Қ.Тоқаев: Кореяның Қазақстан экономикасына жасаған инвестициясы 7 миллиард доллардан асты
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев шараға онлайн байланыс арқылы Үндеу жолдады. Жиынға пандемиядан кейін болуы мүмкін әлемдік өзгерістер жайы арқау болып отыр.
Қазақстан Президентінің пікірінше, коронавирус пандемиясының тегеурінінен құтылу үшін жаһан жұртына ең алдымен саяси жігер керек. Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев әріптесі, Корея көшбасшысы Мун Чжэ Иннің «Жаңа Солтүстік саясат» стратегиясын жоғары бағалап, тұрақты Еуразия құру идеясын құптады. Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы стратегиялық ынтымақтастықтың тамыры тереңде жатқанына тоқталды. Бүгінде елімізде жүз мыңдай корей қауымдастығы өмір сүріп жатыр. Достықтың «алтын көпірі» саналатын олардың екі ел арасындағы қарым-қатынасқа қосқан үлесін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Кореяның Қазақстан экономикасына жасаған инвестициясы 7 миллиард доллардан асты. Жаһандық тұрақсыздыққа қарамастан, екіжақты тауар айналымы артты. Орталық Азияның барлық бес елінің Жалпы Ішкі өнімінің 70 пайызы – Қазақстанның үлесіне тиесілі. Корей мемлекеті жетекші инвесторлардың арасындағы 10-орынға ие. Бұл ретте өзара тиімді ынтымақтастықты одан ары жалғастырудың әлі де пайдаланылмаған үлкен әлеуеті бар.
Корея Президентінің былтыр елімізге жасаған сапары кезінде «Самал жел» бағдарламасына қол қойылған еді. Нәтижесінде қазақ-корей экономикалық, сауда және мәдени байланыстары жандана бастады. Бұл бағдарлама мен «Жаңа Солтүстік саясат» стратегиясы «Цифрлық Қазақстан», «Нұрлы жол» секілді ұлттық бағдарлама міндеттерімен сәйкес келеді. Мемлекет басшысы әлемде ұзаққа созылған мұнай дәуірінің аяқталып, Қазақстан үшін әртараптандырылған және тұрақты экономика қалыптасып келе жатқанын айтты. Одан соң ағылшын құқығы бойынша қызмет көрсететін «Астана» халықаралық қаржы орталығының әлеуетін сөз етіп, шетелдік бизнеске арналған эко-жүйесіне тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Осыған байланысты мен Жаңа экономикалық бағыттың бастамашысы болдым. Бұл бағыт құрылымдық реформалармен ғана емес, сондай-ақ барынша қарқынды әрі мықты мемлекет құрумен байланысты. Қазақстан корей инвесторлары үшін арнайы әзірленген құралдарды ұсынуға әзір. Бұл ретте салық және кеден артықшылықтары, жобаларды қоса қаржыландыру, экспортты қолдаудың ішінара кепілдіктері мен тетіктерін айтуға болады.
Жалпы форумда Оңтүстік Корея мен Еуразия елдері арасындағы қарым-қатынастың жаңа дәуірі басталып отырғаны айтылды. Мәселен, соңғы үш жылда мемлекеттер арасындағы тауар айналымы жылына орта есеппен 15 процентке артып келеді. Бүгінгі конференция барысында қатысушылар бизнестері жайлы айтып, серіктестерін өз кәсібімен толығырақ таныстыруға мүмкіндік алды. Тіпті арнайы құрылғы арқылы 3d режимінде әріптестеріне өз кәсіпорындарын көрсетіп, Еуразия елдерінің кәсіпкерлерімен онлайн келіссөздер жүргізді.
Ким Ен Джу, Корея Халықаралық сауда қауымдастығының президенті:
– Пандемиядан кейін толықтай автоматтандырылған өнеркәсіп пен сандық экономика дәуірі орнайды. Жасанды интеллект, роботтар қазіргіден әлдеқайда жылдамырақ болады. Сөзімді Орталық Азия ойшылы Абайдың: «Адамзат махаббатқа, бірлік пен батыл іс-әрекетке мұқтаж» деген сөздерімен аяқтағым келеді. Себебі 175 жыл бұрын дүниеге келген ойшылдың бұл даналығы дағдарысты жеңудің кілті деп ойлаймын.
Жиында Нобель сыйлығының лауреаты, АҚШ-тың бұрынғы мемлекеттік хатшысы Мадлен Олбрайт та сөз сөйледі.
Мадлен Олбрайт, АҚШ-тың бұрынғы мемлекеттік хатшысы:
– Қазір әлем жұрты коронавирус пен АҚШ-тағы президенттік сайлау нәтижелеріне алаң. Себебі сайлау қорытындысы бойынша көптеген нәрсе өзгеруі мүмкін. Қайткен күнде де бүгінде әлемдік қауымдастықты алаңдатын 3-ақ нәрсе бар. Олар: деннің саулығы, қоршаған ортаның тұрақтылығы мен тепе-теңдік.