Хабар телеарнасы

Мәжіліс отырысында бірқатар ратификациялық құжат мақұлданды

Бұл отандық кәсіпкерлердің сыртқы нарыққа шығуына бірқатар кедергі тудырмақ.

Мәжіліс депутаттары мемлекетаралық стандарттау құжаттарын тарату жөніндегі келісімді ратификациялау кезінде осындай сын айтты. «Жалпы интеграциялық бірлестіктерде ұлттық мүдде толық қорғалуы тиіс», – деп санайды мәжілісмендер.

Биыл Еуразиялық экономикалық одақ құрылғалы 6 жыл. 2017 жылы одақтың жаңа Кеден кодексі қабылданды. Осы өзгерістерден соң кеден қызметтерінің біріккен алқасының шартына түзетулер енгізу қажеттілігі туындады. Мәжіліс қараған тиісті хаттамада орталық кеден органдары анықталған.

Дархан Мыңбай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Шартта біріккен алқа мүшелерінің өкілеттік мерзімдері көрсетілмеген. Дегенмен олардың құқықтары мен міндеттерін бекіту мақсатында тұтас 8 бап арналған. Осыған байланысты алқа мүшелерінің саны қанша болады, қандай мерзімге сайланады?

Ерұлан Жамаубаев, ҚР Қаржы министрі:

- Алқа мүшелері төраға, бес мемлекеттің төрт орынбасарынан, барлығы 3748 адамнан тұрады. Қалған 35 адам әр мемлекеттен жеті өкілден, яғни өкілетті органдардың басшыларының ішінен тағайындалады.

Мәжілісмендер мемлекетаралық стандарттау туралы құжаттарды таратуға қатысты келісімді ратификациялау құжатын қарады. Тарату құқығы енді әртүрлі емес тек бір ұйымға беріліп отырады. Елімізде мұнымен стандарттау және метрология институты айналысады. Депутаттар Қазақстанның ТМД бойынша стандарттау саласында көш соңында қалғанын сынға алды.

Ресми мәлімет бойынша, соңғы үш жылда Ресей 3860, Беларусь 725 стандарт әзірлесе, Қазақстан тек 168-ін ғана дайындап үлгерген. Депутаттардың стандарттауда біздің елдің неге баяу қимылдайтыны туралы сұраққа Сауда министрінің орынбасары жауап берді.

Ержан Қазанбаев, ҚР Сауда және интеграция министрінің орынбасары:

- Ресей экономикасы бізден үлкенірек. Біз жыл сайын арнайы жоспар құрып, экономикаға қатысты 80-нен астам стандарт әзірлейміз.

Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Стандарттау бойынша Қазақстанның артта қалғаны туралы мәселені 2018 жылы да Мәжілісте көтергенбіз. Сонда техникалық реттеу комитеті жыл сайын бір мың стандарт әзірлейміз, бюджеттен бұған қаржы қарастырылған деп жауап берген. Арада үш жыл өтті. Нәтиже қайда? Қаражат бойынша есеп бар ма?

Министрлік өкілі мұндай есеп тап қазір қолында болмағандықтан, ауызша жауап беретінін айтты. Депутаттардың пікірінше, стандарттардың аздығы отандық кәсіпкерлердің сыртқы нарыққа шығуында проблема туғызады. Мәжіліс депутаттары бүгін ТМД елдері арасында бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазаларды орындауға қатысты келісімді де ратификациялады. Конвенцияға сай әр азамат өз елінде жазасын өтей алады.

Қазір пробация қызметі есебінде 447 шетел азаматы тіркеуде тұр. Олардың ішінде Өзбекстан, Армения, Қырғызстан, Ресей азаматтары бар. Ал Ресей, Өзбекстан, Беларусьта 280 қазақстандық азамат жазасын өтеуде.

Индира Жылқайдарова, тілші:

- Індеттің оңайлықпен кете қояр түрі көрінбейді. Барлық шараны онлайн қарап жүрміз. Сол себепті де қашықтан жұмыс істеуге қатысты еңбек заңнамасы жетілдірілмекші. Тиісті заң жобасын депутаттар өздері әзірлейді. Оған жұмыс кестесі мен уақыты, уақытша және аралас қызмет түрі, жұмыс берушінің жауапкершілігін белгілеу сияқты жаңа режимдер енгізілмек.

Авторы: Индира Жылқайдарова