Хабар телеарнасы

Қасым-Жомарт Тоқаев: Полиция тәртіп сақшысы екенін сөз жүзінде емес, іс жүзінде дәлелдей білуге тиіс

Жемқорлық жақсы ат емес. Бірақ Ішкі істер министрлігі соңғы 2 жылда қабылданған шаралардың нәтижесінде сыбайлас жемқорлықты 34 процентке қысқарттық деп отыр. Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев ведомствоның алқа отырысына қатысып, 9 айдағы жұмысының қорытындысымен, саладағы реформалық өзгерістердің барысымен танысты.

Жиында белгілі болған тағы бір жаңалық Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай жазасын өтеп жатқан бірқатар азаматқа амнистия жасалатын болды. Бірақ бұл жеңілдікке айналасына, жалпы мемлекетке қауіп келтірмейтін жандар ғана ілінеді.

Жасыратыны жоқ, бізде полицей – ең жиі сынға ұшырайтын қызметтің бірі. Арыз да, шағым да көбіне соларға айтылады. «Бірдің кесірі мыңға тиеді» деген бар, өз арасында атына дақ түсіріп жүргендері де аз емес. Бірі парамен ұсталады, бірі саунада сайран салады, қолындағы билігін пайдаланып, заңды белден басатындары да бар. Сала министрінің айтуынша, жүргізілген сауалнама халықтың 38 процентінің полицейлерге сенетінін көрсеткен. Ал өзгесі екіұшты жауап беріпті.

БЛИЦ:

– Көңілімнен шығады деп айта алмаймын.

– Иә, сенемін.

– Полицияға претензия жоқ.

Бірақ індет таралғалы бар салмақтың соларға түскенін де мойындау керек. Әсіресе карантин шараларының сақталуын қадағалаған полицейлердің еңбегі өлшеусіз. Және пандемия кезінде қылмыс та күрт көбейген. Ішімдік салдарынан адам өлтіру – 15 пайызға, жасөспірімдерге қатысты зорлау фактілері 19 пайызға артқан. Бұл қылмыстарды ашу, дәлелдеу жұмыстарының ар жағында тәртіп сақшыларының еңбегі жатыр.

Айдар Ғазизов, учаскелік полиция инспекторы:

– Қазіргі кезде ең көп кездесетін – үй жанжалдары, отбасылық жанжал. Себебі отағасы ішімдікке тойып алады да дау-жанжал шығарады. Сосын жәбірленуші 102-ге жүгінуге мәжбүр болады.

Негізі полицейлердің кәсібилігі көп нәрсені шешеді. Халықтың тыныштығы да, тұрақтылығы да солардың қолында. Қордай мен Сәтпаевтағы қайғылы жағдай есіңізде болар. Бейбіт күндегі бұл оқиға құқық қорғау қызметкерлеріне үлкен сабақ болды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Өкінішке орай, мұнда жаппай тәртіпсіздікке жол беріліп, әкімшілік ғимараттарға шабуыл жасалды. Азаматтардың дүние-мүлкіне залалы тиді. Тіпті адам шығыны болды. Бейбіт күнде халқымыздың амандығын, береке-бірлігін сақтай алмасақ – мемлекетімізге сын. Полиция тәртіп сақшысы екенін сөз жүзінде емес, іс жүзінде дәлелдей білуге тиіс.

Сосын полиция халыққа «ашық» болғаны дұрыс. Кабинеті де, істеп жатқан жұмысы да. Әсіресе учаскелік инспекторларға қатысы бар мұның. Халықпен тығыз байланыста болмаған соң оларды кей тұрғындар мүлде танымайды. Танымаған соң сенбейді, ал сенім болмаған жерде бәрі бекер. Келер жылдан бастап учаскелік инспекторлардың құзіреті кеңейетін болады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Учаскелік инспектор – белгілі бір аумақтағы қылмысты болдырмауда, жергілікті халықтың мәселелерін шешуде, қылмыстың алдын алуда, азаматтардың өмір сапасын арттыруда басты тұлға саналады. Халықпен ашық диалог жүргізу керек. Олардың жергілікті полициядан не күтетінін біліп, көмек керек кезінде қастарынан табылуы қажет. Халық сеніміне ие болудың жалғыз жолы осы.

Мемлекет басшысы құрылымдық өзгерістер жалғаса береді деді. Онсыз қолға алған реформалардың табысты болуы екіталай. Құрылымдық өзгерістегі алғашқы қадам да жасалды. Енді полиция қызметкерлері өз міндетіне жатпайтын жұмыспен айналыспайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Ішкі істер министрлігінің құрамынан Төтенше жағдайлар жөніндегі қызмет бөлінді. Бірақ бұл полицияның қызметін әлсірету деген сөз емес. Ішкі істер министрлігі мен оның құрылымдық бөлімшелері тәртіпті қамтамасыз етуде мемлекеттің негізгі тірек күші болған және солай бола береді.

Ішкі істер саласын реформалаудағы маңызды қадамдардың бірі ретінде Қылмыстық Кодекске енгізілген өзгерістерді де айтуға болады. Нақтырақ айтсақ, педофильдердің жазасы қатаңдатылды.

«Қара тізімге енген» ұры-қарылар екінші қайтара қылмысқа барса, кешірім берілмейтін болды. Мал ұрлығы да ауыр қылмыс қатарына енді. Интернет арқылы есірткі саудасымен айналысатындарға да жаза күшейеді. Нәтижесі байқалады.

Ерлан Тұрғымбаев, ҚР Ішкі істер министрі:

– Қылмыс саны 37 пайызға азайды. Қылмыстарды ашу көрсеткіші жақсарды. Ауыр қылмыстардың – 64 пайызы, аса ауыр қылмыстардың 94 пайызы ашылды.

Мұндай еңбектің бағаланғаны жөн. Президент тапсырмасымен сала қызметкерлеріне баспана жалдауға өтемақы ретінде 15 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінетін болды. Алдағы 3 жыл ішінде олардың еңбекақысы 30 пайызға көтеріледі. Пандемияның бірінші кезеңінде алғы шептен табылған Ішкі істер органдары қызметкерлеріне сыйақы төлеуге 6,6 миллиардтай теңге бөлінген еді, жыл соңына дейін тағы да 11 жарым миллиард теңге қарастырылып отыр.

Авторы: Шынар Асанқызы