Үкімет отырысы: Қ. Тоқаев барлық денсаулық сақтау ұйымына ревизия жүргізуді тапсырды
Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Еске салайық, алдағы дүйсенбіде қазақстандықтар үшін маңызды науқан басталады. Коронавирустық инфекцияға қатысты жаппай екпе салдыру процесіне кірісеміз. Иә, осы науқанды тиянақты өткізу Мемлекет басшысының Үкіметке жүктеген жалғыз тапсырмасы емес.
Гүлжан Марқабаева, тілші:
- Үкіметтің жаңа құрамы жасақталғанына тура тоғыз күн. Жаңа да ескі Премьер-Министр Асқар Мамин құрамы өзгере қоймаған министрлер кабинетінің өткен жылғы жұмысын қорытындылады, енді басталған жылға жоспармен бөлісті. Көп көрсеткіш айтылды, сіз бен біз үшін басты жаңалық биыл бюджет саласындағы 1 млн астам жұмыскердің жалақысы артады. Ұлттық банктен үмітке толы бір болжам – Қазақстанның экономикасы жылдың екінші жартысында оң траекторияға шығады, яғни қазақша айтсақ, оңала бастайды. Бүгінгі отырыс барысында ең жиі айтылған сөз – вакциналау. Бұл жұмысты Президент байыппен, дүрбелеңге салынбай жүргізуді тапсырды. Егер отандық тест оң нәтиже берсе, қазақстандық вакцинаның қолданушысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі болмақ.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Надеемся на положительный итог тестирования отечественной вакцины. В этом случае я привьюсь именно казахстанской вакциной, если, конечно же, она покажет хорошие результаты. Надеюсь, что это случится.
Біздің денсаулық сақтау жүйесінде бұрыннан проблемалар болған, коронавирус індеті келгелі тіпті үдеп кетті. «Дәрі-дәрмек тапшылығын туғызғандар жазалануы керек», – деді Президент. Бұл іспен Бас прокуратура араласып жатқанын қосты. Салада статистика сүреңсіз. Өткен жылы 156 ана өмірден озған, өлім-жітім 2,8 есеге өскен.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бұл статистиканың құрғақ цифрлары емес. Бұл – 156 отбасы үшін орны толмас ауыр қаза. Ана өлім-жітімі жоғары болуы себептерінің ішінде перзентханалардың әлсіз жабдықталуы жылдан жылға байқалады. Реанимациялық бөлімдердің де жабдықталуы қанағаттанарлық емес. Ауыр науқастарды емдеу үшін құрал-жабдықтар мен қажет материалдар жоқ. Үкіметке өңір әкімдерімен бірлесіп, кәсіби қауымдастықтарда отырып, барлық денсаулық сақтау ұйымына ревизия жүргізуді тапсырамын.
Президент Алексей Цойдан «СҚ Фармацияға» қатысты істің барысын сұрап білді. Министрдің айтуынша, бұл мәселе Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бақылауында тұр.
Президент бес бірдей әкімнің есебін тыңдады. Соның ішінде жалғыз әйел облыс әкімі – Гүлшара Әбдіхалықова. Облыста құрылыс қарқыны 27% төмендеп кеткен. Президент себебін сұрады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Гүлшара Наушақызы, халықты баспанамен қамтамасыз ету – өзекті мәселе. Дегенмен статистикаға қарасақ, былтыр облыстағы құрылыс қарқыны 27% төмендеген. Тұрғын үйлерді пайдалануға беру 20% азайған. Бұл – мемлекет бойынша ең төменгі көрсеткіш. Жағдайды түзеу үшін не істеп жатырсыздар? Бұл мәселе бойынша қандай жоспарларыңыз бар?
Гүлшара Әбдіқалықова, Қызылорда облысының әкімі:
- Былтырғы пандемия жағдайына байланысты, екінші қазіргі кездегі кредиттік үйлерге сұраныстың азаюына байланысты көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда төмен болды. 609 мың квадрат үй берілді. Енді қазір бізде кезекте тұрған 30 270 адам бар. Оның ішінде «Отбасы банкте» тұрған салымшылар 8 мың адам, оның ішінде тек 600 адам ғана бірінші төлеу жарнасын дәлелдеп отыр. Осындай мәселелер бар. Біз өзімізге жоспар қойдық. Биыл 644,7 мың квадрат метр шаршы үй беріледі.
Қызылорданың тағы бір проблемасы өңірде мұнай өңдіру көлемі азайып барады. Президент өңірдің экономикасын ұстап тұрудың екі жолын айтты. Жаңа кен орындарын барлау және экономиканы әртараптандыру. Облыстың бюджеті аз, сондықтан Президент Қызылорда облысын қолдауды Үкіметке тапсырды. Қасым-Жомарт Тоқаев Павлодар облысының әкімін де тыңдады. Президент Екібастұз қаласын дамытудың стратегиясын құруды тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Екібастұзда энергетика мен өнеркәсіп саласында білікті техникалық мамандар өте көп. Осыған дейін жинақталған кадрлық әлеуетті жоғалтуға жол бермеу керек. Сондықтан Екібастұзды дамытудың орта мерзімді стратегиясы керек. Осындай талаптар өзге де моноқалалар үшін өзекті. Үкімет бұл мәселені жекелей қарастырып, пысықтауы тиіс. Атап айтқанда, Үкімет бұл бағыттағы жұмыстарды лайықты деңгейде еңсереді деп ойлаймын.
