Қ. Тоқаев: Тәуелсіздіктің 30 жылдығын тек мерейтой деп санауға болмайды
Бұл ат шаптырып, ұлан-асыр той жасау деген сөз емес. Игі бастама, ең алдымен, ағаш отырғызу, қоршаған ортаны тазарту сияқты қарапайым істерден басталуы тиіс.
Президент Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеу жөніндегі Мемлекеттік комиссияның отырысында осылай деді. Тек бұл ғана емес, 30 жылдық аясындағы кез келген шара елге өзгеріс әкелуі тиіс. Бірер күндік дүбірлі тойға жол жоқ. Қасым-Жомарт Тоқаев 30 жылдыққа мерейтой емес, тарихи оқиға ретінде қарау керегін айтты.
Тәуелсіздіктің 30 жылдығы жарқ-жұрқ еткен бір күндік салтанатпен шектелетін мереке емес. Бұл дата, ең алдымен, саяси-экономикалық реформалармен, адам құқын қорғау, білім мен денсаулық саласын дамыту, экологияны сақтау секілді шараларымен есте қалуы керек. Әйтпесе әр жерде өткен іс-шаралардың құрғақ есебінен халық әлдеқашан мезі болған. «Елге өзгеріс әкелмесе, мыңдаған мадаққа толы мақаладан еш қайыр болмайды», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазір заман басқа, адамдардың санасы да айтарлықтай өзгерген. Бұған қоса қазір барлық әлем күрделі кезеңді бастан өткеруде. Қаржыны оңды-солды жұмсап, ұлан-асыр той жасайтын кез емес. Тиімсіз форумдар мен конференциялар өткізетін кез емес. Тағылымдық мәні бар шараларға баса назар аударған жөн. Біз үшін халықтың жағдайын жасау – басты міндет. Елдің тұрмысы түзелмесе, жетістіктерді мақтан ету артық. Жұрт бізден өміріне өзгеріс әкелетін нақты қадамдар күтеді. Мемлекеттік аппарат осы сенім мен үмітті ақтауы тиіс.
Қазір креативті экономиканың, креативті индустрияның дәуірі. Бұл елдің дамуы өндіріс пен өнеркәсіпке ғана емес, адамның шығармашылығына, идеясына тәуелді деген сөз. Дамыған мемлекеттерде ішкі жалпы өнімнің 10% осы арқылы түседі. Бізге де осы мақсатта Ұлттық хаб құру керек. Бұл дарынды жастардың басын біріктіретін «Таланттар фабрикасы» тәрізді болуы тиіс. Сосын біздің қоғамға меценаттық пен қайырымдылықты дамыту өте қажет дүние қазір.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Краудфандинг бұл қоғамдағы өзекті проблемаларды шешу үшін сол іске азаматтардың өзін көбірек қатыстыруды білдіреді. Мен Астана хаб технопаркінің базасында бірыңғай краудфандинг тұғырнамасын жасауды ұсынамын. Біз ел дамуына жас таланттардың белсене араласуына баса назар аударуымыз керек. Олардың әрқайсысы Отанымыз жеткен жетістіктерге қатысы бар екенін сезініп, табыстарын мақтан тұтуы керек.
Жиында Президент жастар сөзін жиі қайталады. Өйткені бізде тәуелсіздік тудырған талай талант бар. Алды ат жалын тартып мінер азаматқа айналды. Түрлі салада үздік танылып жүргендері қаншама. Президент айтулы мереке кезінде атқарылатын шаралардың дені жастарға арналуы керек деді. Себебі елде не жасалса да, болашақ ұрпақ үшін жасалуы тиіс.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бүгінгі жастар өте білімді, алғыр. Олардың өз көзқарас көкжиегі кең. Жаһандық үрдістің бет алысын терең түсінеді, ауқымды ойлай біледі. Ғылым мен технологияның қыр сырын игерген. Алпауыт компанияларда істеп жүргендері көп. Біздің ізімізді басып келе жатқан буынның азаматтық белсенділігі өте жоғары. Ертең абыройымызды асыратын да осы ұл-қыздар. Біз олардың өрісін ашып қабілетін шыңдау үшін бар мүмкіндікті жасауымыз керек.
