ТМД елдері арасында ұрланған көліктерді қайтару жолы жеңілдейді
Әзірге қолды болған көліктердің санаулы бөлігін ғана қайтару мүмкін болып отыр. Көліктен көз жазып қалу оңай емес. Біреулер оны несиеге алады, әлдекім арнайы ақшасын жинап, жылдар бойы сол үшін жұмыс істейді. Бірақ алдағы уақытта осындай қылмыстарды ашу фактілері артады деп үміттенеміз. Өйткені мәжілісмендер ТМД елдерінің көлік жымқыруға қарсы күрес және оларды қайтаруға қатысты ратификациялық құжатты мақұлдады.
Индира Жылқайдарова, тілші:
- ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми дерегі бойынша соңғы 15 жылда Қазақстанда 40 мыңнан астам көлік ұрланған. Енді қолды болған көлікті ел ішінде айдау мүмкін емес, ол шетел асатыны түсінікті. Одан бөлек қара металл қабылдайтын жерлерге бөлшектеп сатып, пайдасына қарық болатын ұрылар бар. ТМД елдері осындай кәнігі пысықайлардың жолын кесу үшін бірлесе күресу тетіктерін жетілдірмек. Мәжіліс тиісті ратификациялық құжатты мақұлдады.
40 мыңнан астам қолды болған көліктің тек 223-і табылған. 66 машина ғана иесіне қайтарылған. Байқағанымыздай, жоғалған көліктің дені қайтпайды. Бар гәп – жеке мәліметтердің тарап кетуінде. Ішкі істер министрлігі жүйесінде тіркелген көліктерге қатысты деректерді сыртқа шығарму үшін темірдей тәртіп орнатылуын атап өтті Мәжіліс төрағасы. Яғни, нақты айтқанда, cериялық vin-кодтардың ұрлануын іштегі қызметкерлер тоқтатуы тиіс.
Құдайберген Ержан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Көлік Қазақстан аумағынан ұрланып, Ресей тарапына өтіп барып, әр түрлі алаяқтық схемамен бірнеше рет сатылып, сол елдің заңына сәйкес «адал сатып алушы» деген мәртебесіне ие болады, көлік сол жерде қалуға тиісті болады. Ал Қазақстан азаматының құқығы қалай қорғалады?
Ерлан Тұрғымбаев, ҚР Ішкі істер министрі:
- Біріншіден, шығынды сақтандыру компаниялары көтереді. Екіншіден, осы қылмыс басқа мемлекетте болып, ол жақта автокөлік ұсталса, екі-үш рет тіркелген болса, тек соттың шешімі бойынша автокөлікті қайтару мәселесі қарастырылады, басқа жол жоқ.
Депутаттар мемлекеттік шекараны кесіп өтетін көліктер туралы ақпараттық база құруға Қазақстанның міндеттелмейтіні туралы түзетуді де талқылады. 2019 жылы ел аумағына 27 млн көлік кірген. Машина ағынының көптігінен оларды жекелеп тексеру мүмкін емес деген уәж айтылып отыр. Осы ретте Мәжіліс спикері ел ішінде орнатылған техникалық мүмкіндігі жоғары бейнекамераларды шекараға да қоюды ұсынды. Осылайша ұрланған көлікті анықтау қиын емес.
Бақытбек Смағұл, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Келісімнің 4-бабына түзетулер енгізу көзделеді. Ол қатысушы елдердің ақпараттық дерек қорларында қамтылған мәліметтерді алу және беру тәртібі жеке құжат пен айқындалатыны туралы үш тармақпен толықтырылады. Осы әңгіме қандай құжат туралы болып отыр?
Ерлан Тұрғымбаев, ҚР Ішкі істер министрі:
- 2021 жылы алты мемлекеттің Ішкі істер министрлерімен Арменияда жиналыс өткіземіз, сол жиналыста жеке ведомстволық бір бұйрық енгіземіз.
Депутаттар, сондай-ақ Моңғолиямен арада құқықтық көмек және ЕАЭО аясында селекциялық жұмысты жетілдіруге қатысты екі құжатты мақұлдады. Бұдан бөлек Мәжіліс төрағасының орынбасары Балаим Кесебаева жетінші шақырылым депутаттарының бірінші сессиядағы жұмыс жоспары туралы баяндады. Комитет отырыстары, халықаралық конфренциялармен қоса барлығы 35 шара өткізу көзделген.
Айта кетейік, депутаттық сауалдар аз болған жоқ. Мәжілісмен Сауытбек Абдрахманов қандарстарға арналған квотаны көбейтуді айтып, Премьерге сауал жолдады. Биыл оларға 1426 квота ғана берілген. «Бұл аз», – дейді депутат.
Сауытбек Абдрахманов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Үкіметтің елдегі миграциялық және демографиялық процестерді тұрақтандыру мақсатымен қандастарға бөлінетін квотаның көлемін көбейту, бейімдеу мен кіріктіру орталықтарын құру, репатрианттарға мемлекеттік қызметті қазақ тілінде көрсету сияқты мәселелердің шешілу жолдарын қарастыруды атқарылып жатқан, атқарылатын шаруадан заңда белгіленген тәртіп бойынша жан-жақты хабардар етуді сұраймыз.
Депутат Гүлнәр Бижанова Қарағанды өңірінде мал дәрігерлері мен ветеринарлық қосындардың жоқтығын айтып, Үкіметке сауал жіберді. Кесірінен ауру шыға қалса, мал қырылады. Депутат ветеринарлық қауіпсіздік мәселесін шешу жолдарын ұсынды.
Гүлнәр Бижанова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Біріншіден, ветеринарлық дәрігерлерді азаматтық қызметшілер тізбесіне енгізу керек. Екіншіден, мемлекеттік қызмет көрсету үшін мемлекеттік ветеринарлық дәрігерлердің штат бірліктерін бөлу қажет. Үшіншіден, ветеринарлық манипуляциялар жүргізуге арналған бағалардың бірыңғай прейскуранты мәселесін қарау керек.
Оған қоса «Ауыл – ел бесігі» жобасы негізінде тірек және спутниктік ауылдарда ветеринарлық пункт салуды қолға алу қажет» деген де бастама көтерілді.
Авторлары: Индира Жылқайдарова, Нұрлан Малгелдинов