Биыл ел қазынасына 12.5 триллион теңге түсуі тиіс
Мәжіліс депутаттарына нақтыланған үшжылдық бюджеттің жобасын таныстырған Қаржы министрлігі осындай ақпаратпен бөлісті. Қаржыгерлердің пайымдауынша, кіріс көлемі бұған дейін күтілген есептен триллионға көп болады. Алайда жыл енді басталды. Халық қалаулылары қаражат көлемін ерте есептеп қойған секілді. Салалық министрлік өкілдері барлық салада өсім болады деген болжам жасады.
«Бірақ бұдан қарапайым халықтың табысы артпайды», - деген депутаттар мен жұмыс тобына кіретін партияаралық кеңестің мүшелері Үкіметке ескерту жасады.
Мұнайдың әлемдік нарықтағы бағасы өскен сайын Қазақстанның да табысы ұлғая түседі. Қаржы министрінің пікірі осыған саяды. Ерұлан Жамаубаев халық қалаулыларына бюджеттегі әр тиынның кірісі мен шығысын баяндады. Ол мемлекеттік қазына қосымша триллиондармен толығады деп топшылайды. Бірақ депутаттар министрдің ойымен келіспейтін сыңайлы. Азат Перуашевтың пікірінше, егер тереңірек үңілсек, мұнайдан түсетін кірістер тапшылығы 10% жоғары. «Тіпті сыртқы қарыздар туралы сөз қозғаудың қажеті жоқ», - деді депутат.
Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Егер Ұлттық банк базалық мөлшерлемені төмендеткенде, Ресейдегідей 9% емес, 4% немесе 5% болса, бізге төлем үшін онша көп ақша қажет болмас еді. Енді менің келесі сауалым мынадай. Мынау пайыздық мөлшерлеме Ұлттық банктың базалық мөлшерлемесінен пайда бола ма?
Жандос Шаймарданов, ҚР Ұлттық банкі ақша-несие саясаты департаментінің директоры:
- Өздеріңіз білетіндей, Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі ағымдағы деңгей мен болжанған инфляция деңгейі негізінде құрылады. Өткен жылы ол 2019 жылғы желтоқсандағы жағдаймен салыстырғанда 5,4%-тен 7,5%-ке дейін өсті. Қазіргі уақытта базалық ставканы төмендету мүмкіндігі жоқ.
Себебі арзан несиелермен депозиттер құнсыздана бастайды. Ал бұл теңгенің тысқа ағылуына жол ашып бермек. Ұлттық банктегілер осылай түсіндірді. Депутаттар инфляцияның көрсеткіші 4-6% деген болжамға күмән келтіреді. Шынтуайтында, қазіргі тоқсан 7% көлемінде аяқталды. Қарама-қайшылық бар, әрине. Партияаралық кеңестің мүшелері сандар сәйкес келмейді деп отыр.
Қуат Күнболатов, ЖСДП президиум мүшесі:
-Инфляцияның 7% қатысты айтарым бар. Бұл көрсеткіш қайдан шыққан және сіз 7% инфляцияға өзіңіз сенесіз бе?
Жандос Шаймарданов, ҚР Ұлттық банкі ақша-несие саясаты департаментінің директоры:
- Бұл шараларды Статистика агенттігіне қарасты стратегия жөніндегі жоспарлау және реформалар ұлттық бюросы қабылдаған.
Халық қалаулылары қойылған сауалға нақты жауапты ала алмады. Қаржы министрлігі қазақстандықтардың қайтіп қалтасы қалыңдайды деген сауалға да үн қатпады. Халық партиясының өкілі Айқын Қоңыров, ақша үнемдеудің тәсілін көрсеткендей болды.
Айқын Қоңыров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Үкімет және мемлекеттік органдарға қаражатты аналитика, әлеуметтану, кеңес беру, имидж және PR-дан үнемдеуге болады. Бұған бөлінген қаржы да ашық көрсетілмейді. Өйткені біз оны құжаттардан таба алмадық. Негізі біз бұл тақырып бойынша депутаттық сауал дайындап жатырмыз, өйткені адамдар наразы.
Мәжіліс бұрынғыдан өзгеше. Бұны партияаралық кеңестің мүшесі «ADAL» партиясының хатшысы айтып қалды. Әнуар Керембаев: «Бүгінде «әдемі» статистикалық мәліметпен таңғалдыру қиын», - дейді. Халықтың қамынан басқа ештеңе жемейтін халық қалаулыларына әр тиынның есебі маңызды болып тұрған сияқты.
Әнуар Керембаев, «ADAL» партиясының хатшысы:
- Партияаралық кеңес шеңберіне Қазақстан Республикасы Парламенті мәжілісіне кірмеген партиялар да қатысуға құқылы. Парламент депутаттары деңгейіндегі топтар және біз осы мүмкіндік үшін алғысымызды білдіргіміз келеді. Біздің сарапшылар тобы бюджетті егжей-тегжейлі қарайды.
Төлеутай Рақымбеков, «Ауыл» ХДПП төрағасының бірінші орынбасары:
- Менің ойымша, партияаралық кеңес жақсы өтті. Бұл оның қажеттілігін дәлелдеді, мысалы, мен өзім Мәжіліске ұсынылмаған «Ауыл» партиясының өкілі ретінде заң жобалары бойынша барлық жұмыс тобына қатысамын.
Көпке де, көзге де көрінбейтін шынайы көрініс әдеттегідей сан соқтырар «сұлу» сандардың ар жағында сығалап қалып жатыр. Мәжілістегі депутаттар бұл жиынды осылай қорытындылады. Бірақ апта соңындағы алғашқы отырыста қаржылық құжаттың әр тармағы талқыланады.