Бізде әкім-қаралардың жұмысы белгілі бір көрсеткіш негізінде бағаланады. Енді осы талаптардың қасына «жастардың даму индексі» де қосылатын болды. Яғни жергілікті мемлекеттік органдар жоғары рейтингтен көріну үшін алдымен жастарының жағдайын жасағаны абзал. Өйткені кей өңірлерде мемлекеттің қолдауын сезінбейтін өскелең ұрпақ әлі бар.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Жастарға қатысты келесі мәселе – жұмыспен қамту. Бұл әсіресе өңірлерде аса өзекті. Біз жұмыссыз жастарға жол сілтеп, бағыт-бағдар беруіміз керек. Олардың тұрақты кәсіп табуына көмектесуіміз қажет. Қазір жұмыспен қамтуға бағытталған бірнеше бағдарлама бар. Бірақ жастардың көбі сол шаралар туралы білмейді. Мемлекет ұсынып отырған түрлі қолдау жұмысынан хабарсыз. Бұл мәселе тек жалаң үгіт-насихатпен шешілмейді. Үкімет пен әкімдер жастарды жұмыспен қамту мәселесімен арнайы айналысып, күнделікті назарда ұстауы қажет.
Президент тапсырмасымен «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты біртұтас ұлттық жоба әзірленбекші. Жастарды қолдауға арналған бүкіл бастама, бағдарлама осының аясына біріктірілуі тиіс.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Алдағы он жылда елдің жаңа келбетін және ұлттың жаңа болмысын қалыптастырамыз. Тиімді заңдар қабылдау арқылы маңызды реформалардың негізі қаланады. Экономикалық, саяси және әлеуметтік жаңғыруды табысты жүзеге асыра алсақ, елге жасаған ең үлкен сыйымыз осы болады. Министрлер мен әкімдер «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасын берік ұстануы тиіс. Азаматтардың арыз-тілектеріне жедел жауап беру қажет. Ең бастысы, Тәуелсіздіктің игіліктерін әрбір отандасымыз күнделікті тіршілігінде сезіне алатын болса, мақсатымыздың орындалғаны.
2025 жылға дейін 5 трлн теңге болатын мемлекеттік активтер жекенің қолына беріледі. Осы арқылы кәсіпкерлік саласының әлеуеті айтарлықтай артпақшы.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Халықтық IPO бағдарламасын жаңғырта отырып әрбір қазақстандықтың ұлттық байлығымыздың бір бөлігіне ие болуға және отандық экономиканың көшбасшыларын дамытуға өз үлесін қосуға мүмкіндік жасаймыз. Адам капиталының сапасын арттыру біз жүргізіп отырған саясаттың негізгі бөлігі екенін ұмытпауымыз керек.
Ал елдегі жұтаң тартып бара жатқан көрікті жерлерді қалыпқа келтіру үшін «Таза табиғат» жобасы жүзеге асырылады. Экологиялық бастамалар да бір күндік жұмысқа емес, өмір салтына айналуы шарт. Бұл игі іс жыл басы Наурыздан басталатын болады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Мен Ұлыстың Ұлы күнін жаңаша атап өтуді ұсындым. Бабаларымыз Әз Наурыз келгенде бұлақтың көзін ашып, ағаш отырғызған. Осы тамаша дәстүрді жаңа қарқынмен жалғастырайық. Табиғатты тазалап, қоршаған ортаны көгалдандыруды қолға алайық. Мұндай шараларды барлық аймақта ұйымдастыруымыз қажет. Бұл – ата салтымыз әрі ұрпаққа экологиялық тәрбие берудің ең тиімді жолы.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілін меңгеру біртұтас ұлт болу жолындағы айрықша маңызды қадам деп бағалады. Сондықтан тіл үйренуге талпынған отандастарымызды қолдауға шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Мемлекеттік тілді білетін әрбір азамат қазақша үйренгісі келген досымен, әріптесімен немесе танысымен өз білімін бөліссін. Мұндай игі іс бір-бірімізге қамқорлықты арттырып, бірлігімізді нығайта түсері сөзсіз.
Шынар Асанқызы, тілші:
- Тәуелсіздікке деген құрмет мемлекеттік нышандарға деген құрметтен басталса керек. Бізде туды төрге ілгені үшін жазықты ететін ережелер де болды. Бірақ Президент тапсырмасымен бұл талап өзгерді. Енді көк байрақты үйіңіздің төріне іліп, кез келген жерде әспеттеп алып жүре аласыз. Тек аяқасты етпей, төбеңізде ұстасаңыз болғаны.
Авторы: Шынар Асанқызы