Көрнекі ақпарат туралы заң жобасы мақұлданды
Ғимараттардың маңдайшаларындағы мемлекеттік тілдегі жазулар, көшедегі жарнама баннерлері мен хабарландырулардың орфографиясы мен грамматикасы заңмен қадағаланатын болады.
Сондай-ақ әлеумет назарына ілінген кез келген жазудың қазақ тіліндегі аудармасы міндетті түрде болуы тиіс. Осындай қосымша талаптар Мәжіліс депутаттары мақұлдаған көрнекі ақпарат туралы құжатта бекітілмек.
Индира Жылқайдарова, тілші:
- Көрнекі ақпарат мәтіндерінің түпнұсқа мағынасын сақтай отырып аудару талабы қатаң ескерілуі тиіс. Екі тілде берілген мәтіндердің мағыналық жағынан сәйкес келмеуі фактілерін жоюға бағытталған заң жобасы Мәжілісте мақұлданды. Айта кетейік, 2019 жылы қателіктер жайлы 13 өтініш, былтыр жедел желіге көрнекі ақпараттың дұрыс жазылмағандығына қатысты 3,5 мыңдай шағым келіп түскен.
Мәжілісмендер мақұлдаған көрнекі ақпарат туралы құжатта баннерлер, жарнамалар, маңдайшадағы жазулар, хабарландырулардың міндетті түрде мемлекеттік тілде де әрі қатесіз жазылуы тиісті екендігі көрсетілген. Себебі: «Бұл – елдегі қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық жағдайға әсер ететін маңызды құрал», – деп отыр депутаттар.
Берік Әбдіғалиұлы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Депутаттық корпустың белсенді қатысуымен, заң жобасымен жұмыс істеу барысында бірқатар нақты ұсыныс әзірленді. Бұл түзетулер қазақ тілі мәртебесінің мәселелерін шешуге бір қадам жақындатады деп үміттенеміз. Өкінішке қарай әлі де көшедегі қазақ тіліндегі қате жазылған ақпараттан құтыла алмай келеміз. Сондықтан көрнекі ақпаратты мемлекеттік тілде орналастыру талабы кәсіпкерлік субъектілерінің,әрбір азаматтың жауапкершілігін күшейтуге мүмкіндік береді деп санаймыз.
Заң жобасында ел аумағына келетін фильмдерді қазақша дубляждау, субтитрлеу кезінде кадр сыртындағы аударманы да сапалы жасауға қатысты қосымша нормалар көзделген.
Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Фильмдерді прокаттау кезінде жаңа талаптардың орындалуына тексеру жүргізудің тетіктері қандай болатынын түсіндіріп өтуіңізді сұраймын.
Ақтоты Райымқұлова, ҚР Мәдениет және спорт министрі:
- Осы нормаларды бұзушылық кезінде шағымдар түсе берсе, онда біз норма бойынша екі айға дейін прокаттау куәлігін тоқтатуға құқығымыз бар.
Жаңа құжат тіл туралы, көлік, теміржол, сауда қызметін реттеу және тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі секілді 13 заңға өзгеріс енгізуді көздейді.
Әлия Сапарова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Қазақстанның туристік тартымдылығын арттыру мақсатында депутаттар теміржол вокзалдарында, автовокзалдарда және порттарда жолаушыларға арналған көрнекі ақпаратты қажет болған жағдайда ағылшын тілінде беру бөлігінде түзету енгізіп отыр. Сіздің министрлік ұсынып отырған заңнамалық өзгерістердің тасымалдаушылар тарапынан сақталуын қалай қамтамасыз етеді?
Берік Қамалиев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің орынбасары:
- Қазіргі таңда жол, көлік инфрақұрылымы нысандарының жолаушыларға қызмет көрсету орындарында көрнекі ақпарат мемлекеттік және орыс тілдерінде беріледі. Ал әуежай мен теңіз порттарында қосымша ағылшын тілінде беріледі. Депутаттар түзетіп отырған заңнамалық актілерді қолдаймыз.
Көрнекі ақпараттың қазақ тілінде жазылуы әрі қатесіз болуы түсінікті. Бірақ құжатта осы қосымша талап бұзылған кезде әкімшілік жауаптылық мүлдем көрсетілмеген. Депутаттар жобаның осы тұсына Мәдениет министрлігінің назарын аудартты. Бұл ретте жұмыс тобы Үкіметке ұсыныстар берген, екінші оқылымға дейін реттелмек. Депутаттар бірқатар ратификациялық құжатты да мақұлдады. Олардың ішінде Қазақстан мен Солтүстік Македония арасындағы адамдарды ұстап беру мен сотталғандарды беру және өзара құқықтық көмек туралы шарттар бар.
Авторлары: Индира Жылқайдарова, Серік Қоңырбаев