қазір ауылдан шыққан түлектер университетке түсетін болса, 30 пайыз квота қарастырылған. Біз өз тарапымыздан ауылдық түлектерге арналған квотаны 50 пайызға дейін арттыруды сұраймыз.
Білім демекші, биыл Президенттің тікелей тапсырмасымен ЖОО жұмыс жүйесіне біраз өзгерістер енгізілді. Мұндай үлкен өзгерістер күмән мен күдік де тудырды. Бүгін Президент арнайы мәлімдеді, мемлекеттік және ЖОО сатылмайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Менің тапсырмама сәйкес, жоғары оқу орындарының құрылымын өзгерту жұмыстары жүргізілуде. Көптеген жоғары оқу орны коммерциялық емес акционерлік қоғамға айналды. Бұл ел ішінде әртүрлі әңгіме туғызуда. Сондай-ақ бірі мемлекеттік жоғары оқу орындары кейіннен жекеменшікке сатылуы мүмкін деген де күдік бар. Осыған орай мемлекеттік және ұлттық жоғары оқу орындары сатылмайтыны жөнінде мәлімдеймін.
Арман Қашқынбеков, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі:
– Біз бәріміз аймақтардан шықтық. Мен өзім Қарағандыдамын. Біздің ауладағы қардың түсі үнемі қара болатын. Қардың аппақ боларын мен білмедім де. Бұл мәселені шешу керек. Және бұл ретте Үкіметтің, үкіметтік емес ұйымдардың, шетелдік ұйымдардың синергиясы керек. Сондықтан, бізді қоршаған ортаны біз болашаққа бүлінбеген күйі табыстауымыз керек.
Бүгін кеңесте көтерілген тағы бір мәселе – экология. Президент бұл мәселеде батыл шешімдер жасаудың уақыты келді деп санайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Жылбойы адамдардың қоршаған орта мен жан-жануарларға қатысты әртүрлі резонансты оқиғаларының, тіпті варварлық әрекеттерінің куәсі болдық. Әлемдік экологиялық антирейтингте Қазақстан өкінішке қарай көшбасшы позициясында тұр. Біздің елде экологиялық проблемадан ада бірде-бір өңір жоқ. Туындаған бұл жағдай бізді ең батыл әрекеттерге шақыратын өте күрделі жағдай деп есептеймін.
Әйелдердің ролі, ер-азаматтардың жауапкершілігі, балалар мен мүгедектердің құқығы, адам саудасымен күрес. Айтылған ұсыныс көп. Президент тыңдап қана қойған жоқ, өзі де көп мәселенің ұшын тарқатып берді. Бір белгілісі, жұмыс көп. «Алда жаңа белес, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын нақты істермен қарсы алуымыз керек», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Алдымызда ауқымды жұмыстар тұр. Келер жылы тәуелсіздіктің 30 жылдығын атап өтеміз.
Билік пен қоғам арасында диалог орнатудың түрлі амалы мен әдістері бар. Бірақ соның ішіндегі ең тиімдісі – бір үстел басына жиналу, ақылдасу, тыңдау. Кеңестің 4-ші отырысы да тұщымды оймен тәмамдалды. Мұндай кеңес бізге керек. Президент те, кеңес мүшелері де бесінші басқосуда жақсы нәтижелермен, тың идеялармен кездесуге уәделесіп тарқасты.