Хабар телеарнасы

Мәжілісте Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасының орындалуы туралы баяндалды

Партияның «Қазақстан-2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» атты сайлауалды бағдарламасын іске асыру туралы бейнеконференция форматында парламенттік фракцияның кеңейтілген жиынында талқыланды.

Мәжіліс Төрағасы, фракция жетекшісі Нұрлан Нығматулин Елбасы, партия көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев Nur Otan партиясының барлық сайлауалды міндеттемелерінің орындалуын тікелей және қатаң бақылауды тапсырғанын айтты. Депутаттар ол үшін қажетті заңнамалық базаны қалыптастырып, өздері 55 заң жобасын әзірледі.

Үкімет басшысы Асқар Мамин сайлауалды міндеттемелердің толық орындалғанын жеткізді. 559 мың жұмыс орны құрылып, 4 жылда 3 мыңнан астам балабақша салынды. Атаулы әлеуметтік көмектің жаңа моделі жасалды. Десе де, орындалмаған міндеттемелер де бар. Олар – нарықты отандық азық-түлік өнімдерімен қамту, саны 250 адамнан асатын ауылдарда сапалы интернет қосуға қатысты.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-министрі:

– Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайын реконструкциядан өткізу қабілетін үш есе ұлғайтты. Әуежай жылына 3 млн жолаушыдан 8,2 миллион жолаушыға дейін қабылдай алады. Батыс Қытай – Батыс Еуропа жолының қазақстандық бөлігінде қозғалыс ашылды. Бұл 2,8 мың шақырым автомобиль жолы. Құрық портындағы паром кешені коммерциялық мақсатта пайдаланыла бастады.

Нұртай Сабильянов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Nur Otan фракциясының мүшесі:

– Сондай-ақ биыл төртінші шілде де Nur Otan партиясының бастамасымен 2020 жылдың соңына дейін 928 ауылды интернетпен қамтамасыз ету үшін уәкілетті орган байланыс операторларымен меморандумға қол қойды. Осыған байланысты енді уәкілетті орган қалған ауылдарды да жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етуі керек.