Елбасы және ҚР Президенті ЕАЭО-ның отырысына қатысты
Осылайша қос ел одаққа қарай тағы бір қадам жасады. Бұл туралы Жоғары ЕАЭО кезекті отырысында айтылды. Жылдағы дәстүр бойынша бестік одақтың басшылары жиналып, алдағы атқарар шаруаларын пысықтады. Саяси алаңға биыл Беларусь тарапы төрағалық етіп отыр. Онлайн форматта өткен жиынға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Жоғарғы ЕАЭО-ның Құрметті төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Елбасы өз сөзінде бақылаушы мемлекеттер санының көбеюі одақтың географиясын кеңейтуде зор маңызға ие екенін айтты. «Пандемия кезінде одақтастар өзара гуманитарлық көмек алмасып, ынтымақтастықтың үлгісін көрсете білді», – деді. Десе де арадағы сауда айналымы әлі де бәсең. Нұрсұлтан Назарбаев: «Өзара сауданың әлеуетін әлі де толық пайдаланып отырған жоқпыз», – деді.
Нұрсұлтан Назарбаев, Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің Құрметті төрағасы:
- Одақ елдерінің өндірістік әлеуетін интеграциялау қарқынын жеделдету керек. Сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ аумағында және одан тыс жерлерде де сауда көлемін ұлғайту қажет. Сонымен қатар біздің бірлестігіміз цифрландырылған белсенді платформаға айналуға тиіс. Бұл одаққа мүше елдердің экономикалық қарым-қатынастарына оң әсерін тигізеді.
Келер жылы кеңестің төрағалығы бізге өтеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан бұл мақсатта қандай жұмысқа мән беретінін мәлім етті. 2021 жылы экономикалық одақ туралы келісімді толыққанды орындауға, кедергілерді жоюға, кооперациялық және халықаралық ынтымақтастықты дамытуға және комиссияның кадрлық құрамын қалыптастыруға мән беріледі. «Еуразиялық экономикалық комиссиясының құрамында бес мемлекеттің де мүшесі болуы керек. Сонда ғана комиссия экономикалық одақтың мүддесі үшін жұмыс істейтін органға айнала алады», – деді.
Сондай-ақ ел үкіметтері кәсіпкерлікті дамытуға қатысты шаралар кешенін әзірлеуі тиіс. Өйткені қазір шағын және орта кәсіпкерлік халықты жұмыспен қамтитын негізгі сала болып саналады. Қасым-Жомарт Тоқаев бұдан бөлек, одақтың транзиттік әлеуетін толық жүзеге асыру үшін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолының Ресей аумағындағы құрылысын аяқтауды ұсынды. Сондай-ақ көлік дәліздерін цифрландыру жұмысын тезірек аяқтау да маңызды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- COVID-19 індетінің тез таралуы, шикізат бағасының құлдырауы, бүкіл әлемде экономикалық белсенділіктің бірден төмендеуі одаққа мүше елдердің экономикасына кері әсер етіп отыр. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының ресми есебіне сәйкес 2020 жылдың қорытындысы бойынша, әлемдік ішкі жалпы өнім 4,5% қысқарады. Ал Дүниежүзілік банктің болжамы бойынша бұл көрсеткіш дамушы елдерде 2,5% құлдырайды. Биыл жан басына шаққандағы кіріс көлемінің 3,6% төмендеуі де – ерекше назар аударатын мәселе. Теріс тенденциялар одақ аясындағы сауда-саттыққа да әсер етті. Өзара сауда-саттық биылғы 9 айдың ішінде 13%, үшінші елдермен арадағы тауар айналымы 19% азайды. Сондықтан біз тиімді іс-қимылдарды жедел реттеп, өсім резервтерін іздеп және одағымыздың экономикалық әлеуетін көрсетуіміз қажет.