Президент Солтүстік экономикалық ынтымақтастық – 2020 Халықаралық форумында бейне үндеу жасады
Президент әріптесі, Корея көшбасшысы Мун Чжэ Ин бастамашы болған және соңғы үш жылда өзектілігі мен өміршеңдігін дәлелдеген «Жаңа Солтүстік саясат» стратегиясын жоғары бағалап, өркендеген, өзара байланысы мығым және тұрақты Еуразия құру идеясын құптады.
Сондай-ақ әлем коронавирус пандемиясына тап болған кезде саяси жігер мен экономикалық сана синергиясы ерекше мәнге ие екендігін де атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы стратегиялық ынтымақтастықтың ортақ құндылықтарға, өзара қолдау мен тығыз байланыстарға негізделгенін айта келе еліміздегі жүз мың корей қауымдастығының екі ел арасындағы қарым-қатынасқа, зор үлес қосқанын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Кореяның Қазақстан экономикасына жасаған инвестициясы 7 миллиард доллардан асты. Жаһандық тұрақсыздыққа қарамастан, екіжақты тауар айналымы артты. Орталық Азияның барлық бес елінің ортақ жалпы ішкі өнімнің 70 пайызы Қазақстанның үлесіне тиесілі. Корей мемлекеті жетекші инвесторлардың арасындағы 10-орынға ие. Бұл ретте өзара тиімді ынтымақтастықты одан ары жалғастырудың әлі де пайдаланылмаған үлкен әлеуеті бар.
Мемлекет басшысы Корея Президентінің былтыр елімізге жасаған сапарына да тоқталды. Оның аясында «Самал жел» бағдарламасына қол қойылып, қазақ-корей экономикалық, сауда және мәдени байланыстары жандана бастағанын атап өтті. Бұл бағдарлама және «Жаңа Солтүстік саясат» стратегиясы, «Цифрлы Қазақстан», «Нұрлы жол» секілді ұлттық бағдарлама міндеттерімен сәйкес келеді.
Мемлекет басшысы: «Әлемде ұзаққа созылған мұнай дәуірінің аяқталып, Қазақстан үшін әртараптандырылған және тұрақты экономика қалыптасып келе жатыр» ,–деді. Сосын ағылшын құқығы бойынша қызмет көрсететін «Астана» халықаралық қаржы орталығының әлеуетін сөз етіп, шетелдік бизнеске арналған экожүйесіне тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Осыған байланысты мен Жаңа экономикалық бағыттың бастамашысы болдым. Бұл бағыт құрылымдық реформалармен ғана емес, сондай-ақ барынша қарқынды әрі мықты мемлекет құрумен байланысты. Қазақстан корей инвесторлары үшін арнайы әзірленген құралдарды ұсынуға әзір. Бұл ретте салық және кеден артықшылықтары, жобаларды қоса қаржыландыру, экспортты қолдаудың ішінара кепілдіктері мен тетіктерін айтуға болады.