Кеңейтілген отырыста Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев та баяндама жасады. «Алматының дамуы басты назарда», – деген Президент наурызда Алматыға барып, арнайы жиналыс өткізетінін хабарлады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Алматы – Қазақстан бойынша ірі қалалардың бірі, 3 млн-ға жуық тұрғыны бар, еліміздің қаржы және бизнес орталығы. Дегенмен Алматыда көптеген өзекті мәселе бар, түйткілдер бар, сондықтан қаланың дамуына қашан да айрықша назар аударамыз. Оған қоса Алматы маңына облысқа қарасты елді мекендер тығыз шоғырланған. Көптеген мәселені Алматы облысымен бірлесіп шешуге тура келеді, құрылыс, инфрақұрылым, жер және басқа да салалар бойынша бірқатар ортақ мәселе бар. Сондықтан біз наурыз айында Алматыға барып, арнайы жиналыс өткіземіз.
Елорданы газдандыру мәселесі де айтылмай қалған жоқ. Президент газ құбырларын жеке үйлерге тарту құны неге қымбат екенін әкімнен сұрады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Жеке үйлердің газға қосылуы жағынан мәселе барын естіп жатырмыз. Себебі олар үшін газға қосылу бағасы жылына 500 – 700 мың теңгеге дейін барады екен. Бұл өте қымбат сома секілді. Бұл мәселені қалай шешесіздер?
Алтай Көлгінов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі:
- Біз мердігерлерден бағаны төмендетуді сұрадық. Мәселен, мердігерлер бұрын газға қосу үшін ғана 240 мың теңге сұрайтын. Қазір бұл қызметті 150 мың теңгеге дейін азайттық, олар келісті. Тұрғындар оған қуанып жатыр. Газдандыру қарқынын азайтпаймыз. Бәрі жоспарда бар.
Енді жер. Жер кодексінің кейбір нормасына жарияланған мораторийдің биыл Үкімет Жер комиссиясының жұмысын қайта жандандырып, қараша айына дейін түзетулерді қабылдауы тиіс.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Жайылымдар мәселесіне арнайы тоқталғым келеді. Бұл жерлер, ең алдымен, ауыл тұрғындарына қолжетімді болуы керек. Жергілікті әкімдіктер жұмысты дұрыс ұйымдастырмай отыр. Соның салдарынан ауыл тұрғындары мал жаятын жайылым таппай қиналуда. Әсіресе Алматы, Түркістан облыстарынан арыз-шағымдар көп түсуде. Жайылымдардың 99% шаруа қожалықтарының иелігінде. Алайда оның 36% ғана мал жайылады. Қалған 46 млн гектар жайылымдық жер бос жатыр. Үкіметке Бас прокуратурамен бірлесіп, биылғы жылдың соңына дейін осындай жайылымдарды қайтарып алуды тапсырамын. Оны ауыл тұрғындарының игілігіне берген жөн.
Президент атқарушы билікке семіз статистиканың керек еместігін ескертіп айтса да, қағаз жүзінде жоспар орындау тыйылмай тұр. «Кейбір өңір азаматтарды қағаз жүзінде ғана жұмысқа орналастырып отыр», – деді Президент. Мысалы, «жұмысқа орналасты» деген қызылордалықтардың 43% зейнетақы қорына қаржы аудармаған. Бұл көрсеткіш Түркістан облысында тіпті 79% жеткен.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біз жұмыспен қамтудың жол картасын қабылдап, оған 1 трлн теңге бөлдік. Бұл қаржының 98,2% игерілді. Бағдарлама халықты еңбекпен қамтып, іскерлік белсенділікті қолдау үшін маңызды рөл атқарды. Алайда ондаған және жүздеген мың жұмыс орны ашылғаны туралы ақпаратты тексергенде, ол зейнетақы және салық төлемдерімен сәйкес келе бермейді. Азаматтарды қағаз жүзінде ғана жұмысқа орналастыру белең алып отыр. Бірыңғай ақпараттық жүйеге бір адам туралы мәлімет қайта-қайта енгізіледі. Дәл осындай 15 мың жағдай тіркелген.
