ЕҚҚДБ Қазақстан экономикасына инвестиция салуға әзір
Бұл институт біздің экономикаға осыған дейін 9 млрд доллардан астам инвестиция салған. Қасым-Жомарт Тоқаев осы институттың директоры Одиль Рено-Бассомен онлайн форматта кездесті. Президент өз сөзінде Еуропалық қайта құру және даму банкін Қазақстанның маңызды стратегиялық серіктесі деп бағалады. Бұл банк ел экономикасының басым бағыттарын дамытуға үлкен септігін тигізеді деп санайды. Әңгіме барысында ірі инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру, атап айтқанда, автомобиль жолдарын салу, жаңартылған энергия көздерін дамыту, Қазақстандағы гидроэнергетика мәселелері талқыланды. Одиль Рено-Бассо пандемияның ғаламдық нарыққа және Қазақстан экономикасына тигізетін әсері туралы болжамымен бөлісті. Оның айтуынша, банк Қазақстан Үкіметімен тығыз ынтымақтастық орнатуға әркез әзір.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біз Еуропалық қайта құру және даму банкінің Қазақстандағы қызметін жоғары бағалаймыз. Банк 300-дей жобаға тоғыз миллиард доллардан астам инвестиция құйды. Бұл – өте ауқымды жұмыс. Біздің ынтымақтастығымыз жалғасады деп сенемін. Банктің еліміздің экономикасын әртараптандыруға қосқан үлесі де үлкен. Біз мұны жоғары бағалаймыз. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Қазақстанға қатысты жоспарларыңыз бен бастамаларыңыз туралы сұрағым келеді.
Одиль Рено-Бассо, Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті:
- Қазіргі шектеулер мен қиындықтарға байланысты Қазақстанға келе алмасам да, бұл кездесу біз үшін өте жақсы мүмкіндік деп ойлаймын. Өзіңіз айтып өткендей, Қазақстан – ЕҚҚДБ үшін өте маңызды серіктес. Қазақстанда жүзеге асырған жобаларымыз көп. Оны жалғай береміз.