Тағы бір маңызды міндет – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Өткен жылы халықтың табысы азайған кезде азық-түлік бағасы арзандай түсудің орнына, керісінше, қымбаттаған. «Мемлекеттік органдар тарапынан бағаларды ұстап тұру, оның ішінде сауда желілерін жеңілдікпен несиелеу және сауда үстемелерін орнату сияқты қабылданған шаралар оң нәтиже берген жоқ», – деді Мемлекет басшысы. Президент азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты тағы бір сүреңсіз статистиканы жариялады. Қазақстан көкөністің 90% Өзбекстаннан тасымалдап отыр. Ал өткен 11 айда Қазақстан 3,6 млрд долларға азық-түлікті импорттаған.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Былтыр халықтың табысы азайған кезде азық-түлік бағасы қымбаттай берді. Мемлекеттік органдардың бағаларды сақтап қалу бойынша шаралары, сондай-ақ сауда желілеріне жеңілдетілген несие беру оң нәтиже берген жоқ. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы 11% артты. Жалпы инфляцияның ішіндегі олардың үлесі 60% жетті. Үкімет нарықтық механизмді негізге ала отырып, осы мәселені шешетін шараларды қабылдауы керек.
Есесіне мемлекеттік органдар өздерін ештеңеден шектемейді. Әсіресе жайлы көлікке келгенде шығындалуға бар. Бюжеттің елеулі қаражаты орталық мемлекеттік органдардың басшылығы үшін автопаркті күтіп ұстауға жұмсалады. «Мәселен, бір автокөлікке жылына 6 млн теңгеден астам қаржы жұмсалады», – деп ашып айтты Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бірқатар елде жеке қызметтік көліктің орнына ақшалай өтемақы тәжірибесі енгізіліп келеді. Бұл тәжірибені бірқатар мекеме де пайдаланып келеді. Осындай қадам «Самұрық-Қазына» қорында да апробациядан сәтті өтті. Бұл өз кезегінде қызметтік көліктер санын айтарлықтай қысқартуға, әкімшілік шығыстарды 1,5 млрд теңгеге азайтуға мүмкіндік берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке жүктеген тағы бір мәселе – салықтық-бюджеттік саясатты жетілдіру. Былтыр салық және кеден саласынан түскен қаржы 47% қысқарған. Тек Қытаймен арадағы шекарада 50 мыңға жуық жалған декларация толтырылғаны туралы дерек анықталды. Қытаймен арадағы ашық статистика бойынша айырмашылық 5 млрд доллардан асады. Президент жалған кәсіпорындар мен әдейі салық төлемейтіндерге қарсы жұмысты жүйелі түрде күшейтуді талап етіп отыр. Көлеңкелі экономикаға қарсы күрес жөніндегі шараларды жүзеге асыру үшін Экономикалық қылмыстармен күрес агенттігін құруды тапсырды. Сондай-ақ Президент арнайы экономикалық аймақтарын нақты дамытумен айналыспайтын әкімдерге ескерту жасады. «Біз ондай аймақтарды жабамыз», – деп қысқа қайырды Президент. Көлеңкелі экономикадан сапалы білімге дейін.
Президент «Қазақстан тарихы» мен «Дүниежүзі тарихы» бойынша бірыңғай мектеп оқулықтарын даярлауды тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Оқулықтар сапасы бойынша көтеріліп жүрген мәселелер бар. Тарихи оқиғалар мен фактілер оқушыларға ешбір бұрмалаусыз жеткізілуі керек. Сондықтан «Қазақстан тарихы» мен «Дүниежүзі тарихы» бойынша бірыңғай мектеп оқулықтарын даярлап, енгізуді тапсырамын. Сонымен қатар 900 мыңға жуық бала 11 мың мектепке дейінгі мекемелерде тәрбиеленіп жатыр. Алайда оның ішінде 36% кәріз жүйесі жоқ, 29% ыстық сумен және 11% жылы дәретханамен қамтамасыз етілмеген.
Тағы бір өзекті мәселе – экология саласы. Президенттің бастамасымен арнайы кодекс қабылданды. «Қоршаған орта мәселесіне немқұрайлы қарауға болмайды», – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бұл – жұртшылықтың талап-тілегін ескеріп дайындалған жүйелі әрі кешенді құжат. Сондай-ақ кодекс озық халықаралық стандарттарға сай келеді. Экологиялық қауіпсіздікті нығайтуға арналған тиімді бағдарламаларды жүзеге асырған жағдайда кәсіпорындар өндірістік қалдық үшін алынатын төлемнен босатылады. Үкімет және қоғам осы жұмыстың уақытылы және сапалы атқарылуын қатаң бақылауда ұстауы тиіс. Сонымен қатар менің тапсырмаммен 2 млрд түп ағаш отырғызылады. Бұл азаматтарымыздың тарапынан кең қолдау тапқан бастама болды. Жалпы бұл мәселеге немқұрайлы қарауға болмайды. Қоршаған ортаға ешқандай оң әсері жоқ қаражатты құр игеруді көздейтін жасанды шараларға жол бермеуіміз қажет.
Гүлжан Марқабаева, тілші:
- Президенттің төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысы үш сағатқа созылды. Көп проблема айтылды, тапсырма берілді. Дегенмен Қасым-Жомарт Тоқаев сөзінің соңын тағы сол үйреншікті тіркеспен түйіндеді. Ең басты міндет – азаматтардың өмір сапасын жақсарту, табысын арттыру. Президент жаңадан жасақталған Үкіметке бір нәрсені анық байқатты. Бізде проблема көп, демек жұмыс та көп.